Ақшам намазына кешігіп имамға ұйысам, қалай жалғастырамын?
Ақшам намазына кешігіп имамға ұйысам, қалай жалғастырамын?
10 жыл бұрын 7001

Әссәләмуғалейкум!Ақшам намазының үшінші ракағатына үлгерген адам алдыңғы екі ракағатты қалай өтейді. Және намаздың төртінші ракағатына үлгерген адам алдыңғы үш ракағатты қалай өтейді? Мадияр.

Уағалейкумсалам, Мадияр! Намазға кешігіп, имамға бірінші рәкағаттан кейінгі рәкағаттарда ұйыған кісіні «мәсбуқ» дейді. Мәсбуқ имаммен бірге соңғы отырыста тәшәһһуд дуғасын ғана оқып, имамның сәлем беруін күтеді. Имам сәлем бергеннен кейін  «Аллаһу әкбәр» деп тұрып, оқымаған рәкағаттарын (сәнә мен фатиха және қосымша сүрелермен бастап) өз бетінше оқып тәмәмдайды.

1.Шам намазының үшінші рәкәғатына ғана толығымен үлгерген кісі үш рәкәғат намаздың екеуін жіберіп алды деген сөз. Ол кісі:

  • Үшінші рәкәғатты имаммен орындап, соңғы отырыста тек тәшәһһуд дұғасын ғана оқиды да имамның сәлем беруін күтеді.
  • Имам сәлем бергеннен кейін тұрып, жіберіп алған екі рәкәғатын өзінше орындайды. Дәлірек айтқанда «Аллаһу әкбәр» деп тұрады. Сәнә, әғузу мен бисмилләны айтып фатиха және зәм сүре (қысқа сүре) оқиды да рукуғы мен екі сәждесін жасайды.
  • Сәждеден кейін тағы да тәшәһһуд дұғасына отырады.
  • Тәшәһһуд дұғасынан кейін екінші, яғни соңғы рәкәғатқа тұрып, фатиха мен тағы да зәм сүресін қосып оқиды.
  • Біріншісінде тәшәһһудке отырмай тұрып кетсе, намаз соңында сәһу сәжде керек емес.

2.Төрт рәкәғат парыз намазының төртінші рәкәғатына үлгерген кісі, үш рәкәғатты оқымай жіберіп алды деген сөз. Ол:

  • Төртінші рәкәғатты имаммен орындап, соңғы отырыста тек тәшәһһуд дұғасын ғана оқиды да имамның сәлем беруін күтеді.
  • Имам сәлем бергеннен кейін тұрып, жіберіп алған үш рәкәғатын өзінше орындайды. Дәлірек айтқанда «Аллаһу әкбәр» деп тұрады. Сәнә, әғузу мен бисмилләны айтып фатиха және зәм сүре (қысқа сүре) оқиды да рукуғы мен екі сәждесін жасайды.
  • Сәждеден кейін тәшәһһуд дұғасына (әттәхият) отырады. Тәшәһһуд дұғасынан кейін «Аллаһу әкбәр» деп, жіберіп алған екіншісіне тұрады.
  • Мұнда да бисмиллә, фатиха және зәм сүре оқылады. Рукуғ және сәждеден кейін (отырмай) «Аллаһу әкбәр» деп оқылмаған үшіншіге тұрады.
  • Оқылмай қалған үшінші рәкәғатта тек фатиха сүресі оқылып, рукуғ пен сәждеден кейін соңғы тәшәһһуд, салауат және рәббәнәны айтып намазын сәлеммен бітіреді.

 

Мәсбуқ жайында қосымша мәліметті мына сілтемелерден оқи аласыз:
«Мәсбуқ» имаммен бірге сәлем беріп қойса, не істейді?:  
 http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/namaz/masbuq-imammen-birge-salem-berip-qoisa-ne-isteidi-145/
«Мәсбуқ» жайында не білесіз:  http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/namaz/masbuqtyn-tashahhud-otyrysy-qalai-bolady-225/