4 рәкәғаттық намаздың алғашқы отырысында отырмай тұрып кетіп, артынша қайта отырса, намаз бұзыла ма?
4 рәкәғаттық намаздың алғашқы отырысында отырмай тұрып кетіп, артынша қайта отырса, намаз бұзыла ма?
8 жыл бұрын 9292

Әссәләмуғалейкум! Сұрағым бар еді. 4 рәкәғаттық намаздарда екінші рәкәғаттағы аттахиятқа отыруды ұмытып, кейін қайта отырса, сәһу сәжде жасай ма? Әлде, намазды басынан оқи ма? «әт-тәхиятқа» отыру намаз рүкіні емес пе? Қайта отырып қойсам, соңында сәһу сәжде жасаймын ба? Алмас Исаев

Уәғалейкум әссәләм! Имам Әбу Дәуідтің хадистер жинағында келтірілген риуаятта ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:

«Имам екінші рәкәғатта (отырмай) тұрып кетсе жəне толықтай қиямға тұрмай жатып (отырмағаны) есіне түссе, қайта отырсын. Ал, бойын түзеп, қиямға тұрып қойған жағдайда (қайта) отырмасын. (Намаз соңында) Сәһу сәждесін жасасын»[1].

Ал, толықтай бой түзеп, қиямға тұрып қойған күннің өзінде қайта отырса, не істейді?

Бой түзеп, қиямға тұрғаннан кейін артынша қайта отыратын болса, намазы бұзылады. Өйткені, бастаған парыз амалды, өзге парыз емес амал үшін бұзып отыр.

Бірақ, толықтай бой түземей жатып, қайта отырған жағдайда намазы бұзылмайды[2]. Тек намаз соңында "сәһу сәждесін" орындауы тиіс. Сәһу сәждесі – қиямға тұруға жақын қалғанда қайта отырған кісіге қатысты. Ал, қиямға қарағанда, қағдаға жақынырақ кезде есіне түсіп, "әттәхиятқа" қайта отырса, намаз соңында сәһу сәждесін жасамайды.    

4 рәкәғатты нәпіл  намаздарда алғашқы отырысына отырмай, үшінші рəкəғатқа тұрып кеткен адам бой түзеп, қиямға толықтай тұрып қойған болса-дағы, қайта отыруы тиіс. Отырмай жалғастырып кете береді дейтін Ханафи ғалымдары да бар.

Имамға ұйып, намаз оқып тұрған кісі алғашқы отырысқа отырмай толықтай тұрып қойса да, имамға ілесу үшін қайта отырады. Сәһу сәжде жасау керек емес.


[1] Әбу Дәуід – Китабус сала. №874 хадис.
[2] Әш-Шүрүнбүләли: «Имдәд». 486 бет.;  әл-Фәтәуәт Татархания.

Абдусамат Қасым