«Олар түйеге қалай жаратылғанына қарамай ма?..»
(«Әл-Ғашия» сүресі, 17-аят)
Ұлжан жасы алпысты алқымдап қалған орта бойлы, маңдайы ашық, қараторы әдеміше келген әйел. Шашының бір-екі талының қырау шалғаны болмаса әлі де қап-қара. Екі түс керемет үйлесім тауып, әйелдің көркін тағы да аша түскендей. Дегенмен, шашының маржандай қаралығын асыл жары Наурызбайдан басқа ешкімге көрсете де қойған жоқ. Өйткені келін болып түскелі бір сәт болса да басынан орамалын еш тастаған емес. Наурызбайдың етегінен ұстаған соң, Қызылқұмның қақ ортасындағы Түщықұдық ауылына қызмет бабымен келді. Күйеуі ауыл медпунктіне фелдьшер болып орналасса, Ұлжан мектепке ағылшын тілі пәнінің ұстазы болып жұмысқа қабылданды. Үлкен ұлынан басқа ұл-қыздары осы жерде дүниеге келіп, қызығы мен шыжығы көп күндер артта қалды. Тынымсыз еңбектің арқасында ұжымында сыйлы ұстазға, ауылдастары арасында үлгілі келінге (анаға) айналды. Содан бері арадан 30 жылдай уақыт өте шығыпты. Енді, міне сонау алыстағы Алматыға көшкелі отыр. Өйткені ержеткен ұлдары сонда оқып, жұмыс бабымен үлкен шаһарда қалып қойды. Кенжесінің өзі оқуға сонда түспек. Байқап қараса, отағасы екеуі ғана сопиып қалмақ екен. Бармасқа амал жоқ. Оның үстіне соңғы кездері Наурызбайдың да ыңқыл-сыңқылы көбейіп, аурушаң болып барады. Ертерек емдетпесе, жазылатын түрі көрінбейді. Содан: «Не де болса қалған өмірімді перзенттеріммен бірге өткізейін» деген шешімге келіп, жақын күндері алып шаһарды бетке алмақ. Дегенмен, қоныс аударатын күн жақындаған сайын жүрегі мазасызданып, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алар емес. Қимас көрші қолаңын, ағайын-туыстай болып кеткен ауылдастарын қалай тастап кетпек? Әсіресе, төрт түліктің төресі болған түйелерін қимайды. Соны ойлағанда жүрегі сыздап, оқтын-оқтын шаншығандай болды.
Ол кезде күйеуі Наурызбай екеуінің қылшылдап тұрған жас кездері, отызға да тола қоймаған болатын. Аудандық атқару комитетінің (бүгінгі аудандық әкімшілік) шешімімен сонау шалғайдағы Тұщықұдық фермасына қызметке келді. Тұшықұдық 40-50 ғана үйі бар, шағындау келген нағыз қазақи ауыл болып шықты. Қызылқұмның ортасында орналасқан, айнала сексеуілі қалың құтты бір мекен екен. Тура жердің жәннаты ма дерсің. Әсіресе түнін айтсайшы. Мүлгіген тыныштық. Аспандағы жұлдыздардың жақыннан анық көрінетіні соншалық, сұлулығына қызығып, ақырындап санай бастағаныңды сезбей де қаласың Жергілікті шайырдың:
Маған Мекке, Мәдина,
Венеция, Париж не?
Туған жердің төсіндей ыстық емес, әрине.
Жан анамдай туған менің байтағым.
