Темекі сатуға бола ма?
Темекі сатуға бола ма?
14 күн бұрын 1570

Әссәләмуғалейкум! Темекі сатудың үкімі қалай? Арақ сатпай, бірақ темекі сатса бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құран Кәрімде мынадай аят бар:

  وَيُحِلُّ لَهُمُ الطَّيِّبَاتِ وَيُحَرِّمُ عَلَيْهِمُ الْخَبَائِثَ

«(Ол Үмми болған Пайғамбар) жақсы нәрселерді оларға халал етіп, жаман нәрселерді харам қылады» - делінеді аятта[1].

Бүгінде темекінің «жаман нәрселер» қатарына жататындығына күмән келтіретіндер жоқтың қасы. Өйткені, темекінің адам денсаулығына тигізер залалының шаш етектен екендігі баршаға мәлім. Діннен ұзақ адамның өзі темекінің жаман зат екендігін жоққа шығармайды. Жаман нәрсе болмағанда еліміздегі заң 21 жасқа толмағандарға сатуды тыймас еді.

Темекінің залалды екендігіне сүйене отырып, қазіргі таңдағы дін ғалымдарының басым көпшілігі темекі тартумен қоса, оны саудаға шығарып сатуды да шариғатқа сай емес екендігіне тоқтам жасаған. Мысалы, қазіргі дін ғалымдарының бірі Доктор Юсуф әл-Қардауи темекінің залалдығын айта келе: «темекі шегу харам, оны импорттау харам, сату харам, айналымға салу, оның жарнамасын жасау – харам...»[2], - дейді.

Ендеше, темекі тартуды да және оны сатуды да шариғат құптамайды. Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

إِنَّ اللَّهَ إِذَا حَرَّمَ شَيْئًا حَرَّمَ ثَمَنَهُ

«Егер Алла Тағала бір нәрсені харам еткен болса, оның табысы да харам болмақ». 

Осыған орай, темекі шегу шариғатта харам болса, оны сату да харам болмақ.


[1] Құран Кәрім: «Аъраф» сүресі, 157 аят.
[2]  al-qaradawi.net.

Абдусамат Қасым