Мүртәд болған адам, тәубе етсе некесін жаңарта ма?
Мүртәд болған адам, тәубе етсе некесін жаңарта ма?
16 күн бұрын 1760

 Мүртәд болған адам тәубе етсе, некесі қалай болады? 

Бисмилләһир рахманир рахим

Ислам дінінен шыққан адамды «мүртәдд» дейді. Баста мұсылман боп жүріп, кейін Исламды өтіріксінсе немесе өзге дінге өтіп мұсылман дінін ауыстырса, ондай адамды мүртәдд дейді. Мүртәдтің жазасы шариғатта ауыр. Дінін сатқанмен пара-пар. Мүртәдтің бүкіл жасаған ақыреттік амалдары өшіп кетеді, ал оның бұл дүниедегі жазасы, егер тәубеге келмесе, сот өлім жазасына кеседі. Төменде мүртәдтіктің некеге тигізер әсері жайында тоқталып өтіледі:

Ерлі-зайыптылардың бірі мүртәд болса

Ерлі-зайыптылардың бірі мүртәд болған жағдайда некелері заңды күшін жояды, яғни, оны Әбу Ханифа «фәсх» деп есептеп, талақ үкіміне жатқызбаған, ал оның шәкірті Имам Мұхаммед оны «талақ» деп есептейді1. Бұл дегеніміз, некенің фәсхы – үш талақ ете алу санын қысқартпайды, алайда қайта қосылу үшін неке жаңарту керек болады. Осы жөнінен алғанда «некенің фәсхі» де кіші байын талақ үкімінде болмақ, яғни, егер мүртәд болған тарап тәубе етіп, бұрынғы жарымен қайта қосылғысы келсе, некелерін жаңартулары тиіс болады, тәубе етпей неке жаңарта алмайды.

Ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей мүртәд болса

Осы тұрғыда, ерлі-зайыптылардың екеуі бірдей мүртәд болса, ерлі-зайыптылық неке байланыстары сақталады, егер ол екеуі бірдей тәубе еткен жағдайда сол некелерінде қала береді, неке жаңартпайды, алайда екеуінің бірі тәубе етіп, екіншісі мүртәд болып қала берсе немесе бірі екіншісінен ерте тәубе етсе некелерін жаңартулары керек болады2. Бұл айтылғандар Ханафи мәзхабы бойынша.

Шәфиғи мәзхабы бойынша

Ал Шәфиғи мәзхабында ерлі-зайыптылардың бірі мүртәд болса, үш хайыз иддет уақыт өткенге шейін некенің фәсх болуы заңды күшіне енбей тұрады, үш хайыз иддет уақыты ішінде мүртәд болған тарап тәубе еткен болса, неке жаңартпайды, некелері сақталады, ал үш хайыз иддет уақыты өтіп кеткеннен соң тәубе етсе, некені жаңартулары тиіс3.


1Мәрғинәни: «әл-Һидая». Никәһуль Мүртәдд.
2Имам Мұхаммед, «әл-Асл», Никәһул Мүртәдд.
3Уаһбәту Зуһәйли: «әл-Фиқһуль Исләми уә Әдилләтуһу». 7\621 бет.

Абдусамат Қасым