Үш бидің көңіл айтуы
Үш бидің көңіл айтуы
8 жыл бұрын 10232 namys.kz

ХІХ ғасырда Ұлытау өңірін дара билеген Ерден Сандыбайұлы (18081862) дейтін атақты шұбар балақ шонжар өткен.  Ердекең ел қорғаған батыр, аға сұлтан, дуанбасы болған адам.  Бағаналының төрт босағасының бірі атанған Сандыбай бидің баласы. Өз заманында  ол орыс билеушілерімен де, ұлт-азаттық қозғалысын басқарған Кенесары ханмен де тіл табысып, жақсы дипломатиялық қарым-қатынаста болған.

Бірде батырдың Бәйменді дейтін баласы дүниеден өтіп, Ердекең бойын көтере алмай, жер бауырлап жатып қалады. Ерденнің еңсесі түскені жайлы хабар алты алашқа тарайды. Содан батырға көңіл айту үшін арғын Шоқай би, қыпшақ Досбол датқа, атақты би бағаналы Қарамең де келеді. Үшеуі келіп сәлем берсе Ерден сәлем алмақ тұрғой басын көтермейді.

Сонда Қарамеңде би:

Ей, Ерден, хан емес, қара едің ғой,

Қарадан туған нар едің ғой,

Кешегі Сандыбайдың заманында,

Мына мен бар едім ғой,

Сен жап-жас бала едің ғой,

Бір баласы үшін,

Ерден бүйтіп бүгіліп жатыр деген,

Сырттан қарағанда, ар еді ғой, – деп бір тоқтайды. Ерден басын көтермей жата береді. Сонда Шоқай би:

Ау, шырағым, Ерден!

Кеткенің бе, кердең,

Әкең Сандыбай да өлген,

Оны мына Шоқай көрген,

Көтер басыңды! – дейді. Ерден былқ етпейді. Сонда Досбол датқа:

Уа, Ерден өлмесе қайда кетті,

Бұрынғының кәрісі,

Пайғамбар, шадияр, бәрісі,

Өлген жан қайта келмейді,

Өлім жолдың ең алысы,

Ей, Ерден басыңды көтер жерден,

Қолыңды әкел бермен, – дейді. Осы сөзден кейін Ерден басын көтеріп, үш биге қарап былай депті:

Өлген жанды қайтарам деп,

Жатқаным жоқ,

Әкем Сандыбай да өлген,

Оны қолымнан көмгем,

Айтылатын сөз айтылмай,

Келетін сендер келмеген соң,

Наз ғып жатқыным ғой… – деген екен.

Бұдан кейін Досбол шешен үшеуінің атынан:

Бәрекелді, Ерденжан,

Қадамыңа нұр бітсін,

Жақсы атан басқа ұрса да, бақырмайды,

Жақсы жылқы жетелесең тартынбайды,

Туғанына ел қуанды,

Қойына алып көр жұбанды,

Балаң шапағатшы болсын! - дейді.

3 пікір
  • Паһ, шіркін! Неткен асыл сөздер еді?! Мен бір әңгіме оқып ем. Соны сала қояйын. Қазақтың дана, тегі асыл екенін дәлелдейтін оқиға. Абай атам аяулысы Әбіштен айрылып, қан жұтып отырғанда, найманның бір топ баласы көңіл айтуға келеді. Сонда байжігіт руының мырзасы Тана былай депті: Абай, өзіңіз де талайды жұбатып ақыл айтқан едіңіз.
    Алладан әмір келсе, тасың тұрмақ асқар тау құлар, Алладан әмір келсе кәрің тұрмақ, жас сұлар ,тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ. Өлмейтін өмір, сынбайтын темір жоқ.
    Аққу ұшып көлге кетті , ақсұңқар ұшып шөлге кетті. Әбіш ешқайда кеткен жоқ, «адамзат» баласының барлығы дерлік баратын жерге кетті. Хан қайғы жқтса да, қайғысын елге білдірмес -деген .
    Біз сізге көңіл айтып, жұбатқалы деп келіп отырмыз, біздің келуіміз сізді жылату емес , уату. Өзіңіз айтқан екенсіз: "Расулды алған бұл өлім, кімнен жөнді сұрайды?" ,-депсіз. Сабыр етіңіз , Әбіш сынды аяулы, білімді баладан айрылу сіз үшін тұрмақ, адам қадірін білетін жандар үшін үлкен қайғы ,орны толмайтын аза"-дей келіп, көзіне ыстық жас алған екен дейді. Содан қазақтың асылы, жауһары Абай басын көтеріп келгендердің сәлемін алған деседі.
    8 жыл бұрын
  • Cөз қадірін түсіне білген асыл адамдарғой!!!
    8 жыл бұрын
  • Не деген асыл сөздер десеңші,қәзір мұндай жылы сөзді есту қиын шығар!
    8 жыл бұрын