"Ләухуль Махфуз" деген не?
"Ләухуль Махфуз" деген не?
11 ай бұрын 4143
А. Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим 

«Ләухуль махфуз» деген, Алла Тағаланың бүкіл жаратылыстың тағдырын жаратпай тұрып жазып қойған тағдыр кітабы. Құран Кәрімде Алла Тағала былай деген:

«Бір жапырақ түссе де Алла оны біледі. Жердің қараңғылықтарындағы дән болсын, жас не құрғақ нәрсе болсын, бәрі «ашық Кітапта» бар»1. Осы аяттағы «Китәбун Мубин» сөзі «Тағдыр кітабының» басқа бір атауы.

Басқа бір атта:

«Біз барлық нәрсені «ашық жетекші кітапта» сайып өттік» - дейді2. Осы аяттағы «жетекші кітапты» Имам Мәтуриди (р.а.) «Ләухуль махфуз», яғни, «Тағдыр кітабы» деп түсіндірген3. 

Тағы бір аятта:

«Жер жүзіндегі бәлекеттер де және сендердің өздеріңнің бастарыңа түсетін сор да, Біздің оларды жаратуымыздан бұрын бір Кітапта жазылып қойған. Құдай үшін ол нәрсе оп-оңай екені анық»4. 

«Ләух» деген, «тақтай» деген мағынаны білдіреді, «мәхфуз» болса «қорғалған», «сақталған» деген ұғымда. Яғни, өзгертуден, артық нәрсе қосудан немесе кемітілуден қорғалған кітап. «Ләухуль Махфуз» сөзі «Бүруж» сүресі, 22 аятында айтылады. Одан бөлек, Құранда: «Китабун Мәкнун» («Құпия кітаб»), «Уммуль Китаб», «Китаб» деген атаулармен белгілі. 

Имам Құртуби «Ләухуль Махфузды» түсіндіре келе былай деп өтеді:

«Ләухуль Махфузда бүкіл жаратылыстың түрлері, олардың жағдайлары, ажалдары мен ризықтары, істері мен өмірлеріне әсерін тигізер дүниелерді, өмірі мен ақыры - бәрі түгел жазылған. Ол - Ана Кітаб»5.

Тақырыпты аша түсу мақсатында, мына әңгімені де келтірелік. Сахабаның көзін көрген табиғин ғалым Әбу Мухаммад Ъата ибн Әби Рабахтан бір кісі:  

- Уа, Әбу Мухаммад! Басрада тағдыр жайында айтып жүргендер бар», - деп сол заманда тағдырды жоққа шығарушы кейбір теріс пікірді мұсылмандар жайында сөз қозғайды.

Бұны естіген ғалым оған:

- Сен өзі Құран оқисың ба? – деп сұрайды. Әлгі адам оқитындығын айтады.

Сонда Ъата ибн Әби Рабах оған:

- «Зухруф сүресін оқышы», - дейді. Әлгі кісі Зухруф сүресінің алғашқы төрт аятын оқиды: «(1) Ха Мим.(2) Осы айқын кітаптың өзімен ант етейін,(3) сендер түсінсін деп Біз оны араб тіліндегі Құран еттік.(4) Бұл, шынында да, өз тарапымыздағы "негізгі кітапта" орналасқан. Мәртебесі биік, қасиетті кітап».

 Осы аятты тыңдап тұрған ғалым одан:

- «Аяттағы «Ана кітап» (үммул китаб) не екендігін білесің бе?» - деп сұрайды ол.

Әлгі адам:

- Жоқ білмеймін, - деп жауап береді. 

- Шынында, ол - Алла тағаланың көк пен жерді жаратпай тұрып әр нәрсені жазып қойған кітабы. Ол кітапта перғауынның тозаққа түсетіні, Әбу Ләһәбтың қасіретке ұшырайтыны да жазылған (تَبَّتْ يَدَا أَبِي لَهَبٍ وَتَبَّ)...» - деп айтады Ъата ибн Әби Рабах (рахимаһуллаһ)5.

Демек, «Ләухуль Мәхфуз» дегеніміз «Тағдыр кітабы» екен (немесе тағдыр тақтайшасы). Алла Тағала ол жерге өзінің шексіз білгіштігімен болғанды да, болашақта болатысыны да, барлық жағдайды егжей-тегжейлі жазып қойған. Тағдыр кітабының қандай кейіпте екендігін суреттеп беруге қауқарсызбыз. Дегенмен, «Ләухуль махфуз» деп аталатын тағдыр кітабының барына сенеміз, оған күмән келтірмейміз. Имам Тахауи (р.а.) бұған байланысты былай деген:

«Біз ләухқа (тағдыр кітабын, ләухуль махфузға), қаламға және ондағы жазылып қойған барлық нәрсеге сенеміз...»6.

Ұлы ғалымның «қаламға сенеміз...» деуінің себебі, сахих бір хадисте ең алғашқы жаратылған нәрсенің «қалам» екендігі айтылады және Алла Тағала қаламды жаратып оған: «Жаз» деп айтқан екен. Қалам: «Нені жазайын?» - дегенде, «Тағдырды жаз, өмірдің соңына дейін болғанды және болатынды жаз» деп әмір еткен деседі хадисте7. 

Әлхамадулилләһи Раббиль аләмин!  


Құран Кәрім: «Әнғам» сүресі, 59 аят.
Құран Кәрім: «Ясин» сүресі, 12 аят. 
Имам Мәтуриди: «Тәуиләту Әһли сунна», Ясин сүресі.
Хадид сүресі, 22-аят.
5 Имам Құртуби: «Тәфсиру Құртуби». Бүруж сүресінің тәпсірі.
Тирмизи (Сахих). №2081; 
Имам Тахауи: «Ақидатут Тахауия», Иман билләух уәл қалам.
Тирмизи (Сахих). №2081; 3262; т.б. Әбу Дауід - №4080; 

0 пікір