Сыңар аққу
Сыңар аққу
10 жыл бұрын 9087
Рыскүл Шораханқызы

Т а р с... еткен мылтық дауысы. Қалың қамыс іші мылтық даусынан ба, әлде қаңқылдаған қаз даусынан ба  бір түрлі жаңғырып кетті. Шара көзін көктен алмай, зымырап құлап келе жатқан құсқа таңырқай қарап тұр.   Жаңа ғана  көктегі құсты көздегенде жай қаз сияқты еді... Масқара... Мынау аққу ғой!  Сонда ол айналып ұшып жүрген  қос аққу екен ғой! Бұның атқаны аққудың сыңары ма сонда?!...  Әрі қарай  басы айналып, есеңгіреп кетті. Мылтығы қайда?  Қолында  сияқты еді...О, Аллай-ай! Не болып кетті мына дүние?! Көкте  қалықтап, жоқтау айтқандай айналып ұшқан  қудың даусы неткен ащы еді?!..  Тап бір сонау соғыс жылдары өзінің  басына келген зұламат дәл кәзір қайталанып жатқандай. Иә, мына дауыс тап сол кездегі өз дасынан аумайды. Неткен сұмдық! Бұл түс пе, өң бе? ...  Шара есін жиғанда қас қарайып кетіпті. Ауылға қайтар соқпақ  жолды тауып, үйіне әрең жетті. Ештеңеге зауқы жоқ. Төрде жаюлы жатқан көрпенің үстіне қисая кетті. Бар өміріне бүгін нүкте қойылғандай күй кешуде. Көз алдынан бүкіл жарты ғасырдан астам жасаған ғұмыры  парақталып  жатқандай...

Шара дүниеге келгенде  анасы көз жұмыпты. Шараның әкесі ортадан жоғары тұрмысы бар, елге өте беделді, палуан кісі еді. Үлкен апасы Қанипа мен ағасы Ілияс та  Шараны қатты еркелететін. Ағасы  мен әкесі ауыл сыртындағы қамыс арасынан  аң аулағанда Шара соларға  еріп қақпанға түскен  қоян, қарсақ сынды аңдарды босатып алып, ауылға жеткенше ойнап келетін. Алғаш мылтық атуды да  ағасы Ілиястан үйренді.

37–інің зұлапатында әкелеріне «халық жауы» деген дерт жабысып, айдауға кетті. Ағасы «халық жауының »  баласы деп қудалауға түсе бастағанда  көрші жатқан Қарақалпақстан  еліне асып бас сауғалады. Апасы Қанипаның қайын атасы  ел басқарған болыс еді. «Нағыз халық жауы » әрине солар болады. Топ бастап   Қанипаның атасы ату жазасына кесілді. Ол кісінің кіндігінен тараған еркек атаулы  түрмеге қамалды. Қанипа күйеуі екеуі  Өзбекстанды  паналап  аман қалды. Шара да ол кезде бойжетіп қалған . Ауылда қалған бала-шағаны аң, құс  аулап асырап жүрді.  Айдауға кеткен әкесінен хабар жоқ.  Шара көрші ауылда тұратын Жұмаш  деген бозбаламен бас қосып, отау тікті.  Бақыттан басы айналмаса да көңілдері енді тынышталғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетті.  «Отан үшін отқа түс!» демекші Жұмаш та алдыңғы қатарда соғысқа аттанды. Өзінің мылтық ұстай алатынын айтып Шара әскери комиссариатқа келгенде, алдынан «сен «халық жауының» қызысың» деген  айып шыға келді. Амал жоқ Жұмашын майданға аттандырып, тағы жалғыз қала берді.  Кеткеніне  екі жылдай уақыт өткенде Жұмаш ерлікпен қаза тапты деген қаралы  қағаз елге жетті... Сол кездегі жаралы жүректің зар дауысы дәл бүгінгі сыңарынан айрылған аққудың үніндей еді. Айнала қара түнек, жарық дүниеде жалғыз қалғандай қайғы-шер жүрегінде мәңгі қалды.  Әкеден  де хабар жоқ. Бос шаңырақты қашанғы күзетіп отырсын, Өзбекстанға қоныс аударған апасының соңынан бұл да жолға шықты.Сол жақта жүріп автомеханик оқуын бітірді. Кейіннен дүкенде сауда жасауға да үйренген.

