Қарызға алған бір мың долларды (1000$) сол кездегі бағаммен (120 теңге) қайтарамын дейді. Осы дұрыс па?
Қарызға алған бір мың долларды (1000$) сол кездегі бағаммен (120 теңге) қайтарамын дейді. Осы дұрыс па?
7 жыл бұрын 6847

Әссәләмуғалейкум! Осыдан он жылдай бұрын бір кісі 1000 (бір мың) доллар алған еді. Ол кезде бір доллардың бағамы 120 теңге болатын. Кеше сұрасам 120 000 беремін дейді. Ол қалай болады екен? Доллармен алсам бола ма? Ғани.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта қарыздың алған кездегі құны емес, оның берілген сәттегі мөлшері мен берілген валюта түрі өтеледі (теңге болса теңгелей, доллар болса доллардай қайтарады)[1]. Яғни, қарызға берілген ақшаның бастапқы кездегі (берген сәттегі) құнының өсуіне немесе арзандауына қарамастан алған кездегі түрі мен мөлшері қайтарылады[2]. Осыған орай, теңгенің құнсызданғанына қарамастан берген сомаңызды сол күйінше доллармен алуыңызға құқылысыз (яғни, доллар бағамының қымбаттағанына қарамастан алған бір мың долларды, сол күйінше бір мың доллар етіп қайтарады, оң жыл бұрынғы бағамы негізге алынбайды, әрине сіз рұқсат беріп жатсаңыз, ол басқа).  

Дегенмен, дінімізде қарыз беру – тек ақша беру ғана емес, ақшадан қысылып тұрған кісінің мұқтаждығын кетіру боп саналады. Осы тұрғыдан алғанда сауапты амал. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кім Аллаға көркем қарыз берсе, сонда Алла (Т.) ол үшін көптеген есе арттырып береді...» , - деген[3]

Тағы бір аятында: «Егер қарыздар адамның қолы қысқа болса, жағдайы түзелгенше тоса тұрыңдар. Біле-білсеңдер, қарыздарыңды (әлгі бейшараға) садақа етіп (кешіріп) жіберсеңдер одан да жақсы»[4], - дейді. 

Сондықтан да, арадағы айырмашылық ұшып тұрған мына заманда түсіністікпен қарап, сол бұрынғы бағаммен (сіздің жағдайда 120 теңге) қайтаруға рұқсат беріп жатсаңыз  оның өзі сауап болмақ. 

Осы тұрғыда айта кету керек, қарыз алушы да алған қарызынан құтылуға асыққаны дұрыс. Қайтаруға шамасы келе тұра созып жүруі – күнә. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Жағдайы бола тұра алған қарызын созып жүре беруі – зұлымдық»[5] - десе, басқа бір хадисінде: «Адам қарызын өтемейінше жәннатқа кірмейді», - деген[6]


[1] الديون تقضى بأمثالها لا بقيمتها
[2] Ислам фиқһ ұйымының1988 жылғы Кувейт мемлекетінде өткізген 5-ші кезекті отырысында қабылданған қаулы
[3] Бақара – 245 аят.
[4] Бақара сүресі – 280 аят. 
[5] Әбу Дәуід: Бәбу фи матл – 3345.
[6] Әл-Мүстәдрак: Китәбул Буюъ – (900)2259.

Абдусамат Қасым