Неке мәселесінде біреуге мінездеме беру, ғайбат болып саналмай ма?
Неке мәселесінде біреуге мінездеме беру, ғайбат болып саналмай ма?
7 жыл бұрын 6043

Әссәләмуғалейкум! Неке мәселесінде қыз немесе жігіт қарастырып, сұрап келген кісіге «ол - өте толық», «қап-қара», «мінезі нашар» т.б. деп айтса, ғайбатқа жата ма? Және жәйдан, жәй сіңілеріміз жайында «қырсық», «ашушаң» деп сырттай айту ғайбат па? Қасындағыларға ескертуден шаршаған адам ішінен жақтырмай, ғайбатты естіп отырса, оған да жазыла ма?  Муслима.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жалпы алғанда жар таңдау мәселесінде құрбыңызға, жақын адамыңызға қыз немесе жігітке қатысты мінездеме берудің күнәсі жоқ. Және ол нәрсе ғайбат болып саналмайды.

Ардақты пайғамбарымыздың заманында Фатима бинт Қайс есімді әйел болған. Ол Пайғамбарымызға келіп сахаба Мұғауиә ибн Әбу Суфиян мен Әбу Жәһм есімді сахабаның (Ъамир ибн Хузайфа әл-Ъадәуи) сөз салғандықтарын айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлгі әйелге: «Әбу Жәһмға келер болсақ, оның қолынан таяқ түспейді (тым қатал). Ал, Мұғауия малы жоқ, пақыр. Сен, Усама ибн Зайдқа тұрмысқа шық», - деп кеңес етеді[1].

Аталмыш хадистің шархында Имам Нәуәи, кеңес пен насихат барысында әлдебір адамның бойындағы нәрсені тілге алудың рұқсат екендігін, бұл ғайбат болып саналмайтындығын айтып өтсе[2], ғалым Алиюл Қари, неке мәселесінде қыздың не жігіттің көзге батар айыбын айтудың күнә еместігін, болашақта қиналып қалмауы үшін айту рұқсат екендігін тілге тиек еткен[3].    

Дегенмен, мінездеме бергенде де адамның дене-бітімінен гөрі, оның мінез-құлқына көбірек көңіл аударған жақсы. Жоғарыдағы хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) Усама ибн Зайдтқа үйленуді бұйыруының себебі, Усама көркем мінезді, артық қылығы жоқ, тақуа адам болғандығы үшін. Хадистің жалғасында Фатима бинт Қайс алғашында Пайғамбар ұсынысын ұнатпағандығын, бірақ, Алла елшісінің қайталап айтуымен қабыл еткендігін, алайда, ол таңдауына өкінбейтіндігін, Алла тағала екеуіне баяндылық беріп, онымен бақытты болғандығын айтқан. 


[1] Сахих Мүслім, Китабут талақ – 2709/1480 хадис.
[2] Имам Нәуәуи: Сахих Мүслімнің шархы. 1480 хадистің түсіндірмесі.
[3] Алиюл Қари: Мирқат - №3324 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым