Рияның түрлері (Атаия өсиеті).
Рияның түрлері (Атаия өсиеті).
8 ай бұрын 2284

«Бәлкім рия саған адамдар назар салмайтын жерден кіруі мүмкін».

Ибн Атаулла (Қуддисә сирруһу).


Түсіндірме:

Рия деген, елдің назарында беделге ие болу мақсатында әлдебір ізгі істі істеу деген сөз, мейлі, ол істі адамдарға көрсетіп істеген болсын (көбінесе осылай болады), мейлі көрсетпей істеген болсын, ниеті беделге қол жеткізу болғандықтан, ол «рия» саналады. 

Кейде рия жасырын істейтін істерде де көрініс табуы мүмкін. Осыған ишара жасай отырып Ибн Атаулла жоғарыда: «Бәлкім рия саған адамдар назар салмайтын жерден кіруі мүмкін» деді. Бұндай жасырын рия - әшкере риядан, яғни, адамдар көрсін деп істеген риядан да қиын. Себебі, жасырын рия, хадисте айтылғандай құмырсқаның жүрген жүрісінен де жасырын.

Кейбір Ариф жандар (көкірек көзі ояу, әулие кісілер) айтқан: «Жүрегімнен рияны алып тастау үшін түрлі амал жасадым, алайда бір жөнінен рияны жойсам, мүлдем ойламаған жерден басқа рия түрі өсіп шығады» дейді екен.

Және олардың кейбірі былай деген: «Рияның ең үлкені - берілгенді де, алынғанды да және залалды да, пайданы да жаратылыстан келді деп білу». 

Рияның түрлері

Кейбір Ариф жандар рияны үш түрге бөледі және олардың әрбірі жүректегі ақаулық болып саналады деген. Олар келесідегідей:

1). Рияның бірінші түрі - бір ізгі істі адамдар көрсін деп істейді, адамдар болмаған жерде істемейді. Бұл - рияның ең үлкені.

2). Екінші түрі - бір ізгі істі мақтан мен қошемет үшін істеу, мейлі адамдар білмесе де.

3). Үшінші түрі - бір сауапты істі Алла үшін істегенімен, істеген амалына сауап күтеді және қияметте жазаланбау үшін істейді. Мұндай ниет - бір жөнінен алып қарағанда өте жақсы ниет, алайда басқа бір жөнінен алғанда ақаулы. Бұндай ниет - сопы Арифтердің назарында рия болып саналады, ал көпшілік мұсылмандардың назарында «ықылас» болып есептеледі. Алла Тағаланың мына бір қасиетті сөзінде: «ізгі істер оны көтереді» делінген, осы аяттағы ізгі істерге кейбір кісілер: «Көрнеу және көмес риядан таза болған ізгі іс. Істің иесі оны істегенде не дүниелік пайданы, не ақыреттік пайданы күтпейді, тек Алланың ризалығын көксейді» деп тәпсірлейді. 

Рияның белгілері

Рияның белгілерін келесідегідей анықтауға болады:

  1.  Көпшіліктің алдында ғибадаттарында белсенді, оңашада жалқау.
  2. Істеген ісін адамдар көріп тұрғанда жоғарғы деңгейде істейді де, ал адамдар жоқ кезде немқұрайлы істейді.
  3. Адамдарға жасаған жақсылығы үшін адамдардан қошамет пен ұлықтаулуын іштей қалап тұрады, рақмет күтеді.
  4. Жасырын рияның бір белгісі, өзінің діни қасиеттерін және қол жеткізген рухани ерекшеліктерін өзгелерге паш ету. Мысалы, Аллаға деген махаббатын, тақуалығын, тәуекелшілдігін, бойындағы кейбір әулиелік қасиеттерін өзгелерге айтып, жұрттың білгенін қаласа, бұл да іштегі рияның белгісі(1).

Дайындаған А. Қасым 


(1) Ариф билләһ Ахмед ибн Мұхаммед әл-Хусни, «Атаия шархы» кітабынан. Араб тілінде.

 

0 пікір