АЙТ НАМАЗЫНА ШЫҚПАС БҰРЫН НЕ ІСТЕГЕН ЖАҚСЫ?
|
Ораза айты – Рамазан бойы Алла разылығы үшін өзін ішіп, жеуден тыйған кісінің қуанышқа бөленетін күні. Ол - отыз күн бойы оразасынан кейінгі үлкен бір «ауыз ашары» іспетті. Сондықтан, оны «Ғидуль Фитр» яғни «Ауыз ашар мейрамы» деп те атаған. Бұл күн – айт намазын оқумен басталады. Айт намазына шыққан кісіге мына әрекеттерді орындау сауапты:
1. Жуыну. Имам Мәликтің «әл-Муатта» атты хадис жинағында сахаба Абдулла ибн Омардың айт күні мешітке шықпай тұрып жуынып алатындығы айтылған[1].
2. Хош иіс себініп, әдемі киім киіп шығу. Әзірет Омар базарда сатылып тұрған жібек киісті көріп Пайғамбарымызға: «Уа Алланың Елшісі! Мынаны сатып алсаңыз екен. Айт күндері сырттан келген қонақтарға әдемі боп шығар едіңіз», - дегенде Ол (с.а.у): «Бұл (жібек) киіс құдайдан үміті жоқтардың киісі»[2], - деп қабыл етпеді. Бұл хадистен байқағанымыздай, Пайғамбарымыздың заманында да айт намазына әсем киім кию үрдісі бар-тын.
3. Айт намазға шықпай тұрып, үйінен дәм татып шығу. Бұл жайында сахаба Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Пайғамбарымыз айт күні бірнеше құрма жемей (мешітке) шықпайтын»[3]
4. Айт намазынан бұрын пітір садақасын беру.Өйткені Пайғамбарымыз пітір садақасын айт намазына шықпай тұрып беретін болған.
5. Айт намазына бара жатқан жолда іштей тәкбір тәшриқты айту: «Аллаху Акбар, Аллаху Акбар. Ләә Иләһә илла-Ллах,уа-Ллаху Акбар. Аллаху Акбару уа ли-Лләхи-ль-хамд»
6. Мешітке келген кісі айт намазы оқылмай тұрып нәпіл намаз оқымайды[4]. Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) айт күні тек екі ракағат айт намазын оқыған. Одан бұрын не одан кейін намаз оқымады[5].
[1] Әл-Муатта, Китабуль ъидайн – 428.
[2] Бухари, Китабуль Жиһад - 2889
[3] Сахих Бухари, Китабуль ъидайн – 953.
[4] Хидая – 1/210-211 бет; Биная – 3/99 бет.
[5] Бухари, Китабуль ъидаин – 964.