Әссәләму алейкум! Сіздердің сайтта жарияланған бір жазбадан Сәләм саудасы жайында оқып қалдым. Сол жайында түсіндіріп өтсеңіздер. Қанат.
Шариғаттағы «Сәләм саудасы» жайында түсіндіріп өтсеңіздер
|

Бисмилләһир рахманир рахим, уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
«Сәләм» саудасы дегеніміз, сатушының алдын ала төленген сомаға өзінде жоқ белгілі бір затты белгілі уақыт ішінде қамтамасыз ететіндігіне келіскен сауда түрі. Сәләм саудасында:
- Тауардың ақшасы алдын ала төленеді.
- Тауар кейіннен келісілген уақытта қамтамасыз етіледі.
«Сәләм» саудасы бүгінгі таңда да кең етек алған сауда түрі. Әсіресе, онлайн сауда түрі дамыған мына заманда сәләм саудасының іс жүзіндегі көрінісін көп көруге болады.
Шариғаттағы үкімі
Негізінде, шариғат қағидасы бойынша «меншігінде жоқ тауарды сатуға болмайды». Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.у.) «өсім харам» болғаннан кейін, адамдарға жеңілдік болсын деген мақсатта сол замандағы адамдар арасында кең етек алған «сәләм» саудасын аталмыш қағидадан (меншігінде жоқ тауарды сатпау) тысқары қалдырған. Бірақ ол сауда түріне белгілі шарттар мен талаптар реттеген. Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді:
«Кім (құрманы) алдын ала төлеммен сатуға (не сатып алуға) келіссе, нақты мөлшері, нақты салмағы және нақты (жеткізу) уақыты белгілі болсын». («Сахих Мүслім», «Сахих Бұхари»).
Сәләм саудасы төрт мәзхабта да мубах сауда түрлеріне жатады.
Сәләм саудасының шарттары
1. Төлемнің алдын ала жасалуы шарт. Сәләм саудасы дұрыс болуы үшін сатып алушы тарап (клиент) тапсырыс берген заттың құнын алдын ала толықтай төлеуге тиісті. Төлем алдын ала жасалмаса, сәләм саудасы жүзеге аспайды, ол жағдайда «қарызды қарызға сату» саудасы туады, бұндай сауда түрі шариғатта харам.
2. Тапсырыс берілетін зат өлшемі мен түрін нақты анықтауға болатын түрден болуы шарт. Заттың түрі мен мөлшері нақты белгіленбейтін заттарды сәләм саудасымен сатуға болмайды. Мысалы, асыл тастарды сәләм әдісімен сата алмайды, өйткені асыл тастардың әрбірі бір-бірінен не түрде, не, салмағында, не болмаса, көлемде әртүрлі болып келеді, әдетте олардың нақты өлшемін анықтау мүмкін емес. Тағы бір мысал, қарбыз, қауын, қияр сынды бірі екіншісінен ерекшеленіп тұратын заттарды да сәләм саудасы арқылы сата алмайды, өйткені, түр-сипатын нақты анықтау мүмкін емес. Бір қарбыз үлкен, бір қарбыз кіші, бірі сопақтау, бірі домалақ деген сияқты.
3. Тапсырыс берілген зат уақытында болмай қалмайтын түрден болмауы керек. Мұны кітаптарда: «тапсырыс берілетін зат дәл белгілі бір өндіріс орнының заты болуымен немесе белгілі бір егістің яки белгілі бір бақшаның өнімі болуымен шектелмеуі тиіс» делінеді. Өйткені, белгіленген уақыт ішінде белгілі жердің өнімі таусылып қалуы мүмкін. Мысалы, тапсырыс беруші кісі: «дәл мына егістегі бидайды сәләм жолымен аламын» десе немесе «дәл мына бақшаның алмасын» яки «дәл мына ағаштың жемісін сәләм саудасымен аламын» десе, ол кезде сәләм саудасы жүзеге аспайды, өйткені оның айтқан егістің бидайы уақытында шықпай қалуы мүмкін, бақшаға үсік жүріп алма шықпай қалуы мүмкін немесе оның айтқан ағашы бұл жылы жеміс бермеуі мүмкін. Тура сол сияқты белгілі бір фабриканың заты тапсыратын күні жоқ болып қалуы мүмкін, сондықтан сәләм саудасында тапсырыс берілген зат белгілі жермен және өндіріс орнымен шектелмеуі керек. Бірақ заут не фабрика өте үлкен болып, заттың болмай қалу қауіпі жоқ болса, сәләм саудасы жасала береді. Бұл шарттың астарындағы басты себеп – тапсырыс берілген зат жеткізу уақытында болмай қалатын түрден болмауы тиіс.
4. Тапсырыс берілетін заттың нақты түр-сипаты көрсетілген болуы тиіс. Тауарға қатысты барлық мағлұматтар екеу ара ұрысқа және түсініспеушілікке апармайтындай ашық, анық айтылған болуы керек.
5. Заттың мөлшері анық белгілі болуы тиіс. Егер даналап сатылатын зат болса қанша дана, килограмдап сатылатын зат болса қанша килограм екені келісімде нақты көрсетілген болуы керек.
6. Зат араға уақыт салып тапсыруға болатын зат түрінен болмағы керек. Ал араға уақыт салмай қолма-қол берілу керек заттар сәләм саудасына жарамайды. Мысалы, валюталар сәләм саудасына жарамайды, өйткені, валютаны айырбас жасау қолма-қол, араға уақыт салмай жүзеге асуы шарт.
7. Тапсырыс берген затының нарықта бар болуы. Тапсырыс берген заты келісім жасалған уақыттан бастап, тапсыратын күнге шейінгі аралықта нарықта бар болатын зат түрінен болмағы ләзім. Егер, нарықта жоқ затты тапсырыс берсе, сәләм саудасы жүзеге аспайды, тіпті тапсыратын күні пайда болатыны нақты болса да. Бұл шарт Ханафи мәзхабы бойынша. Ал өзге үш мәзхаб ғалымдары болса, тапсырыс берген заты тапсыратын уақытта бар болса жеткілікті, оның келісім кезінде нарықта болуы шарт емес дейді.
8. Затты тапсыру уақытын нақты белгілеу. Ханафи ғалымдары ең аз екі ай уақыт берілу керек деп есептеген, әрине бұл уақыт ертедегі мүмкіндіктерге қарап белгіленген уақыт мөлшері екені түсінікті, ондағы мақсат тапсырыс қабылдаушының қиналмай затын қамтамасыз етіп алсын дегендік. Мәлики мәзхабында затты күту уақыты ең аз он бес күн делінген. Тапсырысты қамтамасыз ету уақыты заманына қарай және жеріне қарай өзгеретіні әрі келісімге сай болары шындық. Өйткені, Пайғамбарымыз «тапсырысту тапсыру уақыты белгілі болсын» дегенімен, уақытты шектемеген, адамдардың келісімдеріне қалдырған.
9. Тапсыратын мекен-жайды нақты белгілеу1.
Cәләм саудасының жай-жапсары қысқаша осылай. Қосымша сауалдарыңыз болса сайтымыздың сұрақ сұрау бағамына жолдасаңыздар болады.
Алла Тағала істеріңізге береке берсін!
1Мұхаммед Тақи Усмани: «әл-Мұқаддимә».




