Қазақ түсінігіндегі қабір әлемі қандай?
Қазақ түсінігіндегі қабір әлемі қандай?
5 жыл бұрын 5291
Шәмшат ӘДІЛБАЕВА

Қабір – ақыреттің алғашқы аялдамасы. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қабір – ақырет аялдамаларының алғашқысы. Кімде-кім осы аялдамадан аман-есен өтсе, кейінгі аялдамалардан да аман-есен өтеді. Ал өте алмаса кейінгілерді өту одан да қиын болады», (1) − деп айтқан.

«Жанашырың құтқарса да жаладан, құтқара алмас моладан» – деп халқымыздың айтқанындай, қабір әлемін бастан кешіру адамдардың бәріне тән құбылыс. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Адам баласы қабірге жерленгеннен кейін «Мункәр» мен «Нәкир» деп аталатын екі періште келіп «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дінің не?» деген сұрақтар қояды. Сұраққа жауап берген адамдар қабірінде жайлы жатады. Сұрақтарға жауап бере алмағандарға қабір азабы басталады. Қабірдегі осы сұрақ жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.)«Құл қабірге жерленіп, ағайын-достары кері қайтқанда мәйіт олардың қадамдарының дыбысына дейін естіп жатады. Сосын оған (Мүнкәр, Нәкир) деп аталатын екі періште келеді. Олар мәйітті отырғызып, сұрақ қоя бастайды...»; 

«Құл өлген кезінде қара түсті, жасыл көзді екі періште келеді. Біреуі – Нәкир, екіншісі – Мүнкәр...», (2) −деген.

Сондай-ақ тағы бір хадисте: «Сендердің біреуің өлген уақытта оған таңертең және кешкісін отыратын жері көрсетіледі. Егер жәннаттық болса, жәннат көрсетіледі. Егер тозақтық болса, тозақ көрсетіледі. Сосын оған, міне, Алла сені қиямет күні қайта тірілткенге дейін отыратын жерің осы делінеді», (3)− деп баяндалған.

Қабір азабынан мұсылмандар да шет қалмайды. Бірақ, олар үшін қабір азабы осы дүниеде жасаған күнәларын жуу болып табылады. Қабір азабынан кейін де күнәлары қалып жатса, ендігі жерде олардың жағдайы Алланың алдына есеп беруге барған кезде шешіледі. Осы хадистерде айтылған Мүнкәр және Нәкир періштелердің сұраққа алатыны, сұрақтан өте алмағандарға қабір азабының басталатынына сенген халқымыз:

Кім қалар өлшеулі өмір толған күні,

Кім жолдас көрде жалғыз қалған күн.

Білгіш деп қызыл тілім сонда айтармын,

Сайрасаң Мәңкір-Нәңкір сұраған күн; (4)

Бір төбенің басына

Апарып тастап кеткен соң.

Мәңкүр-мүңкір жетеді,

Уақтылы күнің жеткен соң; (5)

Ел-жұртым жиылып көмді, – дейді,

Құдайым қатты азап берді, – дейді.

Ел жұртым қырық қадам кеткеннен соң,

Басыма екі кісі келді, – дейді; (6)

Жауабын Мүңкір-Нәңкір бергіз Алла!

Азаптан қабір сақтап, көрсем енді, (7) – деп өлең жолдарына өріп, ақиқатты аша түседі.

 

1. Имам Суюти, Кабир алемі, 200-б, Стамбул, 2000.

2.  Ғазали, Ихия, IV, 899-б.

3. Бухари, Жәнайз, 1379.

4. Ай, заман-ай, заман-ай, II, 277-б.

5. Бабалар сөзі – даналық көзі, 78-б.499 

6. Бабалар сөзі, II, 41-б.

7. Нұржан, Алаш, 78-б.

0 пікір