Ғұсыл алу кезінде қолданатын судың мөлшері қаншалықты болмағы шарт?
Ғұсыл алу кезінде қолданатын судың мөлшері қаншалықты болмағы шарт?
8 жыл бұрын 7513

Әссәләмуғалейкум! Ғұсыл алу кезінде, басқа су құйғанда судын мөлшері қаншалықты болмағы шарт? Ұзын шашқа түюлі немесе өрулі күйінде үстінен су құюға бола ма? Сымбат.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Ғұсыл құйынғанда пәлен мөлшерде су қолданылсын» деген бұйрық жоқ шариғатта. Әркім өзінің қажеттілігіне сай мөлшерде су қолдануына құқылы. Бірақ, «судың да сұрауы бар» демекші, тым ысырапқа қашпаған дұрыс. Мәкруһ болады.

Әйтсе де, риуаяттарда келтірілген мәліметтерді қарастыра келе, Пайғамбарымыздың ғұсыл мен дәретте қолданған судың мөлшерін анықтауға болады. 

Мәселен, риуаяттың бірінде Айша анамыз Пайғамбарымызбен бірге ғұсыл құйынғанда «фарақ» деп аталатын бір "Қадәх" ыдыс су қолданғанын айтады[1]. Фарақ – шамамен сегіз литр су. Сонда, бір адамға шамамен төрт литрден келіп тұр.

Екінші бір риуаятта, Сахаба Жәбир ибн Абдулла «бір саъ» су Пайғамбарымыздың ғұсылына жететіндігін тілге тиек еткен. Бір саъ – шамамен төрт литр су[2].

Ал, үшінші бір риуаятта, Сахаба Әнәс (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у) бір саъдан бес мүдд мөлшеріне дейінгі сумен жуатын немесе жуынатын. Дәрет алған кезде бір мүдд су қолданатын»[3].

Осы айтылғандарды қорытындылай келе, Пайғамбарымыздың ғұсыл құйынғанда шамамен 4-5 литр, ал дәрет алған кезде 1 литр көлемінде су жұмсағандығын айтуға болады.

«Өрілген шаш» мәселесіне келер болсақ, ардақты Пайғамбарымыздың хадисіне қарағанда, әйел адам өріп алған өрімін ғұсыл алу барысында тарқатпаса да болады. Тек, шаштың түбіне судың тиюіне мән берілуі тиіс[4].

Ал, құр түйілген шаш яки бос жіберілген шаш ғалымдардың көпшілігінің тұжырымы бойынша, ғұсылда толығымен жуылуы керек[5].


[1] Сахих Бухари: Китабуль Ғусл – №250  хадис
[2]http://www.ilimdunyasi.com/sahih-i-muslim-muhtasari/boy-abdesti-alirken-kullanilacak-su-miktari/?wap2
[3] Сахих Бухари: Китабуль удзу – № 201 хадис
[4] (Муслим, Бәбу Хукми Дафаир, №330 бет)
[5] Әл-Кәсәни: Бадаиғус Санаиғ – 1/269 бет; Фәтәу әл-Һиндия: 1/16 бет; Мула Алиюль Қари: Фатх – 1/57 бет.

Абдусамат Қасым