Екі сәжде арасы «раббиғфирли» деп айтуға бола ма?
Екі сәжде арасы «раббиғфирли» деп айтуға бола ма?
6 жыл бұрын 26242

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһ! Екі сәжде арасы «роббиғфирли» айту мұстахаб бола ма? Парыз-сүннет намаздарында айтса бола ма? Абдігали

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Абдіғали, сахаба Хузайфадан жеткен хадисте: «Алла елшісі екі сәжде арасында: «Раббиғфирли, Раббиғфирли» деп айтатын еді...», - делінеді[1].

Осыған қарап Шафиғи мәзхабында екі сәжде арасы әлгіндей айтуды «сүннет» десе, Имам Ахмад «уәжіп» деген[2].

Ал, Ханафи ғұламалары екі сәжде арасы олай айтуды нәпіл намаздарға ғана тән етеді. Дегенмен, парыз намаздарында да «раббиғфирли» деп айтса, еш ағаттығы жоқ.

Кітаптарда келтірілген бір деректе, Имам Әбу Юсуф: «Мен Имам Ағзамнан: «Кісі рүкуғ пен сәждеден бас көтергенде «Аллаһуммағфирли» деп айта ма?, - деп сұрағанымда Ол «(Рүкуғда) Раббәнә ләкәл хамд» деп айтады деді де әрі қарай үндемеді», - дейді ғалым.  

Имам Ағзамның рүкуғдан тұрғанда айтылатын зікірді үйреткенімен, екі сәжде арасындағы дұға жайында үндемеуі – екі сәжде арасындағы дұғаның мәкруһ емес, керісінше ерікті амал екендігін білдіреді.

Тіпті, соңғы буын Ханафи ғұламаларынан Ибн Ғабидин (р.а.) екі сәжде арасы «Раббиғфирли» деп айтуды мұстахаб деу керек деген[3].

Тоқ етерін айтқанда, Ханафи мәзхабында екі сәжде арасында айтылатын арнайы сүннет ретінде бекітілген дұға түрі жоқ. Әйтсе де, «Раббиғфирли» деп айтқан кісі де артық амал жасаған болмайды.


[1] Байһақи: Сүнән - №2670 хадис; Әбу Дәуід, Тирмизи, Нәсәйи.
[2] Ибн Құдама: Әл-Муғни.
[3] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 3/349-350 беттер. 

Абдусамат Қасым