Жұмыста сақал қойғызбаса, ол жұмыстан шығу керек пе?
Жұмыста сақал қойғызбаса, ол жұмыстан шығу керек пе?
10 ай бұрын 3428

Бір кісі сұрақ қойып еді: жұмыста сақал қойғызбайды, жұмыстан шығу керек пе?

Әлхамдулиллә. Уассаләту уассәләму аля Расулиллә.

Құрметті сауал қоюшы, сақал қою әдеті дінімізде бар. Сақал қою - бұрынғы пайғамбарлар мен әулие-әнбиелерден қалған діни амал. Сондықтан да, «мұсылман дінінде сақал қою жоқ» деп оны тұрпайы көру қате болғаны секілді, сақалды діни негіздердің қатарына жатқызып, оны «фарз аин» деңгейіне көтеру де қате.

Сақалдың үкімін - уәжіп, парыз және сүннет дейтіндер бар. Осыған орай, бүгінде дін ғалымдары арасында сақал өсірудің үкімін міндет деп есептейтіндер бар болғаны секілді, сақал қоюды «сүннет» деп міндетті көрмейтіндер де жоқ емес.

Бұндағы үкімнің әртүрлі болуының төркіні - Пайғамбарымыздың «сақал өсіріңдер» деген сөзіндегі «бұйрық рай» қалыбын әртүрлі түсінуде жатыр. «Бұйрық рай түріндегі сөздер негізінен алғанда уәжіп үкімін тудырады» дейтін ғалымдар хадистегі «сақал өсіріңдер» деген бұйрық сөзден - «уәжіп» үкімін шығарған. Ал «бұйрық райлар, негізінде мәндупты, яғни, ерікті амалды білдіреді» деп топшылайтын ғалымдар «сақал өсіріңдер» деген бұйрық сөзден - «мәндүп» үкімін шығарады.

Енді сіздің сауалыңызға келер болсақ, жұмыстан шыққан жағдайда жұмыс таба алмай нәпақадан қиналып қаламын деген қауіп басым болса, талапқа сай әрекет етуіңіздің күнәсі болмас деген үміттеміз. Алла Тағала пенделеріне қиындық қаламайды, жеңілдік қалайды. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым