«ҚҰРАН ОҚЫСА ТІЛІ ШЕШІЛЕДІ!»: Мысырлық мылқау жігіттің таңғажайып оқиғасы
«ҚҰРАН ОҚЫСА ТІЛІ ШЕШІЛЕДІ!»: Мысырлық мылқау жігіттің таңғажайып оқиғасы
2 сағат бұрын 179
islam.kz

Мысырлық жас жігіт Абдуль Кәрім Мухсиннің оқиғасы қазіргі заманғы медицина үшін түсіндіруі қиын құбылыстардың бірі болып отыр. Күнделікті өмірде сөйлеу қабілетінен айырылған (мылқау) және ымдап, қол ишарамен сөйлейтін жанның тек Құран оқыған сәтте ғана тілі шешіліп, дыбысының анық шығуы халықаралық БАҚ пен әлеуметтік желілерде үлкен талқылау тудырды. 

Абдуль Кәрім тумысынан мылқау емес екен. Белгілі бір жасқа дейін ол қатарластары сияқты еркін сөйлеген. Алайда, басынан кешкен ауыр дерттен немесе жарақаттан кейін оның сөйлеу ағзасы зақымдалып, қарым-қатынас жасау қабілеті тоқтаған. Ол айналасын естиді, бірақ жауап қайтару үшін тек ым-ишараны пайдаланады.

Мамандар бұл жағдайды физиологиялық тұрғыдан нақты түсіндіре алмауда. Себебі, сөйлеуге жауапты ағзалар (речевой аппарат) зақымдалса, ол кез келген мәтінді оқуда қиналуы тиіс еді. Бірақ ол Құран оқығанда тіпті әйгілі қарилардың мақамын салып, өте таза дыбыс шығарады.

Бәрі түстен басталған

Абдуль Кәрімнің өзі және оның бауырлары берген сұхбаттарында бұл қабілеттің пайда болуына себеп болған ерекше жағдай айтылады. Оның баяндауынша, бәрі көрген түсінен (аяннан) басталған екен.

АбдульКәрімнің айтуынша: түсіне бір ақ шапанды, ақ сақалды кісі келіп: «Мұнда кел, Құранды аш, күнде кешке бір аяттан оқып тұр!» деп бұйырыпты. Түсінде көрген бойшаң, әрі, ақ шапанды, ұзын ақ сақалы бар, басында тақиясы бар кісі көрінгеннен кейін, мүлдем тіл қата алмайтын жігіт Құран оқыған тұста тілі шешіле бастаған. (Төмендегі видеоны қараңыз).

Бұл дерек Амр Эль-Лейсидің бағдарламасында да, басқа да араб тілді телеарналарға берген сұхбаттарында да айтылады. Оның жақындары бұл түстен кейін Абдуль Кәрімнің Құранға деген ықыласы артып, тіпті атақты қарилардың (мысалы, шейх Әли Жабир) дауысын айнытпай салатын деңгейге жеткенін растайды. 

Бүгінде бұл жігіт Мысырдағы түрлі рухани жиындарға қатысып, Құран оқиды. Оның оқиғасы — таңғажайып жағдай болып саналады. Мұндай таңғажайыптың бойында көрініс тапқан Мухсин ғана емес, әлемде тек Құран оқығанда ғана тілдері шешілетін адамдар бар. Мамандар мұны мидың діни мәтіндерге жауап беретін арнайы бөлігінің белсенділігімен түсіндіргісі келсе, халық бұл жағдайды шынайы аян мен Құранның шипалық қасиеті деп бағалайды. 


Дереккөз: "Вахид мен эль-нас" (Amr Ellissy) ток-шоуы, Yeni Şafak (RU), Al-Arabiya материалдары.

 

0 пікір