Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Алланың көрінуі (12-ереже, 2-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Алланың көрінуі  (12-ереже, 2-бөлім)
9 жыл бұрын 12680
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

әл-Уәсия, ОН ЕКІНШІ ЕРЕЖЕ
(ІІ-бөлім)

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:

  • «Жәннәт жұртшылығына Алла тағаланың көрінетіндігі шындық. Бірақ, кескін-кейіпсіз (билә кәйфия),  еш нәрсеге ұқсамайтын күйі және бағытсыз көрінеді (яғни, оң жақта, сол жақта, үстінде, астында деген сияқты бағытта емес)».

Түсіндірме:

Пейішке кіргендерге Алла тағаланың ерекше сыйы беріледі. Ол сый – Алланы көре алу сыйы. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) көптеген сахих хадистерде пейіштегі адамдардың Алланы көретіндіктерін ашық айтып кеткен. Соның бірі «Сахих Мүслімде» келтірілген бір риуаятта Алла елшісі былай дейді:

«Жәннәт иелері жәннәтқа кірген сәттерінде Ұлы Алла Тағала оларға: «(Нығметімді) арттыруымды қалайсыңдар ма?» - деп сұрайды. Жәннәттағылар: «Біздің жүзімізді жарқыратып, пейішке кіргіздің, тозақ отынан құтқардың. (Одан артық не керек?)» – дейді. Олардың жүздеріндегі перде көтеріліп, Алла тағаланың жүзіне қарайды. Олар үшін раббыларына қараудан артық сүйікті, ұнамды нәрсе болмайды»[1].

Құран Кәрімде:

«Қиямет күні кейбір жүздер жарқырап; Раббысына қарайды», - делінген ("Қиямет" сүресі, 22-23 аяттар).

Бірақ, Алла тағаланың көрінуі – осы дүниедегі заттардың көрінуі сияқты емес. Яғни, Оның көрінуі христиан дініндегідей белгілі бір формада немесе осы дүниедегі заттарды көргеніміздей белгілі бір бағытта  болмайды. Мысалы, осы дүниеде көзімізге көрініп тұрған бір зат біздің дәл алдымызда немесе оң жағымызда яки сол жағымызда болуы мүмкін. Мұндай құбылыс Жаратушы Иемізге жат дүние.

Имам Ағзам өзінің басқа бір кітабында мұны былай тілге алады:

«Алла тағала ақіретте көрінеді. Оны жәннәттағы мүмін-мұсылмандар өз көздерімен көреді. Бірақ, (оның көрінуі) еш нәрсеге ұқсамайды,  кескін-кейіпсіз болады, Алла мен жаратылыстарының арасында ара-қашықтық (түсінігі) болмайды. (Яғни, ара-қашықтық осы дүниедегі заттардың көрінуіне тән құбылыс. Алла тағала заттарға ұқсамайды).
(Фиқһуль Әкбәр)

Имам Мәтуриди былай дейді:

«Азиз әрі Жәлил Раббымыздың көзге көрінуіне келер болсақ, біздің сенімімізде Алла Тағаланың көрінуі ақиқат әрі қажетті. Бірақ оның көрінуі «идраксіз»( яғни, бағытсыз, тұсы жоқ) және «тәпсірсіз» (яғни, көрушіге бетпе-бет тұруы, белгілі бір ара-қашықтықта көрінуі, көз жанарының жетуі деген сияқты құбылыстар Алла тағаланың көрінуіне жат)...  

... Өйткені, Алла тағала Құран Кәрімде, Әнғам сүресі – 103 аятта адамдардың көзіне көрінуге себеп болатын өзінің кескін аймағы (худуд) және белгілі тұстары жоқ екендігін баса айтқан (оң жақта, сол жақта яки төбеде деген тұстары)».  
(Китабут Таухид).

Имам Мәтуридидің айтпағы: аталмыш сүреде: «Лә тудрикуһуль әбсор» (Алланы көздер көре алмайды), - делінген. Осы аяттағы «Идрәк» сөзі: Бір нәрсені кескін-келбетімен, белгілі тұстарымен көру дегенді білдіреді. Демек, аяттағы «оны көздер көре алмайды» деудің негізгі мағынасы:«Көздер Алланы белгілі кескін-келбетте, белгілі тұста орныққан кейіпте көрмейді» дегенді білдіреді[2].

Имам Мәтуриди әрі қарай өз сөзін былайша түйіндейді: 

 «Осы орайда негізгі ұстаным мынадай: Алланың көрілу мәселесін сөз еткенде аят пен хадисте айтылған нәрселермен шектелген дұрыс. (Алланың көрілуіне байланысты) Жаратылыстарға тән мағыналардың бірде-біреуін беруден аулақ болу керек. Аят пен хадистерде тарқатып (егжей-тегжейлі түсіндіріліп) айтылмағандықтан, (өз бетімізше) жорамалдауға талпынбаған жақсы. Тауфиқ беруші тек Алла!»[3]

Қорытынды:

Ертеректе бой көрсеткен «мұғтәзилит» ағымындағылар пейіште Алланың көрінетіндігіне сенбеген. Неге десеңіз, Алланы көрінеді десек, белгілі бір пішін, бет-бейне берген боламыз. Бұл жаратылыстарға ұқсатудың нақ өзі. Бұндай сенім түбінде – Құдай жоқ дегенге алып келеді-мыс.

Сондай-ақ, Мүшәббиһә мен Карамия атты теріс ағымдағылар, пейіште Алланың көрінетіндігіне сенгенімен, осы дүниедегі затты көргеніміздей көреміз деп ойлаған. Яғни, көздегі пердеміз ашылып, Алланың өзіне тән пішінде, белгілі бір тұста көріледі-мыс. Алайда, біздің жанарымыз түбегейлі Құдайдың болмысын көру шенберіне сидыра алмайды екен. Құдды, аспанға қарағанымыз секілді. Аспанды көріп тұрғанымызбен, оның шегін жанарымызға сидыра алмаймыз, Құдайдың көрінуі де дәл солай деген тұжырым жасаған. Осы орайда Ибн Тәймияның да осыған ұқсас тұжырым білдіргенін айта кету керек[4].

Құран мен Хадисті негізге алатын Әһли Сүннет ғалымдары осы екі жолды да дұрыс деп есептемей,  орта жолды ұстанған. Дәлірек айтқанда, Алла тағала жұмаққа кірген пенделерге ғана көрінеді. Себебі, бұл жәйт аят пен хадисте ашық баяндалған. Оған сенеміз. Бірақ оның көрінуі бір затты көргеніміздей емес. Өйткені, Алла тағаланың жаратылыстар секілді бейнесі, пішіні, орны, мекені жоқ.

Сондай-ақ, мынаныда айта кету керек: «Көру» іс-әрекеті әрдайым белгілі бір тұста тұрған затқа қолданады деуге болмайды. Кейде белгілі бағыттағы емес дүниелерді де көруге болады. Мысалы, ұйқыдағы кезде адамның түсіндегі оқиғаларды көргені секілді.   

«Сонда Алланың көрінуі қалай болмақ?» - деген сұраққа Имам Мәтуриди айтқандай, бұл мәселе аят пен хадистерде егжей-тегжейлі түсіндіріліп айтылмағандықтан, өз бетімізше  жорамалдауға талпынбай: «Сенеміз және ақиқат екендігін растаймыз», - дейміз де қоямыз.


[1] Муслим - №181; Тирмизи - №2555, №3104;  Ибн Мәжә - №887; Ахмәд; Табари - №17626 т.б. Хадис Суһайб ар-Румиден риуаят етілген.
[2] Осы жерде Имам Мәтуриди Жаратушымызға қатысты араб тілінде қолданған «ру’я» мен «Идрак» сөзін екі бөлек қарастыру керек дейді.  («Ру’я - көру).
[3] Имам Мәтуриди, «Китабут Таухид»: Руятуллаһ. 144 бет.
[4] Саид Фуда, «Шархул Кәбир», 603 бет.

0 пікір