«Кеше бір адамды көрдім» деп ант еткен болсам, кейін оным қате боп шықса, ант кәффарат өтеймін бе?
«Кеше бір адамды көрдім» деп ант еткен болсам, кейін оным қате боп шықса, ант кәффарат өтеймін бе?
4 жыл бұрын 3777

Ассаламу алейкум! Құрметті ұстаздар, сұрағым бар еді. Адам өзіне сенімді бола тұра Алланың есімімен ант етіп, бірақ кейіннен олай болмай шықса, не істеу керек? Мысалға: кеше бір адамды көрдім деп Алланың атымен ант еткеннен кейін, ол адамді кеше емес арғы күні көргендігі анықталса, ант кәффаратын өтей ме?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал қоюшы, ант үш түрге бөлінеді:

  1. Жалған ант (Ғамус анты). Бұған: өткен шақтағы бір жағдайға қатысты біле тұра өтірік айтып ант ету жатады. Жалған ант ішкен кісіге күнә бар. Аллаға тәубе етіп, онысына кешірім тілеуі тиіс. Ант кәффаратын өтемейді.
  2. Жарамсыз ант (Лағу анты). Бұған: өткен шақтағы бір жағдайға байланысты қателесіп ант ету жатады. Мысалы, өткен шақтағы бір нәрсеге «ол былай болған еді» деп ант етіп, кейіннен олай болмай шыққаны сияқты. Бұл жерде ант иесі қателескендіктен, оған күнә жоқ, әрі десе ант кәффаратын өтемейді.  
  3. Жарамды ант (Мунъақид ант). Бұл – болашақтағы бір жағдайға байланысты ант ету түрі. Болашақта әлдебір істі істеймін деп немесе істемеймін деп ант еткен кісінің анты «жарамды ант» санатына жатады. Анттың бұл түрі бұзылған жағдайда, ант кәффараты өтелуі керек. Мысалы, бір кісі «уаллахи, пәлен күнәні енді істемеймін» деп ант еткеннен соң сол күнәні қайта істеп қойса, анты бұзылған болып, ант кәффаратын өтеуі тиіс.

Ендіге жерде, сіздің сауалыңыздағы антыңыз «жарамсыз ант» түріне жататындықтан, сізге күнә да жоқ, ант кәффаратын да өтемейсіз. Өйткені, сіз өткен шаққа қатысты мәселеде қателесіп ант етіп отырсыз. Оған кешірім бар[1]. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Анттың кәффараты қалай өтеледі? 

Ант кәффараты - бір құл азат ету арқылы немесе он міскінді тамақтандыру, яки, оларды киіндіру арқылы өтеледі. Оған күші жетпесе үш күн қатарынан үзбей ораза ұстайды.


[1] Абдульғани әл-Мәйдәни: «әл-Лүбәб фи шархиль Китаб». 3/103 бет. «Дуруль Китабиль Араби». Бейрут-Ливан. 2015 ж.

.

Абдусамат Қасым