Наурыз күні істелетін ғұрыптар
Наурыз күні істелетін ғұрыптар
5 жыл бұрын 3015
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

Наурыз – қазақ күнтізбесі бойынша жаңа жыл, яғни, көктем мерекесі. Дала төсінде қой қоздап, бота боздап, тың тіршілік басталатын береке мен мерекенің айы, сондай-ақ, халықтық той күні есептеледі.

Наурыз əрбір қазақ отбасы үшін ерекше қастерлі, ерекше қасиетті күн саналады. Себебі, наурыз асынан дəм татқан адам тағы бір жасқа шықты деп есептеледі. Наурыз күні адамдар арасындағы өкпе-реніш, өштік-қастық түгел кешіріліп, қам-қайғы ұмытылып, кəрі-жас шат-шадыман бейнеде барын киіп, тəтті-дəмді, жылы-жұмсағын қазанға салып пісіріп, көпшілікке дəм татқызып, барлығы мереке шаттығына бөленді. Кездескендер бір-бірімен қуана амандасып:

– Жасыңыз құтты болсын, өміріңіз ұзақ болсын! Ұлыс басты болсын, төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін, пəле-жала жерге енсін! – деген сияқты игі тілектер айтысып, бір-бі- рін ынайы құттықтап, ерлер қос қолдап амандасып, төс соғыстырады (қауышады), ал, əйелдер бір-бірімен құшақтасып, беттеріне-беттерін тигізеді. Сөйтіп, наурыз күні үлкен-кіші, кəрі-жас мəре-сəре шаттыққа бөленеді.

Наурыз күні ел-жұрт «Ұлыстың ұлы күні» деп орындарынан ерте тұрады. Ерлер қолдарына кетпен-күрек, қыз-келіншектер əртүрлі азық-түлік, сусын алып далаға шығады да, «бастау көрсең көзін аш» деп, төңіректегі бұлақтардың көзін тазалайды. Қариялар «атаңнан мал қалғанша – тал қалсын», «бір тал кессең, Наурыз күні он тал ек» деп, өзен мен бұлақ бойларына ағаш егеді. Одан соң «кеудесі түкті, жан-жануар, өсімдікке жүкті Жер-ана, құт дарыт, жарылқа!» деп, аршылған бұлақ көздеріне май тамызып, жаңа отырғызылған ағаштарға ақ бүркеді.

Қазақ халқы Наурыз күнін береке мен мерекенің, қуаныш пен шат- тықтың күні жəне қара жердің иіген қасиетті күні есептейтіндіктен, бұл күні ешкім түс шайысып, бет жыртыспайды. Хан мен қараның, шал мен баланың терезесі теңеліп, бір дастарқанда қатар отырып тамақтанып, күліп-ойнап көңіл көтереді. Өкпе-реніш, тіпті, өткен өш, кеткен кек кешіріледі. Суық сөз, сумақы қылық доғарылады. Ақсақал- дар мен билер көк төбеге жайылған «береке дастарқаны» үстінде бас қосып:

– Ал, ағайын, ақылдасайық! Арамызда жарым көңіл жесір, шер көкірек жетім жоқ па, кемдік, қорлық көріп жүрген кімдер бар? – деп, ел ішінде азып-тозып жүргендерге ақыл-көмек көрсетеді. Араздасып, бір-біріне қырын қарап жүрген адамдар мен ауылдарды бір араға бас- тарын қосып, береке дастарқанынан дəм татқызып татуластырады.

Одан соң: «Қисыны келмей, үйлене алмай жүрген кімдер бар? Қатын-баласын аздырып, отбасын тоздырып жүргендер бар ма?» – деп сұрау салып, үйлене алмай жүргендерді үйлендіріп, берекесі кеткендерді жөнге салып, кейбір жетім-жесірлерге отау көтеріп береді. Одан кейін «бетке салық, сүйекке таңба болмасын» деп əл-ауқаты нашарлап, қайыршылық шегіне жеткен кедей, мүгедек жандарды ауқатты, бардам кісілерге жəне туыс-туғандарына бағып-қағуға тапсырып, түрлі пəле-қаза, өрт, жұт жəне нəубет, зұлыматқа ұшырағандарға жылу жиып беріп, олардың отбасы тыныш, бала-шағаларының бақытты өмір өткізуіне мүмкіндік жасап береді.

Ал, сотқар-сотанақтар мен ел ішіне ірткі салған басбұзарларды көп талқысына салып тектеп, жақсы адам болу жөнінде олардың аузынан көп алдында уəде-серт алады, тіпті ант ішкізеді. Сөйтіп, наурыз күнін мереке мен қуаныштың, береке мен бірліктің, татулық пен достықтың күніне айналдырады.

0 пікір