"Пейіш тақуалар үшін ғана ма?": Имам Мәтуридидің тәпсірінен үзінді
"Пейіш тақуалар үшін ғана ма?": Имам Мәтуридидің тәпсірінен үзінді
2 ай бұрын 1924

Төменде Имам Мәтуриди рахимаһуллаһтың «Тәуиләту әһли сүннә» атты ауқымды тәпсір кітабынан үзінді беріліп отыр. 


Имам Мәтуриди рахимаһуллаһ «Әли Имран» сүресінің 134 аятының тәпсірін жасай келе мыналары айтып өтеді: 

"... Алла Тағала бұдан алдынғы аятта пейіштің тақуалар үшін әзірленгенін мәлімдеді, Ұлы Жаратушы: «Раббыларыңның кешірімін алуға асығыңдар және көлемі көктер мен жердей болған пейішке асығыңдар» деді де, артынан: «ол тақуалар үшін әзірленген» деді. Және тозақ оты кәпірлер үшін (Аллаға сенбей оны жоққа шығаратындар үшін) әзірленгендігін де айтты. 

Осыған байланысты (пейіш тек тақуалар үшін ғана дегенге қатысты) әркім әртүрлі пікір айтты.

1) Кейбіреулер «пейіш тақуа еместерге әзірленбеген, олар (тақуа еместер) - тозақ иелерінен саналады» деді. Бұл сөз - харижиттер мен бағиларға (әділ патшаға қарсы келушілерге, яғни, Әзіреті Әлиге қарсы болғандарға) тән пікірлер.

2) Тағы біреулер: «Алла Тағала тозақтың кәпірлерге әзірленгенін айтты. Демек, кім кәпір болмаса, оған тозақ әзірленбеген деген сөз, яғни, ол пейіш иелерінен саналмақ» деді.

3) Басқа біреулер айтты: «Алла Тағала тозақтың кәпірлер үшін, ал пейіштің тақуалар үшін әзірлегенінен хабардар етті. Және тақуаларды: «Аллаға қарсы келмейтін, Оның әмірін орындап, тыйымынан тыйылатын пенделер» деп сипаттаған. Ал ағат тірліктері барлар не Алла Тағаланың «пейіш тақуалар үшін әзірленді» деген жалпылама сөзіне, не «тозақ кәпірлер үшін әзірленген» деген сөзіне кірмейді. Сол себепті, олар үшін (ағат тірліктері бар мүміндер үшін) тозақтан бір орын бар дегенді білдірмек» деді олар. 

Ал біздің пікірімізше мүмін-мұсылмандардың арасында кейбір ағат, күнә іске барып қойғандар Алла Тағаланың мына аятының аясына кіреді: «Көлемі көктер мен жердей болған пейішке асығыңдар, ол тақуалар үшін әзірленген». Өйткені басқа бір сөзінде Алла Тағала былай дейді:

«Олар күнәларын мойындады. Олар ізгі істерін, басқа жаман істермен араластырды. Алла олардың тәубелерін бәлкім қабыл етер...». («Тәубе», 102).

Осы аятта Алла Тағала олардың жақсы, сауапты істерін жаман күнә іспен араластыратындарын айта келе, артынан олардың тәубелерін қабыл ететіндіктерін уәде беріп отыр: «Алла олардың тәубелерін бәлкім қабыл етер» деді. «Бәлкім» сөзін Алла айтса, ол міндетті түрде солай боларын білдіреді. Бұл - бір.

Екіншіден, Алла Тағала бір сөзінде: «Олар сондай - біз істеген ең көркем істерін қабыл етіп, жаман істерін кешіретін әлдекімдер...» дейді. Алла Тағала оларды (күнә істеген мүміндерді) кешіретін болса, олардың жамандықтары қалмайды. Жаман, ағат тірліктері қалмаған пенделері де «тақуалар үшін әзірленген» деген аяттағы пейішке кіруші мүміндер қатарынан болады. 

Басқа бір аятта да Алла Тағала былай деген:

«Олар егер бір арсыздық іс істеп қойса немесе өз-өздеріне зұлымдық жасаса, Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. (Олар айтады:) Алладан басқа ешкім күнәларды кешпейді (дейді). Әрі олар біле тұра істеген күнәларына табандылық танытпайды». («Әли Имран», 135).

Аталмыш аятта Алла Тағала «олар бір арсыз іс істеп қойса немесе өздеріне зұлымдық жасаса...» деді. Біз бұдан алдын олар қандай мағынада өздеріне зұлымдық қылатындықтарын айтып кеткен болатынбыз. Олар Алла Тағалаға өздерін шын пейілмен бойсұндырмайды. Зұлымдық деген не? Зұлымдық - бір нәрсені өз орнына емес, басқа жерге қою дегенді білдіреді (тілдік мағынада). Сондықтан да, пенде Алла Тағалаға бойсұнбаған кезде, өздерін өз орындарына емес, басқа орынға қойған болады. Сол себепті, өз-өздеріне зұлымдық (қиянат, әділетсіздік) жасаған болады. 

«Олар табандылық танытпайды...», яғни, күнәларына табандылық танытпайды. Табандылық деген (аяттың арабшасында «исрар» сөзі, қазақша табандылық), бір істі қоймай істеу деген сөз. Кейін аяттың ақырында олардың (яғни, күнә істегенде Алланы еске алып, кешірім тілейтін және істеген күнәларын жалғастырмайтын пенделердің) қарымтасы - кешірім және «ішінде мәңгі қалатын және астарынан өзендер ағатын пейіштер...» болмақ. 

Жоғарыда келтірілген аяттар біздің мына сөзіміздің дұрыстығын айғақтайды. (Біз айтып отырмыз): Күнә істеп, арсыз тірлікке барғандар, егер тәубе етсе, олар да «пейіш әзірленгендер» қатарынан болады, тіпті одан бұрын тақуа болмаған болса да. Тура сол сияқты, Алла Тағала өзінің кешірімді, ғафур сипатымен күнәларын кешіріп, жарылқаған пенделер де солай. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!1. 

(Демек, пейіш үнемі тақуа боп жүретіндер үшін ғана емес, күнә істеп бірақ артынан тәубе етіп дұрысталған пенделері үшін де екен, сондай-ақ, тәубе етпей өліп кеткен, алайда Алланың кешіріміне лайық болған пенделер де пейішке кіреді, себебі, тәубе етпей өліп кеткен мүмін пенденің жағдайы Алланың қалауына қалған. О дүниеде Алла қаласа оны кешіреді, қаламаса істеген күнәсіна қарай жазалайды, бірақ соңында жүрегіндегі иманы себепті пейішке кіргізеді-ауд.).


1Имам Мәтуриди: «Тәуиләту Әһли суннә», Әли Имран сүресінің 134 аятының тәпсірі.

А. Қасым

0 пікір