Қаланың ішінде «қоғамдық көлікте» кетіп бара жатып намазын оқып алса бола ма?
Қаланың ішінде «қоғамдық көлікте» кетіп бара жатып намазын оқып алса бола ма?
3 ай бұрын 1796

Ассалаумалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Жұмыстан кешке жетілерде шығып, үйге барам дегенше азан айтып қояды, мен үйге барам дегенше уақыт өтіп кетеді. Сол үшін «маршуткада» отырып оқыса бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Көлікте парыз намазын оқуға болады деуіміз үшін екі шарт ләзім:

  1. Қаланың сыртында болуы керек, шамамен қаладан ең кемі 10-20 шақырым ұзақтықта болуы тиіс (ескілікті фиқһ кітаптарында екі фарсах ұзақтық делінеді). Жолаушы болсын, мейлі тұрғылықты болсын, қаланың сыртына шықса, көлікте оқу мүмкіндігі туады.
  2. Көліктен түсіп оқуға кедергі келтірер үзір болуы шарт. Мысалы, жердің батпақтығы, сырқаттық, қарақшыдан қорқу, жыртқыш аңдардың шабуылынан қауіптену, көліктің бұған қарамай кетіп қалуынан қауіптену т.б. үзірлер. Поез, ұшақ, қаларалық автобустардың керек кезде тоқтап аялдамаулары да үзір болып саналады.

Осы екі шарт табылған жағдайда ғана көлікте парыз намазды отырып оқуға болады. Бұл екі шарт (қаланың сырты және үзір) бірдей табылмаған жағдайда көлікте оқуға болмайды. Неге парыз намазы деп отырмын? Өйткені нәпіл және сүннет намаздарды үзір болмаса да көлікте отырып оқуға болады, бастысы қаланың сыртында болуы тиіс делінеді Ханафи фиқһ кітаптарында1. Өйткені, хадистерде Пайғамбарымыз (с.а.у.) жолға шыққан кезінде нәпіл намаздарды көлігінде оқып, ал парызын көліктен түсіп оқитын болған, тек, мәжбүр жағдайда ғана парызды көлікте оқыған.

Қорытынды

Ендеше, мұсылман кісі қаланың ішіндегі қоғамдық көліктерде отырып намаз оқи алмайды екен, неге десеңіз екі шарты табылмайды. Бұл мәселеде, қала маңында тұратын кісілерге үлкен жеңілдік - қала маңындағы ауылдарда тұратын кісілер қаладағы жұмысынан қайтып бара жатқан сәттерінде үйге жетем дегенше намаздары қаза болады деген қауіп туындаса, көлікте кетіп бара жатқан бойы отырып оқи берсе болады оларға. Ал қаланың ішіндегі қоғамдық көлікпен кетіп бара жатқан мұсылман көлікте оқи алмайды, ол мүмкіндігінше мешіт жақтан түсіп немесе намазханасы бар сауда орталықтарының қасынан түсіп, қаза болады деп қорыққан намазын мешітте не намазханада оқып алғаны жөн.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1Имам Алауддин әс-Сәмарқанди: «Түхфәтуль Фуқаһа» - асСаләту аляь рохилә тарауы; Бұрхануддин ибн Мәзә: «әл-Мұхитуль Бұрхани» - ас-Саләту аляд дәббә.