Үлкендерге арналған сұрақ (18+)
Үлкендерге арналған сұрақ (18+)
3 жыл бұрын 8481

Ассаләмуғалейкум! Әйел еркектің үстінде отырып жыныстық қатынасқа түсуі арам ба,  әлде адал ма? Толығырақ түсіндіріп жіберсеңіздер! Рахмет.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ұлы сөздің ұяттығы жоқ. Дінде ерлі-зайыптылар төсек қатынасына әртүрлі қалыпта (поза) түсе алады. Белгілі бір шектеу жоқ. Бастысы алдыңғы мүшеден қатынас жасалған болуы тиіс және қалып (поза) залалды болмаса болғаны.

Құран Кәрімде, Алла Тағала былай деген:

نِسَاؤُكُمْ حَرْثٌ لَّكُمْ فَأْتُوا حَرْثَكُمْ أَنَّىٰ شِئْتُمْ

«Сендердің әйелдерің – сендердің егістерің. Егістеріңе қалаған жақтарыңнан келіңдер»[1].

Келтірілген аяттағы «егіс» сөзінде – жалпы түрде әйелі, ал жалқы түрде әйелдің қынабы астарланып тұр. Ер адам өзінің әйелінің қынабына ұрығын салып, кейін баласы дүниеге келіп жататындықтан, ол жерге «егіс» сөзі қолданылған. Бұл – бір.

Екіншіден – «егіс» сөзінен әйелдің тек алдыңғы мүшесінен қатынасқа түсу шарт екендігін де ұғынуға болады. Исламда аналды жолдан қатынасқа түсу үзілді кесілді харам іс.

Үшіншіден – аятта «қалаған жақтарыңнан келіңдер» деп отыр. Бұл сөзден - кез-келген қалыпта төсек қатынасына түсе беруге болатындығын ұғынуға болады.

Деректерге қарағанда Әзіреті Омар бір күні Алла елшісіне (с.а.у.) келіп:

- Уа, Расулалла! Құрыдым! – дейді.

- Сені құртқан не нәрсе? – деп сұрайды Пайғамбарымыз (с.а.у.).

- Түнде ер-тұрманымды теріс қаратып қойдым, - деп айтады. (Яғни, әйелінің алдыңғы мүшесіне артқы жағынан жақындасқан).

Сол сәтте Пайғамбарымыз (с.а.у.) еш нәрсе айтпайды. Кейіннен Алла елшісіне «Сендердің әйелдерің – сендердің егістерің. Егістеріңе қалаған жақтарыңнан келіңдер» деген аят түсті дейді хадисті риуаят етуші сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.)[2].

Әзіреті Омардың ондай қалыпта әйеліне жақындасудың күнә екендігін ойлауының себебі, жергілікті яһуди дініндегі кісілер әйеліне артқы жағынан келуді ағат санап, одан көзі қыли бала туылады деп сенетін. Алайда аят түсіп, ондай нанымның негізсіз екенін, әйеліне қандай қалыпта болса да жақындасуға болатындығын, бастысы қатынас - алдыңғы мүшеден жасалған болуы керектігін білдірген болды.

Тоқ етерін айтқанда, ерлі-зайыптылардың сауалда сұралған қалыпта жақындасуларының діни тұрғыда еш күнәсі жоқ, әрі медицина тұрғысынан да залалды екендігі дәлелденбеген. Үкімі – мубах.


[1] Құран Кәрім: «әл-Бақара» сүресі, 223 аят.
[2] Имам Тирмизи: «Сүнән». Сахих хадис.

Абдусамат Қасым