Діні бөтен адаммен мұсылманша амандасуға бола ма?
Діні бөтен адаммен мұсылманша амандасуға бола ма?
1 жыл бұрын 2983

Мұсылман емес адаммен «әссәләмуьаләйкум» деп амандасу үкімі қандай?

Әлхамдулиллә. Уассаләту уассәләму аля Расулиллә. 

Діні бөтен адаммен мұсылманша «әссәләмуғалейкум» деп амандасу жайында Ислам ғалымдары екі түрлі тұжырым білдірген. Бір топ ғалымдар мұсылманша амандасуға болмайды деп тыйым айтса, бір сыпыра ғалымдар рұқсат деген. Рұқсат деушілердің арасында сахаба Абдулла ибн Мәсъуд пен Абдулла ибн Аббас та бар (радияллаһу анһума). Ханафи ғалымдары «қажет болса мұсылманша сәлем берудің әбестігі жоқ» дейді, бұл сөз «қажеттілік туындамаса бірінші болып мұсылманша амандаспаған абзал» дегенді білдірмек1. Бұл сұраққа қатысты Имам Әузағи (рахимаһуллаһ): «егер мұсылманша сәлем беремін десең, бұрынғы өткен салиқалы кісілер де сәлем берген, ал сәлем бермеймін десең, бұрынғы өткен салиқалы кісілер де сәлем бермеген»2 дей келе, олармен мұсылманша амандассаң да, амандаспасаң да күнә емес екендігін білдірген.

Бұл айтқандарымыз - мұсылманша амандасу жайында, ал өз тілдерінде немесе әдеттегі амандық-саулық сөздерімен амандасуды ешкім ағат көрмеген, мысалы, сәлеметсің бе, амансың ба, армысың, қайырлы таң, здравствуйте, hellо деген сияқты. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдуллиләһи Раббиль аләмин!


Бұрхануддин Ибн Мәзә: "әл-Мухыйт".
Имам Асқалани: «Фәтхуль Бәри».

Абдусамат Қасым