Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Адамдағы күш-қуат іс-әрекетпен қатар пайда болады (8-ереже)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Адамдағы күш-қуат іс-әрекетпен қатар пайда болады (8-ереже)
9 жыл бұрын 18490
Абдусамат Қасым

Бисмиллаһир рахманир рахим

әл-Уасия, СЕГІЗІНШІ ЕРЕЖЕ: 
«Адамдағы күш-қуат іс-әрекетпен қатар пайда болады»

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:

  • «Біздің сеніміміз бойынша: Адамдағы күш, қуат - істен бұрын немесе одан кейін емес, іс-әрекетпен қатар пайда болады».
  • «Егер (ішкі күш-қуат) адамда іс-әрекеттен  бұрын бар болған десек, онда пендені  (керек уақытында) Алла тағалаға мұқтаж емес деуге тура келеді. Ал, бұл Құранның мына бір аятына теріс: «Алла - бай (мұқтажсыз). Сендер - кедейсіңдер (оған мұқтажсыңдар)»[3].  Оны  іс-әрекеттен кейін пайда болады десек, бұл ақылға сыймайды.  Мұндай жағдайда іс-әрекет әл-дірмәнсіз, күш-қуатсыз жүзеге асқан болады (бұл мүмкін емес).

Түсіндірме:

Адам баласына ақыл және таңдау еркіндігі берілген. Ақыл арқылы адам жақсы мен жаманның ара жігін айырады. Ал таңдау арқылы - қандай да бір істі өз ықтиярымен орындайды.  Адам баласы саналы түрде ойлап, қалау еркіндігін пайдалану арқылы бір істі жасауға оқталғанда,  Алла тағала оған сол істі жүзеге асыратын күш-қуат жаратады. Оны Кәләм ғылымында «Құдірет» немесе «Иститаъа» дейді. Иститаъаның арапшадан қазақшаға аударғандағы мағынасы – «Әл»,  «дәрмен»,  «қуат»,  «күш», «қауқар» деген мағыналарға саяды.

Әхли сүннет ғалымдары адамдардағы күш-қуатты (иститаъа) екі түрге бөледі:

  1. Сыртқы күш-қуат (سلامة الاسباب و صحة الالات). Күш-қуаттың бұл түріне  - қолайлы себеп-салдар, мүмкіндіктер және саламатты дене мүшелері жатады. Мұны Алла тағала тарапынан алдын ала берілетін нығмет деуге болады. Мысалы, ес-түссіз жатқан науқас адамға оқи алмаған намаздары үшін күнә жазылмайды[1]. Өйткені, намазды оқитын қауқары жоқ. Алла тағала Құранда: «...Шамасы келген кісілерге, Алла үшін қажылық өтеу парыз...», - деген. Қажылық парызын өтеуге қаражаты жетпеген кісіге қажылыққа бару міндет емес. Құранда: «Алла тағала пенделерге тек күші жететін нәрселерді ғана міндеттейді», - деген аят осыған қатысты.
  2. Ішкі күш-қуат. Ішкі күш-қуат деп - адамдарға қалаған нәрселерін іс жүзіне асырулары үшін берілетін әл, дәрменді  айтамыз. Яғни,  кісі қандай да бір істі істеуге оқталып, соны орындауға ниеттенген сәтінде Алла тағала оның бойына діттеген іс-әрекетті жүзеге асыра алатын күш-қуат жаратады[2]. Мысалы, бір кісі жазу жазғысы келсе, Алла тағала сол сәтте оның бойына жазу іс-әрекетін жүзеге асыратын күш-қуат жаратады. 

Күш-қуаттың екінші түрі - кісінің жасағысы келген іс-қимылынан бұрын немесе одан кейін емес, бірге пайда болады. Мұның себебін Имам Ағзам ары қарайғы сөзінде былай деп түсіндіреді:

  • «Егер (ішкі күш-қуат) адамда іс-әрекеттен  бұрын бар болған десек, онда пендені  (керек уақытында) Алла тағалаға мұқтаж емес деуге тура келеді. Ал, бұл Құранның мына бір аятына теріс: «Алла - бай (мұқтажсыз). Сендер - кедейсіңдер (оған мұқтажсыңдар)»[3].  Оны  іс-әрекеттен кейін пайда болады десек, бұл ақылға сыймайды.  Мұндай жағдайда іс-әрекет әл-дірмәнсіз, күш-қуатсыз жүзеге асқан болады (бұл мүмкін емес).

 Түсіндірме:

Адамның іс-әрекетін жарататын Алла тағала екені анық[4]. Себебі Жасаған Ие: «Біз сендерді де, іс-әрекеттеріңді де жараттық», - дейді.

Бірақ мұғтазилит[5] ағымдағылар адамның іс-әрекеттерін Алла емес, пенденің өзі жаратады деп сенген. Өйткені олардың пайымдауынша, пенденің бойында әл-дірмән, күш-қуат о бастан бар. Демек, оның ісін жарататын Алла емес, адамның өзі. Пенде Алланың күш-қуат беруіне мұқтаж емес[6].  

Бұндай тұжырым Құран аяттарына  және Исламның «Алла барлық нәрсенің жаратушысы» деген сенім негізіне қайшы болғандықтан, Әһли сүннет ғұламалары қарсы шықты. Біз әрбір сәтімізде Жаратушы Иемізге мұқтажбыз. Құлшылық етіп, мінәжат етуіміз де сол мұқтаждығымыздың көрінісі. Іс-әрекетімізді жүзеге асыруымыз үшін бойымызға күш дарытуына да мұқтажбыз. «Алла - бай (мұқтажсыз). Сендер - кедейсіңдер (оған мұқтажсыңдар)»[7], - делінген аятта[8].

Сөзімізді 12-ғасырда өмір сүрген беделді ғұлама Саъдуддин әт-Тафтәзәнидің (р.а.) мына бір түсіндірмесімен аяқтайық:

«Иститаъа деп –  дене мүшесі сау, мүмкіндігі шектеусіз адам бір істі орындауға (кәсб) оқталған сәтінде  бойында Алла тарапынан жаратылатын қабілетті айтамыз (немесе бейімділік, икемділік). Жақсы істі істеуге оқталған мезетте, Алла тағала сол істі жасайтын қауқар жаратады. Жаман істі істеуге оқталған сәтінде де, оны жасай алатын қауқар, күш жаратады. Бұл қауқарды жақсылыққа пайдаланбағаны үшін жазғырылып, Алланың алдында жауапқа тартылады...»[9].

[1] Ханафи мәзхабы бойынша, естүссіз жатқан кісі бес уақыт намаздан көп намазды жіберіп алса, онда ол кісі оқылмаған намаздарын қаза етпейді.
[2] Мәймун ибн Мухаммед ән-Нәсәфи - Тәбсыратуль Әдиллә,  2- том/113-бет.;  әл-Мәйдәни – Шарху Ъақидатил Имами ат-Тахауи.
[3] (Мұхаммед сүресі, 38-аят)
[4] Таңдау еркіндігімізге қатысты іс-әрекеттер Алланың жаратуының және сол істі жүзеге асыруға оқталуымыздың нәтижесінде пайда болады. Мысалы,  жақсы істі қалап, оны орындауға оқталсақ, Жаратушымыз сол мезетте бойымызға күш-қуат дарытады. Сол күш-қуатты пайдалану арқылы бір істі істейміз. Ол істі пайда ететін, жоқтан бар ететін Алла тағала. Бойға біткен күш-қуатты пайдаланып, өз ықтиярымызбен орындаған іс-әрекетті кәләм ғылымында «кәсб» дейді. Ол іс-әрекетті жарататын Алла тағала, оны «халқ» дейді.
[5] Ертеректе бой көрсеткен діни-философиялық ағым.
[6] Мәймун ибн Мұхаммед ән-Нәсәфи – Бахрул Кәләм, 147-бет.  Дамаск-Сирия, 2000 ж.
[7] (Мұхаммед сүресі, 38-аят)
[8] Мұғтазилиттердің: «Күш-қуат іс-әрекетпен қатар емес, ол о бастан адам бойында бар еді» деген уәждерінің астарында пенде өз ісін өзі жаратады, оның іс-әрекетін Алла жаратпайды дегендік жатыр. Мұндай уәж біршетінен Алланың ««Біз сендерді де, іс-әрекеттеріңді де жараттық», - деген аятына қайшы. Екіншіден, аталмыш тұжырым «жаратушы жалғыз емес, екеу» дегенге де алып келеді. Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла барлық нәрсенің жаратушысы» деген. (Зүмәр сүресі, 62-аят).
[9] Әт-Тафтазани – Шархул Ъақидатин Насафия, 62-бет.

0 пікір