"Ханафи мәзхабында ниқаб кию уәжіп" дейді. Осы рас па?
"Ханафи мәзхабында ниқаб кию уәжіп" дейді. Осы рас па?
8 жыл бұрын 23366

Əссəлəмуғалейкум, ұстаз! Алланың нұры жаусын! Амалдарыңыз қабыл болсын! Ұстаз, "чаршаф" біздің мазхабта уажіп па? Атыраудан маған сұрақ келді. Не десем екен? Ләйла

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кейініректе өмір сүрген Ханафи ғалымдарының арасында: «азғырынды заманда, нәпсіқұмарлық кең етек алған шақта бойжеткендерді беттерін ашудан тыйған дұрыс» дегендер болғанымен[1], жалпы Ханафи мәзхабында «ниқаб» киіп, бетті жабу шарт емес.

Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммед (р.а.) өзінің «әл-Асл»* деген кітабында былай деген:

«Азат әйелге келер болсақ, некелеспеген немесе махрамы болып саналмайтын, неке түсетін бөтен еркектің оның ашық жеріне қарауына болмайды. Тек жүзі мен білезікке дейінгі қолына қарауына рұқсат. Әйелдің жүзі мен қолына қараудың еш ағаттығы жоқ. Одан өзге жерлерге қарамауы керек»[2].  

*Имам Мұхаммедтің «әл-Асл» атты фиқһ кітабы – Ханафи мәзхабының іргелі-негізді алты кітаптың бірі. Бұл кітаптардың топтамасын «Захиру риуая» деп атайды.  

Сондай-ақ, беделді Ханафи ғалымы Хасан ибн Аммар әш-Шүрнубүләли (х.994-1069ж.) былай дейді:

«Әйелдің денесі түгелдей - әурет (жабылуы тиіс жерлер). Тек, жүзі мен білезікке дейінгі екі қолы әурет емес. Қолдың үсті де, алақаны да солай. Ең дұрысы әрі ең таңдаулы пәтуа осы»[3].  

Қорытындылай келе айтар болсақ, әйел кісінің бетін тұмшалап, ниқап тағуы немесе паранжа киюі шариғатта міндеттелмейді. Оған дәлел болатын бірнеше сахих хадистер бар. Ал, енді, орта ғасырларда өмір кешкен кей ғұламаларымыздың білдірген әлгіндей тұжырымдамаларын жергілікті менталитетке сай және заман талабына сай берілген пәтуа ретінде қарағанымыз дұрыс. Мұндай пәтуалар заманына қарай, қоғамына қарай өзгеріп отырады. Дінімізде бәрі болмаса да, кейбір үкімдер, сондай-ақ, заманына сай не жергілікті дәстүрге сай берілген пәтуалар уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Осыны растайтын мынадай қағида бар: «Заманның өзгеруімен үкімдердің де өзгеретіндігі жоққа шығарылмайды»[4]. Басқа бір қағидада былай делінген: «Кейбір үкімдердің өзгеруі – жағдайлар мен талаптардың және қоғамда қалыптасқан әдет пен хал-ахуалдың өзгеруіне тәуелді»[5]. 


[1] Бұл мағынада айтылған сөз ғалым Тахтауиға тиесілі. Және де Ханафи ғалымы Әбу Бәкр Жәссас Құрандағы Нұр сүресінің 31 аятына жасаған фиқһи түсіндірмесінде «қол мен жүзді жабу шарт емес» десе, Ахзаб сүресінің 59 аятына жасаған түсіндірмесінде, бетті жабу уәжіп деген. Осыған қарай, «уәжіп» дегендердің өздері екі ұдай пікірде болғандығын байқауға болады.
[2] Имам Мұхаммед: әл-Асл.
[3] Имам Шүрүнбүләли: Мәрақуль Фәллах – 138 бет.  
[4] لا ينكر تغير الأحكام بتغير الأزمان
[5] تغير الأحكام تبعاً لتغير الأحوال والظروف والأوضاع والعادات; Бұл мәселенің өзіндік ереже-талаптары бар. Оны анықтайтын арнайы дін ғалымдары бар. 

Абдусамат Қасым