Ассаламуғалейкум! Жайлауда мал іздеп, 90 шақырым жерге барып қалған жағдайда намаздар қалай оқылады? Санан Бахадұр.
|
Мал іздеп, 90 шақырымға кетіп қалсам, намаздар қалай оқылады?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Шариғатта «жолаушы үкімінде» болу үшін мынадай шарттар табылу керек:
- Ең кемі 90-100 шақырым ұзақтық.
- Шығарда 90-100 шақырым ұзақтыққа баратынына діттеп шығу. Ғалымдар айтқан: «ниет болмаса, әлемді шарласа да жолаушы үкімінде болмайды» деген.
- Тұрғылықты елді-мекенінен толықтау шығу1.
Демек, алыс жолды діттемей, жоғын іздеп шыққан адам, әне-міне дегенше жүз шақырымға жетіп қалса да, жолаушы үкімінде болмайды, сәйкесінше төрт рәкәғаттық парыз намаздарын екі рәкәғатқа қысқартпайды деген сөз.
Сіздің жағдайда, тұрақты панаңыздан тоқсан шақырымдық жерге баруды діттеп шықпағандықтан, мал іздеу барысында тоқсан шақырымдық жерге жетсеңіз де намаздарыңызды қысқартпай толық оқуыңыз керек.
Кейде мынадай да жағдай болуы мүмкін: малыңыздың 90-100 шақырымдық жерде екендігін білесіз делік және малдың артынан сол жерге баруды діттеп шықтыңыз делік, мұндай кезде жолаушы үкімінде боласыз, себебі тоқсан шақырымға бару ниетіңіз бар.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
1Имам Алауддин әс-Сәмәрқанди: «Түхфәтуль Фуқаһәә». Бәбу Соләтиль Мүсәфир.