Малды соярда "сенде жазық жоқ, менде азық жоқ" десе, "бисмилләны" айтқанға есептеле ме?
Малды соярда "сенде жазық жоқ, менде азық жоқ" десе, "бисмилләны" айтқанға есептеле ме?
3 жыл бұрын 14843

Ассаляму алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!  Сізге қояр сұрағым бар еді. Егер, бір мұсылман мал соярдың алдында "Бисмилляһ" сөзін айтпай, тек "Сенде жазық жоқ, менде азық" жоқ деп сойса, малдың еті адал ма? Жалпы аталмыш сөзді айту қаншалықты дұрыс? Мал сояр алдында "Бисмилляһ" сөзін толық айтуға бола ма? Кейбір адамдар: " Мал союда Алланың мейірі мен рақымы жоқ" деп айтады. Қаншалықты дұрыс?  Нұрлыбек Сабырғалиев.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деген сөз «бисмилләһтың» орнын баспайды. Олай сойылған малдың еті Ханафи мәзхабы бойынша және көпшілік Ислам ғалымдары бойынша, адал емес деуге негіз бар. Себебі Жаратушы Алланың есімі айтылмай отыр[1].

Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйреткендей, мал соярда: «Бисмилләһи, Аллаһу әкбәр» деп айтқан дұрыс. (Мағынасы: Алланың атымен бастаймын, Алла ең ұлық).

«Бисмилләһир рахманир рахим» деуге де рұқсат.

Одан бөлек, «әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбәр», «лә иләһә иллаЛлаһ», «субханаАллаһ» деген сияқты, дұға-тілекті білдірмейтін зікірлерді бисмилланың орнына мал сойылар сәтте айтылса, ол да жарайды дейді Ханафи ғалымдары. Тек, ниеті - бисмилланың орнына айту болуы тиіс. Егер, ондай ниетте емес, жай айтқан болса, мысалы, түшкіргені себепті «әлхамдулиллаһ» десе, онысы бисмилланың орнына жүрмейді.

Сондай-ақ, «раббиғфирли» (күнәмді кеш) деген секілді дұға-тілекті білдірер зікір, дұғалар да бисмилләның орнына жүрмейді.

Және айта кету керек, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» сөзі мал сойылар сәтте айтылады. Әрі малды бауыздайтын кісі тарапынан айтылуы тиіс[2]. 


[1] Шафиғи мәзхабы бойынша адал деуге болады. Себебі, бұл мәзхабта мұсылманның мал бауыздар сәтте «бисмилланы» айтуы шарт емес.
[2] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 9/437-439 беттер. 

Абдусамат Қасым