«Адам кіші күнәлары себепті де жазалануы мүмкін...»: Имам Нәсәфи
«Адам кіші күнәлары себепті де жазалануы мүмкін...»: Имам Нәсәфи
2 жыл бұрын 3188
Абдусамат Қасым
  •  «Алла Тағала өзіне серік қосқандарды кешірмейді. Одан басқа кіші және үлкен күнәларды қалаған пендесінен кешіреді».

Алла Тағаланың өзіне серік қосып, тәубеге келмей өліп кеткен пендені кешірмейтіні жөнінде мұсылмандардың ижмасы бар. Осындағы «серік қосу» сөзіне тек пұтқа табынушы мүшріктер ғана кіре ма, дегенге дін ғалымдары: «мұндағы «ширк» сөзіне – барлық күпірлік атауы кіреді» деген. Оның ішіне – мұнафиқтық, мүрдәдтік, бөтен дінді ұстанушылық, атеистік, деистік т.б. кәпірлік түрлерінінің бәрі кіреді. Ал аятта «өзіне ширк қосқандардың басқасы...» деп, «ширк» сөзінің қолданылуының себебі - Ислам келген қоғамда өмір сүрген арабтардың дені пұтқа табынушы мүшрік еді, сол себепті аятта «ширк» сөзі қолданылған.

Осында мынадай сауал туындай: "Алланың өзіне серік келтірушіні кешірмейді" деген ескертуі баста ширк жасап, кейін мұсылман болып тәубеге келгендерге де қатысы бар ма, оларды да кешірмейді ме?  Бұған жауап: баста пұтқа табынса да, тәубеге келіп, Исламға кіріп, бір Аллаға сыйынып, мұсылман болған күйі жан тәсілім етсе, оның бұрынғы жасаған күпірлігі мен ширк амалдары кешіріледі. Аяттағы «өзіне серік қосқандарды кешірмейді» деген сөзі мұсылман болмай сол күйі кәпір болып өліп кеткендерге қатысты. 

  • «Кіші күнә себепті де жаза берілуі - мүмкін жағдай (яғни, мүлдем жаза берілмейді деп айта алмаймыз). Сондай-ақ, үлкен күнәлардың кешірілетіндігі де мүмкін жағдай, егер халал деп істемеген болса. (Харам істі) халалға шығару - күпірлік».

Кіші күнә себепті жаза берілуі мүмкін екен, бірақ міндетті жағдай емес. Яғни, әһли сунна жолында «жаза тек үлкен күнәларға ғана беріледі, ал кіші күнә жасаған кісі мүлдем жауапқа тартылмайды» деген сенім жоқ. Алла Тағала о дүниеде кіші күнәлар себепті де жазалауы мүмкін. Құран Кәрімде: «Кішіні де, үлкенді де қалдырмай түгел тізіпті...» деген аят бар. [Құран Кәрім: «Кәһф» сүресі, 49 аят.]. Осы аяттағы «тізіпті» сөзі немесе «санапты» деген сөз – сұраққа алып, жауапқа тартатындығын ұғындырады. Әрине, бұл тәубе етпеген кісілерге қатысты. Ал тәубе етіп, намазын тастамай оқып жүрген кісілер және жақсылығы жамандығынан көп кісілер, сондай-ақ, харамнан бойын аулақ ұстайтын мұсылмандардың кіші күнәлары кешіріледі деген үміт бар, өйткені соған қатысты аят-хадистерде мәліметтер баршылық. Алайда «мүлдем сұралмайды» деп те айта алмаймыз. Пенде кіші күнәлары себепті де сұралуы мүмкін екендігін қаперде ұстағаны жөн.  

Осы тұрғыда назар аударатын мәселе, Имам Нәсәфи «мүмкін жағдай» деп отыр. Бұл дегені: кіші күнәлар себепті мұсылман пенде міндетті түрде жазаланады немесе сөзсіз жазаланбайды дегендік емес, «жазаланып қалуы мүмкін, ол тұсын да жоққа шығармаймыз» дегендік. Алла Тағала кіші күнәларды кешіруге міндетті емес, қаласа олар үшін де жазалауы мүмкін, қаласа кешіреді.   

  • Сондай-ақ, үлкен күнәлардың кешірілетіндігі де мүмкін жағдай, егер халал деп істемеген болса. (Харам істі) халалға шығару - күпірлік».

Алла Тағала аятта «өзіне серік қосудан басқа күнәларды қалаған пендесінен кешіреді» дейді. Сол себепті, иман еткен мұсылман кісі ауыр күнә жасап кейін онысына тәубе етпей өліп кетсе, о дүниеде Алла Тағала қаласа оның ол күнәсін кешіреді, қаласа күнәсінің мөлшеріне қарай белгілі уақыт жазалайды. Біздер, яғни, суннит жолындағылар, мұғтазилиттер сияқты «үлкен күнә жасағанның күнәсі кешірілмейді» демейміз, сондай-ақ, мүржия ағымы айтқандай «иман болса болды, қандай күнә істесе де кешіріледі» деп те айтпаймыз. Біз «ауыр күнә жасаған мұсылман пенденің күнәсін Алла Тағала өзінің рахымдылығымен кешіруі де мүмкін, кешірмей жазалауы да мүмкін» дейміз. Әрине, егер пенде жасаған харам ісін «харам» екендігіне сеніп, оның харамдығын жоққа шығармай істеген болса. Ал егер дінде харам болған істің «харам» екендігін жоққа шығарып, оны "халал", "істеуге болады" деп істесе, ол кәпір болады, ондай пенденің күнәсі кешірілмейді, бірақ онда да өлім келмей тұрып тәубеге келіп үлгерсе, ол басқа. 

Пайдаланған әдебиет:
ИмамТәфтәзәни: «Шархул Ъақаидин Нәсәфия» («Нәсәфи ақидасының шархы»).  

0 пікір