"Жолаушы саналу үшін баратын жері 90 шақырымдық жер болуы керек" дегенге дәлел бар ма?
"Жолаушы саналу үшін баратын жері 90 шақырымдық жер болуы керек" дегенге дәлел бар ма?
3 жыл бұрын 7602

Әссәләму әлейкум уә рохматуллаһи уә бәрокәтуһ! Сізден Алла разы болсын! Жолаушы болу үшін 90 шақырым болу керек дегенге дәлел айтып жіберсеңіз! Абдунұр Абдуразақ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабында жолаушы үкімін алу үшін баратын жері ең аз дегенде – орташа жүріспен есептегенде үш күндік жер болуы керек. Орташа жүріске – жаяу жүріс немесе түйе жүрісі жатады. Және де «үш күндік жол» дегендегі мақсат – күндіз-түні жүріп барғандағы жер емес, күндізгі уақытта ғана жүргендегі үш күндік жер. Түнде жол жүрмейтіндіктен, күндізгі жүріс негізге алынған.  

Ендеше, жолаушы мәселесінде негіз, ол – баратын жері ең аз «үш күндік жер» болуы керек. Бұл хадистермен бекітілген үкім. Ал, сағатпен өлшеу, километрмен, мильмен және «фәрсахпен»[1] өлшеу, бұлар – қарапайым халыққа жеңіл болсын деген мақсатта кейіннен бекітілген өлшемдер. Қарапайым халық «үш күндік жолды» дәл анықтай алмауы мүмкін. Әсіресе поезд, ұшақ, автокөлік сияқты транспорт түрлерімен жол жүру қалыптасқан бұ заманда, қай жер қанша күндік жер екендігін дөп басып анықтау қиын. Сондықтан да, «үш күндік жерді» кейінгі буын ғалымдар «фәрсахқа» шақтады, одан соң фәрсахты мильге мөлшерледі, енді міне бүгінде километрмен есептеу қалыптасқан. Мәселен, үш күндік жолды шамамен «18 фарсах» дейді ғалымдар. Бір фарсах – шамамен 5600 метр (5597,75). Сонда 18 фарсах – 100 км болмақ.

Үш күндік жерді 15-16 фарсах ұзақтық дегендер де болған. Егер үш күндік жолды 16 фарсах деп алар болсақ, ол – 89,6 шақырымға тең келеді. Ал, 15 фарсах деп алғанда, ол - 84 км болады[2].

Демек, жолаушылықтағы ұзақтық – ең азы үш күндік жер екен. Ол хадистермен және сахабаның амалдарымен бекітілген қашықтық. Енді оған айтар дәлелдеріміз төмендегінше.

Мысалы, Алла елшісінің (ғалейһиссаләту уә сәлләм) былай деген сахих хадисі бар:

«Мұқим адам (тұрақты) мәсісіне бір күн-бір түн мәсіх тартады. Ал жолаушы адам үш күн-үш түн мәсіх тартады»[3].

Аталмыш хадистегі «жолаушы үш тәулік бойы мәсіх» тартады дегеннен Ханафи ғалымдары «жолаушылықтың мөлшері – үш күндік жер» деген тоқтамға келген. Себебі, жолаушылық үш күндік жерден аз қашықтық болғанда, Пайғамбарымыздың «жолаушы мәсісіне үш тәулік бойы мәсіх тартады» деген сөзінің мәні қалмас еді.

Тағы бір риуаятта Али бин Рабиъа әл-Уәлиби есімді кісі былай дейді:

«Мен Әзіреті Абдулла ибн Омардан қанша ұзақтықта намаз қысқарып оқылады?» - деп сұрадым. Ол (р.а.): «Сүәйдә»[4] деген жерді білесің бе? – деді. Мен: «Жоқ, білмеймін. Бірақ, естігенім бар» - дедім. Сонда Абдулла ибн Омар (р.а.): «Ол – үш түндік жер. Біз оған шыққанда намазымызды қысқартып оқитынбыз», - деді» - дейді Али ибн Рабиъа[5].

Осы риуаятқа анықтап қарасақ, сахаба Абдулла ибн Омардың Медине қаласынан «үш күндік» қашықтықтағы жер болып саналатын Суәйдаға жолаушылап шыққан кездерінде намаздарын қысқартып оқығандықтарын айтып отыр. Осылайша, «жолаушылықтың арақашықтығын» сұраған Али ибн Рабиғаға: үш күндік жер деп жауап берген болып отыр.    

Және де Имам Бұхаридің «Сахих Бұхари» атты хадис кітабында мына бір риуаятқа орын берілген. Ол риуаятта былай делінеді:

وكان ابن عمر وابن عباس رضي الله عنهم يقصران ويفطران في أربعة برد وهي ستة عشر فرسخاً

«Сахаба Абдулла ибн Омар және сахаба Абдулла ибн Аббас «төрт бүрд» ұзақтықта намаздарын қысқартып оқитын және (жолаушы ретінде) оразаларын ашатын. Төрт бүрд – он алты фәрсахқа тең»[6].  

Осындағы «он алты фәрсах» дегені километрге шаққанда 85-90 шақырымға тең келіп тұр. Яғни, үш күндік жер.

Ендеше, жолаушыға қатысты «85-90 шақырым» деген мөлшерлер ойдан шығарылмаған өлшемдер екендігіне көзіміз жетті деп ойлаймын. Олардың түбі Пайғамбардың хадистері мен Оның ардақты сахабаларының амалдарына барып тірелетіндігін ұққан болдық[7]. Уәлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


[1] Ескілікті заманда арақашықтықты есептейтін өлшем бірлігі. Парсы тілінен еңген сөз. Бір фарсах – 3 миль немесе 12 мың қадам.
[2] Имам Шүрунбүләли: «Имдәт». Саләтуль Мусафир.
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №276 хадис.
[4] Сүәйда – Медине қаласына жақын жер.
[5] Имам  Мұхаммед ибн Хасан: «Әл-Әсәр»; «Әсәрус Сунна», Иснады сахих. Риуаят етушілер кілең «сиқа» дәрежесіндегілер.
[6] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - «Бәбу: Фи кәм яқсурус саләһ». (Таълиқан).
[7] Толығырақ: Имам Тәһәнәуи: Иълә-әс Сунна – 7/269-283 бет.

Абдусамат Қасым