Жердің жәннат-жұмағы Қызылқұм деп айтамын» деп жырлағаны тегін емес сияқты. Тау-тау болып үйілген құмдарын жел аймалап, сүйіп өткенде құлаққа жағымды ызыңдаған әуені адамның сай-сүйегін жібітіп, балқытып жіберетіндей. Қайта-қайта елеңдеп, құлағыңды түресің, Тұщықұдық тұрғындарының негізгі кәсібі қой шаруашылығы. Ауылдың төңірегінде 30-астам құдықта соншама шопан ферманың қойын бағады. Наурызбай қызметіне кірісе салысымен, ең бірінші жұмысты сол малшылардың үйін аралап, өздері мен балаларына ем-дом жасаудан бастады. Кейде осылай жүріп, бірнеше күн үйге де қонбай қалатын. Тумысынан шаруаға бейім күйеуі осындай бір сапарында 20 шақырым қашықтықтағы Үштөбе деген ауылдан бір боталы аруананы үйге жетектеп әкелмесі бар ма? Аудан орталығында тұрған Ұлжанның аздап шаруаға икемі болғанымен, өмірінде ойсылқара тұқымын бағып көрді дейсің бе? Алыс жолдан шаршап-шалдығып келген жарының алдынан апыл-ғұпыл жүгіріп шығып:
– Отағасы- ау! Үйде сиырда, қой мен ешкі да бар емес пе?! Мен бұл малыңды қалай қараймын. Өзің от басы ошақ қасында көп бола да бермейсің, – деп өкпелегендей сыңай танытты. Ұзақ жолдан қиналып жетсе де байсалды қалпын өзгертпеген Наурызбай:
– Айналайын, Ұлжан! Бұл атам қазақ ойсылқара деп атаған қасиетті жануар. Түйені бағып-қағудың еш қиындығы жоқ. Ботасы қорада тұрғанда күніне екі рет өзі келіп, сауғызып кетеді,– деп жұбатқандай болды.
Сонымен, не керек ботасына мал қорадан орын дайындалып, күтімге алынды. Мына жалғанда ботаның жәудіреген көзінен әдемі ештеңе жоқ шығар, сірә. Адамға сондай мейірлене қарағанда , жан-дүниең толқып, ерекше күйге бөленесің. Өзі сондай әппақ әдемі, әрі еркетотай. Енесі өрістен келгенде Ұлжан қораның есігін ашар-ашпас далаға атылып шығады да бүкіл үй мен қора қопсыны екі -үш рет бар екіпінімен айналып шығады. Ентігін басқаннан кейін ғана енесіне жақындап, еме бастайды. Ұлжан көрші әйелдің айтуымен, түйе саууды да лезде үйреніп алды. Аруана шіркін түйенің асылы ғой. Күніне бір шелек сүт береді. Қою сүтін шайға қатып ішсең, бал татиды. Шұбатын айтпаймысың? Бала- шағасы, қала берді көрші қолаң мен қонақтар жанға шипа, дертке дауа шұбатты ішіп, бір жасап қалатын. Бірақ, көрші ауылдан әкелінген аруанасының көзінде бір мұң барын жас келіншек алғашқы күндері-ақ байқаған болатын. Өзін алып келген ауыл жаққа қарай үнемі боздайды да тұрады. Арадан уақыт сырғып өте берді. Ботасы тайлаққа айналып, аруанасы да суалды. Содан небары бірнеше күн өткенде шалқұйрығы бір күнде көзден ғайып болды. Отағасы мен ересек ұлдарының іздемеген жері жоқ. Бірақ, сайда саны, құмда ізі жоқ. Тек арада бірер күн өткенде ғана жоғалған малы Үштөбеден табылды. Мұны естіген ауылдағы көпті көрген бір ақсақал: «Наурызбай балам, Ойсылқараның туған жерге деген махаббаты адам баласынан да күшті. Оны ауылға әкелгеніңмен, қайтадан сонда қашып барады. Шалкұйрығыңды бұл жерде ұстап тұрған ботасы ғана болатын. Сондықтан, әкелмей-ақ қой,жүре берсін. Таныстарың көз қырын салып жүре тұрсын. Тағы да боталаған кезде барарсың», – деп ақылын айтты.
Келіншегінің ойсылқара тұқымына деген оң қөзқарасын сезген Наурызбай аруанасы кетіп қалғаннан кейін, ірі денелі нар мая әкеліп берді. Онысы мінезділеу болып шықты. Артқы бір аяғын байламасаң сауғыза қоймайды. Байлады деген аты. Тек ғана ырымын жасап жіпті аяғын бір айналдыра , тастай салсаң болды. Бұл түйенің тағы ерекшілігі сол алғашқыда өзінен басқа ешкімге сауғызбай жүрді. Ұлжанның күнделікті мектептегі сабағы, келімді-кетімді қонағы бар дегендей қолы босай қоймайды. Сондай кезде көрші әйел келіп, саууға ыңғайлана бергенде тебуге оқталып, оқыс қылық шығарған. Дегенмен, ақылды жануар емес пе? Әлгі көрші келіншек Ұлжанның халатын киіп, тағы да саууға келгенде иесі емес екенін сезгенімен , көз қырын бір салып қойып, білмегенсіп тұра береді.
