Төрт ракәғат парыздың екінші ракәғатында сәлем беріп қойсам, не істеймін?
Төрт ракәғат парыздың екінші ракәғатында сәлем беріп қойсам, не істеймін?
8 жыл бұрын 8945

Әссәләмуғаләйкум! Төрт ракәғаттық парыз намазында, екінші ракәғатынан соң сәлем беріп, тура сол сәлем берген уақытта есіне түссе, тұрып әрі қарай жалғастырып, соңында сәһу сәждесін жасаса бола ма? Әлде, намаз аяқталып қойған саналып, қайта басынан оқу керек пе?  Шынар 

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Төрт ракәғатты парыз намазының екінші ракәғатында соңғы отырыс екен деп сәлем беріп қойған кісі, сол мезетте қателескендігін білген болса, тұрып әрі қарай үш пен төртті жалғастырып оқып кетеді. Соңында сәһу сәждесін жасайды. Алғашқы шатасып берілген сәлем – дұға ретінде есептеліп, намаздан шыққан болып саналмайды[1].

«Сахих Бұхари» атты хадистер кітабында орын алған риуаятта Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) бесінде ме, асырда ма (екеуінің біреуінде) намаз өткізді. Сонда Пайғамбарымыздан Екі қол иесі* (атанған сахаба): «Уә, Расулаллаһ! Намазды қысқартып оқыдың ба?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Оның айтқаны рас па?», - деп (сол жердегі өзге) сахабалардан сұрайды. Олар: «Иә», - деп жауап береді. Одан кейін Пайғамбар (оқылмай қалған) ахырғы екі ракәғатты оқиды да, екі сәжде жасайды (сәһу сәждесін жасайды)»[2].  

Алайда, жолаушы екенмін деген оймен екінші ракәғатынан кейін сәлем берсе, яки, бесін мен жұманы шатастырып екінші ракәғатында сәлем беріп жатса, немесе құптан намазының парызын тәрауих намазы екен деп екі рәкәғаттан кейін аяқтап жатса, намазы бұзылады. Қайта басынан бастап оқуы керек[3].  

*Екі қол иесі - Әл-Хирбақу әс-Сәлми есімді сахабаның лақаб аты. Бұлай аталуының себебі, қолы ұзын болған деседі. Сондықтан да, оны «екі қол иесі» деп атаған екен. Қолы ашық, жомарт жан болғандықтан да, әлгіндей атаған болуы мүмкін[4].  


[1] Бахрур Раиқ – 2/196-197 бет.
[2] Сахих Бұхари: Китабус сәһуи - №1169 хадис.
[3] Фатху Бәбул Иная - 1/359 бет.
[4] Алиюль Қари: Мирқатуль Мәфатих.   

Абдусамат Қасым