Соғыс аяқталған соң , арада біраз жыл салып 55-56 жылдары «халық жауының» ақтау қағаздары да  келе бастады. Шараның да әкесі сол 37-де атылыпты да, кейіннен ақталыпты. Қанипаның атасының да ақтау қағазы қолдарына тиген соң  Өзбекстан жерінен Қазақстанға оралады. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ер адамның істейтін жұмысын  әйелдер көп меңгерген . Шара сол баяғы апасының қасында елге оралған соң автомеханиктік мамандығы бар, сауданы да бір кісідей меңгергені бар автолавка/жылжымалы дүкен/ жүргізуге кіріседі. Алыстағы шалғай  Сарысу, Бетпақдала  қойнауына  қоныстанған қойшы ауылдарды аралап сауда жасайды.  Бала күнінен  машықтанған  аңшылық кәсібін бұл кезде де тастамайды. Ен далада жалғыз келе жатып аң-құстарды ермек етеді.  Соғыстан кейінгі ауыр жылдары  емес пе.  Ел еңсесін әлі көтермеген кез. Шара аңшылық еткен олжасын  бала-шағасы көп, тұрмысы төмен жандарға үлестіріп береді. Ауданға белгілі автолавкашы болды. Жергілікті газет-журналдарға  сирек кездесетін маман иесі ретінде Шара жайлы ылғи мақтау мақалалар шығып тұратын. Үкімет тарапынан да бірнеше  рет марапатталды. Бәрі ойдағыдай. Тек Шараның Жұмашын күтуменен басқа жанға тұрмысқа шықпай, ұрпақ сүймей қалғаны болмаса. Жалғыз бауыры Ілияс сол Қарақалпақ жерінде  үйлі-баранды болып қалып қойды. Апасы Қанипаның балалары  Шараны өз анасындай жақсы көретін. Шара да балаларға өте мейрімді болды. Қанипаның тұрмысы елге оралған соң өте бай-қуатты еді. Жолдасы- Шора   ауданның  белді қызметкері . «Халық жауының» баласы  болған деген желеумен партия қатарына өте алмаса да, елге қадірлі, қызметіне адал азамат болды. Ұзақ жылдар , зейнеткерлікке шыққанша  үлкен шаруашылықты басқарды. Шора зейнетке шыққан жылы Алматыда тұратын қызының күйеуі қайтыс болып, екі баласымен жесір қалды. Шора мен Қанипа енді Алматыға қарай қоныс аударуды жөн санады. Шараның да зейнеткерлікке шыққан кезі еді бұл.  Оның бар арманы баяғы ата қонысы Сыр өңіріне қайтып барып, өмірінің соңына дейін сол жерде  ғұмыр кешу.  

Ежелгі аңшылық кәсібін ермек етіп, елдің ішінде мамыра-жәй күн кешіп жүргенде дәл бүгінгі оқиғаға тап болды.  Бар ғұмырына...  аңдамай атылған жалғыз оқ нүкте қойғандай... Аққудың киесі бар деуші еді... Сыңарынан айрылған аққудың зарлы үні құлағынан кетер емес... Басы мең-зең.

Сол күннен бастап Шараның көз жанары суала бастады. Әсіресе өмір бойы  мылтық көздейтін оң көзі солқылдап ауырғанда жанын қоярға жер таппайды. Алматыға көшіп кеткен Қанипаға хабарласып, дәрігерлерге қаралуды  ойлады.  Науқасы оңай болмай шықты. Қанипа мен Шора да жандары қалмай, ең білгір деген дәрігерлерге тексертіп, амал жоқ ауруханаға жатқызуға тура келді.

Алматының төріндегі  ауруханада жатқанына да  бір айдың жүзі болыпты. Туыстары күнде көңілін аулап бір келіп кетеді. Дәрігерлердің қойған диагнозы ауыр.  Қанипаның кенже қызы Балапан десе Шараның көңілі ерекше. Екеуінің әңгімесі жараса кетеді. Шара осыдан аман-есен жазылып кетсем,  Балапанды Қанипадан сұрап алып елге әкетсем деп қиялдап та қоятын. Бір күні түс көріпті. Сол түсін Балапанға ғана айтты. Түсінде екі қоян атып алыпты.   Дерті қанша ауыр болса да Шара ертеңгі күніне үлкен үмітпен, жазылармын, еліме аман-есен оралармын деп  сенетін. Сол көрген түсін Шара «Мен екі айдан соң жазыламын, екі қоян  екі ай ғой. Мен міндетті түрде жазыламын,- деді Балапанға. Балапан ол кезде 9- сыныпта оқитын. Бала жүрек  естіген қуанышын  сүйіншілеп  әкесі мен анасына жеткізді. Күнде келіп Шара апасның шашын тарап, ас-суын ішкізіп жағдайын жасайды.  Апасының көрген түсі  тап келгендей тура екі айдан соң... бірақ керісінше Шара апа дүниеден озды. Қасірет жұтып, туған туыс шулап қалды. Өзінен тараған ұрпағы болмаса да Қанипа апасы мен оның бала-шағасы арулап шығарып салды.  «Кеңсайдан» орын бұйырып, басына құлыптас қойылды.

Қайран, Шара! Өмір бойы  сыңар аққудың күйін кешіп, соңында  сол аққудың киесінен ажал тапты ма,  кім білсін!!!

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.2
58 дауыс
0 пікір