"Ал, сен өзің қайсы жолмен келесің?!.." (өлең)
"Ал, сен өзің қайсы жолмен келесің?!.." (өлең)
2 жыл бұрын 2472 qamshy.kz/
Оразбек Сапархан

ЖОЛ

Секілденген әр қазақтың арманы, 
Тарам-тарам Алматының жолдары. 
Қайда барсаң сонда апарар жолдар көп, 
Жаңылысып адаспасаң болғаны. 

Базарға да,  Мазарға да, Енесің.... 
Мешіттер де көрсетеді төбесін. 
Шығысқа да, батысқа да бар шиыр, 
Ал, сен өзің қайсы жолмен келесің?! 

Шіркеуге де, клубқа да бараcын, 
Араласаң Алматының қаласын. 
Бір жолменен тақиялы ақсақал, 
Оқуға әкеп тапсырады баласын. 

Шетелдерге кететұғын ары асып, 
Жатыр содан қай қазақтың бағы асып. 
Көшеде жүр жол сұраған сан қазақ, 
Көп жолдардың кесірінен адасып. 

Толы жолдар мүдделер мен жарысқа, 
Ал сен де шап, тура жолдан қалыспа. 
Осы жолдар жым-жылас боп жымпиып, 
Бастап жатыр қытайға да, орысқа. 

Әуеден де,  Жаяулатып жерден де, 
Алматыға келімсектер келген де. 
Толтырғасын төсімізді орденге, 
Ағалар ғой сол жолды ашып берген де. 

Базарға да,  Мазарға да... Енесің.... 
Көліктілер көрсетеді төбесін. 
Шығысқа да, Батысқа да бар шиыр,
Ал, сен өзің қайсы жолмен келесің?!


Автордың Әдебиет порталы ұйымдастырған «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби байқауында «Жылдың ең үздік поэзиясы» аталымы бойынша Оразбек Сапарханның аталмыш «Жол» өлеңі  жеңімпаз атанған.  

0 пікір