«Әууәбин намазы» қандай намаз?
«Әууәбин намазы» қандай намаз?
7 жыл бұрын 82479

Әссәләмуғалейкум! Мүмкін болса, «әууәбин намазының» оқылу тәртібін айтып берсеңіз екен! Роза.  

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Әууәбин намазы» - «тәубе етушілердің намазы» деген ұғымда. «Әууәб» деп, күнә істеп, артынша тәубе еткен кісіні айтады. Әууәбин намазы – ақшам намазынан кейін оқылатын нәпіл намаздың атауы. Үкімі – мұстахаб.

Уақыты:

Бұл намаздың уақытын кейбір сахих риуаяттарда сәске уақытысында десе, басқа риуаяттарда ақшам мен құптан арасында оқылатындығы айтылған.  

«Сахих Мүслім» атты хадистер жинағында Пайғамбарымыз:

«Әууәбин намазы – ботаның тұяғын жер қыздыратын сәтте оқылады»[1]- деген. Яғни, күн арқан бойы көтерілгеннен бастап, жер қызып аяқ күйетін сәтке шейінгі аралықта. Осы хадиске қарай, аталмыш намазды «духа намазы»  деп есептегендер бар.

Алайда, басқа бір риуаятта: «Кімде-кім, ақшам намазынан кейін алты рәкәғат намаз оқыса, ол тәубе  етуші ретінде жазылады», - дей келе, аталмыш намаздың ақшамнан кейін оқылатындығына ишара етіп тұр.

Имам Тирмизидің хадистер кітабында да мынадай риуаят бар: «Кімде-кім ақшам намазынан кейін алты рәкәғат намаз оқып, сол аралықта жаман сөз сөйлемейтін болса, онысы ол үшін (сауаб тұрғысынан алғанда) он үш жылғы ғибадатқа татиды»[2].  

Осыған қатысты риуаяттарды ұштастыра келе кейбір ғұламалар әууәбин намазы екі уақытта да оқыла береді дейді. Әйткенмен, ханафи ғалымдары бойынша, әууәбин намазының уақыты - ақшамнан кейін.

Мәні: 

Оны күн батқаннан соң оқудың өзіндік мәні бар. Кісі күндіз бойына пендешілікпен әртүрлі күнәлі әрекеттерге барып қоюы мүмкін: біреуді жамандап қоюы мүмкін, яки, харам нәрсеге қарап қоюы мүмкін, немесе байқамай жаман сөздер айтып қоюы мүмкін т.б. Міне ақшамнан кейін әууәбин намазын оқу арқылы Алладан кешірім тілеп, күндіз бойы біліп не білмей істеген ұнамсыз әрекеттерін жуып-шаюға мүмкіндігі бар екен. Ол намаздың басқа бір атауы "ғапылдық намазы" болып табылады.  

Рәкәғат саны:

Әууәбин намазының рәкәғат саны риуаяттарға қарағанда: 4 рәкәғат, 6 рәкәғат және 20 рәкәғаттан тұрады[3]. Хадистердегі «төрт рәкәғат» дегенді Шафиғи ғалымдары екіге бөліп: "бірінші бөлігін ақшам намазының сүннеті, ал, екінші бөлігін әууәбин намазы" деп топшылаған. Сонда, олардың пайымынша әууәбин намазы - ең аз екі рәкәғат, ең көп жиырма рәкәғат оқылады.

Ханафи фиқһ кітаптарында аталмыш құлшылық түрі «алты рәкәғат» деп көрсетілген[4].

Оқылуы:

Алты рәкәғаттық әууәбин намазы - екі рәкәғаттан бөліп оқылады.  Дәлірек айтқанда, ақшам намазының екі рәкәғат сүннетінен соң әууәбин намазына ниет етіп, екі рәкәғаттан үшке бөліп оқиды. Дұға-сүрелер әдеттегі рет бойынша оқылады.

Аталмыш намазды екіге бөліп оқыса да болады. Олай болған жағдайда, төрт рәкәғаттан кейін екі жаққа сәлем беріп, қалған екі рәкәғатты жаңа ниетпен бастайды. Нәпіл болғандықтан төрт рәкәғаттың алғашқы отырысында «әттәхияту» дұғасымен қоса салауатты да айтып, үшіншіге тұрады.

Алтауын бір сәлеммен аяқтаса да қате емес. Ондай кезде, әр екі рәкәғаттың тәшәһһуд отырысында «әттахияту» мен «салауат» айтылып, сәлем берместен «Аллаһу әкбар» деп келесіге тұрады да, «сәнә», «әғузу» және «бисмилланы» айтып бастайды[5]. Арнайы қандай сүрелер оқылатындығы нақты айтылмаған. Сондықтан да, Фатихадан кейін қай сүрені оқимын десеңіз де өз еркіңіз.  


[1] Сахих Мүслім. Бәбу сәләтиль әууәбин.
[2] Имам Тирмизи – 435 хадис; Ибн Мәжә – 1374 хадис.
[3] Ибн Мәжә – 1373 хадис.
[4] Ибн Нужейм. «Мәжмаъул Әнһур».
[5] Шүрунбүләли: Имдәд – 404 бет; Ибн Нүжейм: әл-Бахрур Раиқ. 

Абдусамат Қасым