"Тәкбір-тәшриқты" айтуды ұмытып кетсе, оның қазасы бар ма?
"Тәкбір-тәшриқты" айтуды ұмытып кетсе, оның қазасы бар ма?
4 жыл бұрын 10166

Ассаламу алайкум! Тәкбир-тәшриқ айтуды имам да, жамағат та ұмытып кетсе, не болады? Қазасы бар ма? Болса қалай өтеледі?  Бағдаулет.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

"Тәкбір-тәшриқ" дегеніміз, Арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айттың төртінші күні екінтіге дейінгі аралықта, әр парыз намазынан кейін сәлем беріле салып айтылатын дұғаның аты. Оны айту әрбір намаз парыз болған мұсылманға уәжіп.

Тәкбір тәшриқты айтуды ұмытқан жағдайда қазасы бар ма?

Тәкбір-тәшриқтың қазасы жоқ. Тәкбір-тәшриқ дұғасы – парыз намазының сәлемінен кейін бірден айтылуы керек. Егер, парыз намазынан кейін намаз бұзатын қандай да бір іс-әрекетке барылса, мысалы, күліп жіберсе, сөйлесе, мешіттегі кісі мешіттен шықса, үйінде оқыған адам денесі құбыладан ауытқыса т.б. осындай намазды бұзатын іс-әрекеттерге барылған жағдайда «тәкбір-тәшриқ» айтылмайды[1]. Бірақ парыз намазында сәлем бергеннен кейін дәрет бұзылса, тәкбір-тәшриқты айта береді. Өйткені, дәретсіз тәкбір-тәшриқты айтуға болады[2].

Ендеше, парыз намазынан кейін аталмыш дұғаны айтуды ұмытып, сүннетті бастап кетсеңіз немесе сөйлеген болсаңыз, яки, үйіңізде оқығанда орныңыздан тұрып кетіп қалсаңыз, не болмаса, сол арада бір нәрсе ішіп-жеген болсаңыз, онда сол күйінше тәкбір-тәшриқ дұғасы айтылмайды. Ол дұғаның қазасы да өтелмейді. Оның орнына, ұмытқаныңыз үшін истиғфар айтып, Құдайдан жарылқау тілейсіз.

Ендігі жерде, имам ұмытып кетсе, жамағат не істейді?

Намазда имамдыққа шыққан кісі тәкбір-тәшриқ дұғасын айтуды ұмытса, арттағы жамағат айтуы керек. Осыған байланысты Имам Әбу Юсуфтың мына әңгімесі кітаптарда айтылады: «Мен ақшам намазында жамағатқа имам болған едім, тәкбір-тәшриқты айтуды ұмытып кеттіппін. Сол сәтте Әбу Ханифа тәкбір-тәшриқты айтты», - дейді Имам Әбу Юсуф[3].

Осы тұрғыда айта кетелік, парызды оқып сәлем бергеннен кейін «Аллаһумма әнтәсс сәләму, уә минкәссәләму...» дұғасын оқып қойған болсаңыз, артынша тәкбір-тәшриқты айтуыңызға болады.


[1] Себебі, «намазды жалғастыруға (әл-Бинә) кедергі болар барлық іс-қимыл – тәкбір-тәшриқты да айтуға кедергі».
[2] Имам Кәсәний: «Бәдәиъус Санаиъу». 2/16 бет.
[3] Имам Сәрәхси: «әл-Мәбсут». 2/45; Имам Кәсәни: «Бәдәиъу». 2/16 бет.

Абдусамат Қасым