"Алашорда" Түркістанмен бірігуге қарсы болды ма?
"Алашорда" Түркістанмен бірігуге қарсы болды ма?
6 жыл бұрын 3309
Нұрбек БЕКБАУ

"Арбаны сүйреу үшін, түйеге, есектің көмегі керек емес". Осы сөзден кейін, мен Алашордашылар тек қана қазақтың ғана қамын ойлаған, ал туысқан өзбек, қырғыз, түрікмен өз күндерін өзі көрсін деген ойда болған деп, ойлаушы ем. Қателесіппін.

 Ақан Сері жайлы ескі фильм есіңізде ме?! Сол кинода, екі қуыршақ күресіп жатушы еді ғой?! Кейін, сол екі қуыршақ құлайды да, ішінен бір адам шығады емес пе?! Алаш Орда және Түркістан мемлекеті де БІРЕУ екен. Тек, сырт көзге екі түрлі ел боп көрінген, көрсеткен. 

Мынау қызықты қараңызшы. Өзбек, қырғыз, қазақ, түрікмен халықтарын біріктірген Түрікстан мемлекетінің басшылары кім болды? Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай. Екеуі де ҚАЗАҚ. Қызығы екеуі де, Түркістанның басшылары бола тұра, Алаш үкіметінің мүшелері болған. Әлем тарихында, бір адам екі елдің үкімет мүшесі болды деген дерек бар ма?! Ал, бұл не деген сөз? Яғни Түркістан - Алаштың филлиалы іспеттес болғаны ғой. 

Бұл ойды, Башқұрттың көсемі Ахмет Закидің мынау бір естелігі қуаттай түседі: "Түркістан мемлекетін құру туралы ең алғашқы идея Қоқан аласында емес, одан да бұрын Орынборда шешілді. Осы идеяның авторы Әлихан Бөкейхан және Мұстафа Шоқай болды. Алайда, бұл кездесу, уағда өте құпия өтті. Шоқай Қоқанға барып, іле Түркістан автономиясын жария етті",- деп жазады.

Былайша айтқанда, Әлихан Бөкейхан һәм Алашордашылар ешуақытта ҰЛЫ ТҮРКІСТАН идеясынан бас тартпаған. Қайта сол идеяның негізгі авторлары болған. Алайда, "біз туысқан өзбек-қазақ, түрікмен-қырғызды біріктіріп бір мемлекет жасаймыз", деп жер-көкке айқайламаған. Олай істесе, бұл идеяны орыстар жөргегінде тұншықтырар еді. Алашордашылар айлаға басты. Әлгі "арбаны сүйреуде түйеге ешектің қажеті жоқ". "Түрікстан жұрты тым діншіл, бізді артқа сүйрейтін болады"- деген сөздері арқылы, большевиктердің қырағылығын сейілткісі келді. Бірігуге қазақтың өзі қарсыдеп ойлап қалуы үшін, әдейі солай жазды, солай сөйледі. Мұның бәрі саяси ойын еді.

Мемлекет атауын неге "Қазақ" емес, "Алаш" деді?

Сосын "Алаш" деген атауға зер салайықшы. Әлихандар қазақтың ғана қамын ойласа, неге мемлекет атын, үкімет атын "ҚАЗАҚ" деп қоймады? Неге күллі түрік баласын біріктіруге шақыратын есім-ұранды алды? Әне, көрдіңіз бе? Болашақта қазақ-өзбек, қырғыз, түрікмен жұртын, одан қалды башқұрт-татар ұлттарын бір ту астына жинамақ болды. Сол үшін де, "Алаш" деген ортақ атауды алды. Өзбек, түрікмен, қырғыз жұртының басшылығына қазақтың оқыған азаматтарын көтеріп, сырттай қатысы жоқ, керек болса олардың ұстаным-бағыттарына қарсы сияқты кейіп көрсетіп жүрді. 

0 пікір