Иман жаратылған ба, әлде ежелден бар ма?
Иман жаратылған ба, әлде ежелден бар ма?
1 жыл бұрын 2707

Иман деген не? Иман деген – Жаратушы Алла Тағаланың барлығына және бірлігіне, әрі, Мұхаммед пайғамбардың алып келген шариғатының ақиқаттығына жүрекпен сеніп, мойындау, және де онысын тілмен айтып бекіту. Қысқаша иман - тілмен айту, жүрекпен растау деген сөз.

Осы орайда «иман» кейіннен жаратылған ба, әлде әзәлдән бар ма, яғни, «әзәли» ма? - деген сұрақ ертеректе кәләм ғалымдарын ойландырған. Бұл сұрақтың сонау хижри жыл санауы бойынша, ІІ-ғасырларда мұсылмандар арасында қызу пікір таласқа себеп болған «Құран жаратылған ба?» деген мәселемен тікелей байланысы бар. Жәһмия атты діни-философиялық ағымның құрушысы Жәһм ибн Сафуан, Жаъд ибн Дирхам және Мұғтазилия ағымдағылар Құранды жаратылған деп есептеді. Ал Әһлу сунна сенімі бойынша Құран жаратылмаған.

Ендігі жерде "иман жаратылған ба?" дегенге «Хәшәуия» дейтін ағым "жаратылмаған" деп сенген. Ал Мәтуриди ғалымдары "пенденің иманы жаратылған" деп есептейді. 

Кітаптарда бұл сұраққа былай деп жауап береді:

«Иман сөзі - екі мағынада айтылады:

1) Біріншісі - Алла Тағаланың өзінің затын, сипаттарын, істерін және істеген нәрселерін (жаратқандарын) растауы. Осы мағынада «иман» - қадим, яғни, жаратылмаған, әзәли.

2) Екіншісі - бізді жоқтан бар етуші Алланың ұлы затын, сипаттарын, істерін, жаратқандарын растауымыз. Осы мағынада «иман» - Алла Тағаланың біздің ішімізде жаратуымен пайда болған, яғни, жаратылған1.

Демек, иманның пендеге қатысты жөнінен алғанда, иман жаратылған. Алланың сипатына қатысты жөнінен алғанда иман жаратылмаған. Алла Тағаланың «мүмин» деген сипаты бар. Алланың сипаттары да өзі секілді қадим - бастауы жоқ, соңы жоқ.

«Иман» - сену, растау дегенді білдіреді. Пенденің дінге сенуі - пенденің ісі. Пенденің барлық ісі - жаратылған. Демек - иманы да жаратылған болуы керек.

Ендігі жерде, «иман жаратылған» десек, «Лә иләһә иллаллаһ» деген иман сөзі де жаратылған дегенге алып келмей ме? Бұл сөзді Алла Тағала Құранда бірнеше жерінде айтқан. Алланың сөзі жаратылмаған емес пе?

Бұған былай деп жауап беруге болады:

Алланың сөзі жаратылмаған. Алланың «лә иләһә иллаллаһ» деген сөзі де жаратылмаған. Бірақ пенденің «лә иләһә иллаллаһ» деп айтуы жаратылған, себебі пенде кәлиманы айтуы үшін ерні мен тілін қимылдатып, белгілі дыбыстарды шығарады, пенденің барлық істері - жаратылған, демек кәлиманы айтуы да жаратылған2


1  «Иғтимад филь иътиқад».
2  әл-Хәким әс-Самарқанди: «әс-Сәуәдуль Ағзам».

 Абдусамат Қасым

0 пікір