Қолдағы "наколканың" дәретке кедергісі бар ма?
Қолдағы "наколканың" дәретке кедергісі бар ма?
1 жыл бұрын 3481

 ‏السلام عليكم ورحمة الله وبركاته 

Денеге басылған «наколканың» үкімі қалай? Құлшылыққа, дәретке кедергісі бар ма? Осыны білсем деген едім. Алла разы болсын! Нұрлан. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жаргон тілде "наколка", ал бүгінде "татуировка" деген терминмен белгілі бұл істің үкімі Исламда харам. Күнә әрекет. Оған байланысты ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген: 

«Алла тағала денеге сурет салғандарды да (уәшимәт), салғызғандарды да (мүстәушимәт) лағнет етті...»[1].

Хадистегі «уәшм» сөзі дененің қайсы бір жерін иненің көмегімен тесіп, қан шықаннан кейін сүрмемен бояуды білдіреді. Бұл қазіргі таңдағы татуировка салып, денеге таңба басудың («наколка») бір түрі болып табылады.

Бірақ, ол нәрсені дінге келмей тұрып, білместіктен жасағандықтан, сізге кешірім бар деген үміттеміз. Алла Тағала білместіктен қателесіп істелінген істерді кешіреді әрі тәубе етіп, дінге бет бұрған пенделерінің бұрын істеген күнәларын да өзінің «Тәууәбур Рахим» сипатына сай кешірері сөзсіз.

Ендігі жерде, ондай таңбалардың дәрет пен ғұсылға кедергісі бар ма, дегенге айтарымыз:

Денеге салынған таңбалардағы бояу - терінің астынғы жағында орналасқандықтан, оның дәретке немесе ғұсылға кедергісі жоқ деуге негіз бар. Өйткені, дәретте немесе ғұсылда судың – терінің үстінгі жағына тиюі шарт, астынғы жағына емес. Сондықтан да, дәрет те, ғұсыл да есептелінеді. 


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» - Китабул Либәс – №3666.

Абдусамат Қасым