Алматыдан Қазан қаласына ұшып бара жатып, күн көрініп тұрса да кесте бойынша ауыз аштым. Оразам дұрыс па?
Алматыдан Қазан қаласына ұшып бара жатып, күн көрініп тұрса да кесте бойынша ауыз аштым. Оразам дұрыс па?
7 жыл бұрын 7804

السلام عليكم ورحمة الله وبركاته

Ораза қабыл болсын! Оразаға қатысты өткенде мынадай бір қызық жағдай болды. Кешкісін Алматыдан Қазан қаласына ұштық. Аузымыз берік. Ұшу уақытымыз – 20:10. Сол күні ауызашар уақыты – 20:30 (яғни небары 20 минут қалған). Күн бұлтты еді. Бірнеше минуттан соң көкке көтерілдік. Сәлден соң, ұшағымыз бұлттардан да жоғары көтерілді. Ал сол кезде таң атқандай болып, күн жарқырап шыға келді. Күннің бататын түрі жоқ, сол күйі жарқырап тұрды. Жергілікті Алматы бойынша ауызашар уақыты болса да ауыз ашпадық, күнді көріп тұрмыз. Жарты сағат өтті. Бір сағат өтті. Содан не керек, Қазан қаласына келгенше күн батпайтыны белгілі болды. Қарын ашып барады. Жол қашықтығы – 3 жарым сағат шамасында. Күндіз жолға дайындық жасап, көбірек қимылдағанбыз, қарын өте қатты ашты. Бір кезде ас-су таратты. Жарықтық буы бұрқырап ыстық тамақпен, неше түрлі сусындар таратылды. Шыдай алмадым, сонда да тағы жарты сағаттай күттім. Болмады, дұғамды оқып, Құдайдан кешірім сұрап, тамақ іштік.

Жергілікті Алматы бойынша, ауызашар уақытынан 1-1,5 сағат асып кетті... Сұрақ: Біздің оразамыз не болды? Каффарат па? Әлде Бір күн ғана қазасын ұстаймыз ба? Жоқ әлде ешқайсысы емес, оразамыз дұрыс орындалды ма? (Бір жағы жолаушымыз) Түрлі пікірлер болды, нақтысын осы нағыз діни мамандардан сұрап білгенді жөн көрдік.

Ескерту: Дәл осылай, осы бағытта тағы бір замандастар ұшқан. Олар ұшарда кейбір себептерге байланысты ұшақ 20 минуттай кешіккен. Олар қуанып аузын ашқан. Ұшқасын сәлден кейін олар да, жарқырап тұрған күнді көрген. Сұрақ: Ал, олардың оразасы не болды? Бәлкім ертеректе бұндай жағдайлар болмаған шығар, дегенмен қазіргі таңда кездесіп жатырмыз. Мүмкін жаңаша бір пәтуалар бар шығар (астрономияға қатысты т.б.). Әлбетте жауабы бар, сол жауап табылып, мұсылмандар біле жүрсе, құба-құп болар еді! Гулиддин.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи фиқһ кітаптарында орын алған бір деректе, ертеректе өмір сүрген Әбу Муса ад-Дарир (немесе Әбу Абдулла ибн Әбу Мұса ад-Дарир) есімді ғалымға мынадай сауал қойылады: «Әлдекім Александрия қаласындағы мұнаралардың біріне шыққан жағдайда қаладағылар үшін күн батып кеткенімен мұнараның төбесінде тұрған оған үзақ уақыт күннің көзі көрініп тұрса, ауызын ашуына рұқсат па? – деп сұрайды. Сонда ғалым оларға: «Оған (мұнарадағыға) рұқсат жоқ. Қала тұрғындарына рұқсат. Өйткені, әркім тұрған жеріне қарай жауапты болмақ», - деп жауап берген екен[1].

Сондықтан, жергілікті халыққа күн батып тұрғанымен жердің домалақтығы себепті мыңдаған метр биіктікте ұшып бара жатқан ұшақтағы адамға күннің көзі көрініп тұруы мүмкін. Осыған орай, ұшақтағы кісілер кесте бойынша емес, күннің батуын негізге алады. Өйткені, ауыз ашу үшін күннің батуы шарт. Құран Кәрімде «Оразаны түнге шейін (күн батқанға дейін) толық ұстаңдар» деген[2]. Ондай жағдайда уақыт ұзап әрі қарай шыдау мүмкін болмай оразасын ашып жіберген жолаушы бір күн қазасын өтейді. Кәффарат қажет емес.

Ендеше, сіздің жағдайда бір күн қаза керек. Рамазан айынан кейін бір күн қазасын өтейсіз. Кәффарат қажет емес. Ал, ұшаққа отырмастан бұрын уақтылы ауыз ашқан кісілердің оразалары дұрыс. Өйткені, жердегіге – жердің үкімі жүреді. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Имам Зайлағи: Тәбиинуль Хақайқ.; Ибн Ғабидин: Хашия; 
[2] Бақара сүресі, 187 аят. 

Абдусамат Қасым