Имамға 4-ші рәкәғатқа үлгерген кісі, өзі өтегенде бірінші рәкәғаттан кейін тәшәһһуд отырысына отырады екен. Оған қандай дәлел бар?
Имамға 4-ші рәкәғатқа үлгерген кісі, өзі өтегенде бірінші рәкәғаттан кейін тәшәһһуд отырысына отырады екен. Оған қандай дәлел бар?
4 жыл бұрын 3681

Ассәләмуғалейкум! Ханафи мәзхабы бойынша, имаммен оқыған 4-ші рәкәт, ол  - сенде де 4-ші рәкәт болып есептеледі емес па? Маған «имаммен 4 ракатты оқып тәшәхуд айтып сосын имам сәлем берген соң тұрып, 1 рәкәтты оқисың» деді, «сосын сен тағы отырыс жасап тәшәхуд айтып (4 рәкәт иманммен өтелді, 1 рәкәтты оқыдым, сосын тағы отырыс жасадым). 2 және 3 рәкәтты оқиды екенмін сосын барып намазды аяқтаймын. Мендегі сұрақ: Егер бағанағы имаммен оқыған 4-ші рәкәтты бірінші болып емес, 4 рәкәт болып есептелетін болса, неге 4-ші рәкәтты имаммен оқып, тәшәхул айтқаннан соң, бір рәкәт оқып, тағы да бір рет отырыс жасауым  керек? Хадистерден қандай дәлелдер бар? Нұржан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намазда имамға кешігіп келіп қосылған кісіні шариғатта «Мәсбуқ» деп атайды. Мәсбұқ үкіміндегі мұсылман – келген жерінен имамға ілесіп, намаз соңында имам екі жаққа сәлем бергеннен соң, ол сәлем бермей тұрып, жіберіп алған рәкәғаттарын өзінше өтейді.

Мәсбуқтың кейіннен өтейтіндері «қырағат ету» тұрғысынан алғанда - намаздың басы саналады. Сондықтан да, біріншісін сәнә дұғасымен бастайды, әғузу-бисмиллә айтады, әрі алғашқы рәкәғаттарында фатиха мен қосымша сүре оқиды. Ал, тәшәһһуд дұғасына отыру тұрғысынан қарағанда, олар соңғы рәкәғаты ретінде есептеледі[1].  

Тарқатып айтар болсақ:

Төрт рәкәғатты парыз намаздың төртінші рәкәғатына толықтай үлгерген кісі[2] алдынғы үш рәкәғатты жіберіп алды деген сөз. Ол имаммен бірге әдеттегідей орындап, имамның сәлем беруін күтеді. Имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін, ол «Аллаһу әкбар» деп тұрып, жіберіп алған үш рәкәғатты өтеуге кіріседі. Бірінші рәкәғатында сәнә оқиды, әғузу-бисмилламен бастайды, фатиха және қосымша сүре оқиды. Одан соң рүкуғ жасап, сәждеге барады, сәждеден кейін «тәшәһһуд» отырысына отырады. Аттахияту дұғасын оқығаннан кейін «Аллаһу әкбар» деп екіншіге тұрады. Екіншісінде фатиха және қосымша сүре оқиды, одан соң, рүкуғ пен сәждені орындайды артынан тәшәһһудке отырмастан үшіншіге тұрады. Үшіншісінде тек фатиханы оқып, рүкуғ, сәжде жасап, әттахиятуға отырады: тәшәһһуд, салауат оқып аяқтайды.

Осы мысалдағы, үлгермей жіберіп алған үш рәкәғатты өздігінен өтейтін кезде біріншісінде «тәшәһһудқа» отыруы тиіс дедік. Бұған мына риуаят дәлел болады:

Әбу Ханифаның ұстазы Хаммадтан, ал Хаммад болса табиғин ғұлама Ибраһим ән-Нәхәъиден жеткізген риуаятта, табиғин Мәсруқ және Жүндүб екеуі ақшам намазына кешігіп келіп, имамға соңғы үшінші рәкәғатында қосылады. Мәсруқ пен Жүндүб имаммен бірге үлгерген соңғы рәкәғатты оқиды да, имам сәлем бергеннен кейін жіберіп алған екі рәкәғатты өтеуге тұрады. Сол сәтте Мәсрұқ екі рәкәғаттың алғашқы рәкәғатында «тәшәһһуд» отырысына отырады, одан соң қалған бір рәкәғатты оқып аяқтайды. Ал Жүндүб болса, екі рәкәғаттың біріншісінде тәшәһһудке отырмай, екіншіге тұрып, екіншісінде бір-ақ тәшәһһудке отырады. Кейін намаздарын аяқтап болғаннан соң, екеуі дұрыс-бұрысын анықтау үшін сахаба Абдулла ибн Мәсъудке барады. Екеуі мән-жайды түсіндіріп береді. Сонда сахаба Абдулла ибн Мәсъуд (радияллаһу анһ) оларға:

«Екеуің де сөзсіз, көркем орындадыңдар. Десе де, мен Мәсрұқ оқығандай оқыр едім» Имам Ахмед: "әл-Әсәр".

- дей келе, ақшамның үшінші рәкәғатына үлгерген мұсылманның кейіннен өзі тәмәмдайтын екі рәкәғаттың біріншісінде «тәшәһһуд» отырысына отыруы керек екендігін білдірген. Осы риуаятты келтірген Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Біз Ибн Мәсъуттың сөзін аламыз» деген екен[3]. Сіз сұрап отырған, мәселе де осыған ұқсас.

Демек, төртінші рәкәғатқа үлгерген кісі, кейін жіберіп алған рәкәғаттарын өздігінен өтейтін кезде бірінші рәкәғатында тәшәһһудқа отырады, сондай-ақ, бұл үкім – сахаба Абдулла ибн Мәсъуттың пәтуасына сүйенеді. Уәлхамду лилләһи Раббиль аләмин!


[1] Әл-Фәтәуәль Һиндия: 1/102 бет.
[2] Бір рәкәғатқа толықтай үлгерген болуы үшін, ең жоқ дегенде имам рүкүғта тұрғанда ұйып үлгерген болуы тиіс.
[3] Имам Тәһәнәуи (рахимаһуллаһ): «Илә-әс  Сүннә». 4/393 бет. 

Абдусамат Қасым