«Мәсбуқ» имаммен бірге сәлем беріп қойса, не істейді?
«Мәсбуқ» имаммен бірге сәлем беріп қойса, не істейді?
10 жыл бұрын 5733

Ассалаумағалейкум! Жамағатпен оқылып жатқан намаздың 2, 3 не 4-ші рәкатына қосылған кісі, намаз соңында имаммен бірге қателесіп сәлем беріп қойған болса, намазды бастан оқу керек пе? Рахмет. Ұлан Бек

Уағалейкумсалам, Ұлан Бек! Әуелі мынаны білім алайық: Намазға кешігіп, имамға бірінші рәкағаттан кейінгі рәкағаттарда ұйыған кісіні «мәсбуқ» дейді. Мәсбуқ соңғы отырыста тәшәһһуд дуғасын ғана оқып, имамның сәлем беруін күтіп отырады. Имам сәлем бергеннен кейін, ол сәлем берместен  «Аллаһу әкбәр» деп тұрып, оқымаған рәкағаттарын (сәнә мен фатиха және қосымша сүрелермен бастап) өз бетінше оқып тәмәмдайды.

Ал егер имаммен бірге ол да (мәсбуқ) сәлем беріп қойса, не істейді? Бұл мәселені екі жағдайға бөліп қарастыруға болады:

  1. Мәсбуқ қателесіп имаммен бірге немесе одан бұрын сәлем беріп қойған болса, ол әрекетіне бола намазын бұзбайды, сол күйінше тұрып, оқымаған рәкәғаттарын тәмәмдайды. Әуелгі сәлемі үшін сәһу сәждесі керек емес. Сәһу сәждесі қашан керек? Сәһу сәждесі  имамнан кейін сәлем берген болса ғана керек.
  2.  Мәсбуқ «имаммен бірге де сәлем беру керек шығар» деген оймен имаммен бірге сәлем беретін болса, онда оның намазы бұзылады, қайта бастан оқуы қажет. Себебі мұның жағдайы, әдейі имаммен бірге сәлем берген мәсбуқтың жағдайына ұқсас[1].

[1] Әл-Фәтәуа әлһиндия – 1/100-101 бет.

Абдусамат Қасым