Аруанасының кетіп қалғанына ойланыңқырап жүрген Наурызбай енді өзінің ауылынан екі ұрғашы бота сатып алып, асырауды көптен бері санасына түйіп жүрген. Өйткені, бота қай жерде туылса, сол маңнан ұзап кетпейтінін ерлі-зайыптылар жақсы түсінді. Әлгі аруана сияқты Қызылқұмның шағылдарының қай қыйырынан іздеп жатасың? Бұл кезде үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы да есейіп қалған болатын. Ұлжанмен ақылдаса келе ауыл шетінде тұратын жарты ғасырдай мектепте ұстаздық еткен Жаңабай ақсақалдан екі бота алуды жөн деп шешті. Жаратқан Ием жар болып, сол жылы қарияның екі асыл тұқымды інгендері қатар боталап, сатпақшы екен. Дереу саудасын шығарып, ұлдарымен бірге үйіне жетектеп келді. Балаларына да ермек табылды. Қолдары қалт еткенде ауылдан шеткерірек апарып, тұсап келеді. Мектептен келген соң, сол маңнан қайта алып келеді. Тұсай алмаған күндері жақын жердегі сексеуілдің шырпысын әкеліп береді. Өріске барарда, қайтарда ұлдары мойындарына асылып, үстіне мініп, әбден боталармен ойнайды. Құласа да денелеріне зақым келмейді. Себеб, құм өте жұмсақ, денеңе де жұқпайды. Қойшы әйтеуір, боталар да Ұлжан мен ұлдарына бауыр басып, отбасының бір мүшесіне айналып кеткендей болды.
Бүгінде сол боталары екі-үш туған інгенге айналған. Ұлдары ержетіп, қалаға кеткен соң жануарлар Ұлжанға тіпті жақындай түсті. Әр сауғанда еміреніп тұрып иесіне қарайды. Көздері құдды адамның екі жанары сияқты. Соңғы күндері олар да бірдеңені сезетіндей қораны айналшықтап, алысқа ұзап кетпейтінді шығарды.
Наурызбай қалаға көшетін болғандықтан мал-мүлкі мен заттарын бір жыл бұрын жайлап сата бастаған. Үйдің де бағасын шығарып, жақын бір жамағайынға қалдыратын болды. Бүкіл дүние-мүлкін саудалағаннан соң кезек шалқұйрықтарға келді. Үштөбеге кеткенін сонда тұратын бір кісіге сатты. Ал, нар маясымен бота кезінен асыраған інгендерін қинамайын деген оймен ауылдың адамдарына қалдырғанды жөн көрді.
Мамыр келіп, күн жылынғасын қаладағы ортаншы ұлы Ерсайын әке-шешесін көшіріп әкетуге Тұщықұдыққа келді. Бүкіл ауыл тұрғындарын шақырып, бірнеше қойды құрбандыққа шалып, құдайы тамақ беріп, олармен қимай қоштасты. Әсіресе қаншама жыл бірге тұрған көршілері жылап, жиналған көпшіліктің көңілі босап сала берді. Алайда, жолға жиналып қойған. Кетпеске шара жоқ. Ақырындап жүктерін көлікке тиеп, жайлап қозғала бергенде, алыстан екі-үш түйенің бүкіл ауылды басына көтере боздаған дауыс естілді. Сөйтсе, бота кезінен асыраған екі інгені екпіндете ауылға қарай жүйткіп келеді екен. Жерді қарпып шапқандары алыстан естілгенде құлағың тұнады. Қараған адамға түрлері сондай қорқынышты, әрі аянышты. Кішкентай сәбиін анасы айдалаға тастап кеткендей әсер қалдырады. Ауыздарынан көбік атқылап, көздері мөлтілдеп, көлікке қарай шауып келеді. Жануарлар жиылған көпшілікке жақындай бергенде жанарларынан аққан жасты ауыл адамдары түгел байқады. Ащы дауысқа шыдай алмған Ұлжан жүргізушіні тоқтатып, ағыл-тегіл жылап, түйелеріне қарай жүгірді...