Құрамында ГМО-сы бар азық-түліктер халал ма?
Құрамында ГМО-сы бар азық-түліктер халал ма?
9 жыл бұрын 13880

Әссәләмуғалейкум! Құрамында «ГМО»-сы бар тағамдарды жесе бола ма? Мұхит Әлибаев.

Уағалейкум әссәләм! ГМО -  Генети́чески модифици́рованный органи́зм, яғни, гендік модификацияланған ағза дегенді білдіреді (ГМА) .

Гендік модификацияланған ағза деп (ГМА) – гендік инженерия әдістерінің көмегімен жасанды түрде генотипі өзгертілген тірі ағзаны айтады. Генетикалық өзгерістер ғылыми және шаруашылық мақсатта жасалады. Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібінде ГМА ретінде геномына бір немесе бірнеше трансгендер енгізілген организмдер жатады[1]. Мысалы, қызанаққа камбала балығының генін қосу арқылы суыққа төзімді және ерте қызаратын өнім алады.

«ГМА» тәсілін  - әлемдегі адамдар санының көбеюінің салдарынан азық-түліктер тапшылығынын алдын алу мақсатында қолданыла бастады. ГМА-тәсілімен өсірілген көкөністер төзімді, құрт-құмырсқа жоламайтын, ыстық-суыққа шыдамды, әрі ұзақ уақыт бойы сақталу қасиетіне ие. 1994-жылы алғаш рет ГМА-тәсілімен өсірілген Калифорниялық қызанақтар дүкен сөрелерінде пайда бола бастады. Бұл қызанақтар ұзақ сақталу ерекшелігімен танылды. Ондағы бұл ерекшелікті өзге хайуанның генін енгізу жолымен емес, ондағы «тез шіруге алып келетін» генді алып тастау арқылы тудырды.

Медициналық тұрғыда:

ГМА тәсілі арқылы өндірілген өнім адам денсаулығына еш қауіпсіз деп танылғанымен, зияны шаш етектен деп есептейтін мамандар да аз емес. Атап айтсақ, Франция еліндегі зертханалардың бірінде ГМА тәсілімен өндірілген жүгеріні екі жыл бойы тышқанға жегізген. Осының нәтижесінде тышқанның бойында «ми ісігі» және кейбір органдардың істен шығуына алып келетін өзге кеселдер анықталған. Бұнымен қоса, қатерлі ісіктерді тудыратын клеткалардың көптеп пайда болатыны белгілі болған (Төмендегі суретті қараңыз).

 

Франция елінің Тәуелсіз Ғылыми Зерттеу Орталығының басшысы, генетика ғылымының маманы Joёl Spiroux былай дейді: 
«Үш ай бойғы үздіксіз жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде патологиялық ақаулар анықталды. Төртінші айда тышқандар ми ісігінен өле бастады. Бұл дегеніміз, аталмыш уақыттар (3-4 ай) - ГМА тәсілімен өндірілген өнімдердің адам ағзасына тигізер кері әсерінің болуын немесе болмауын нақты анықтау үшін жеткіліксіз».  

Шариғи тұрғыда:

Шариғи үкіміне келер болсақ, Түркиялық Ислам фиқһ маманы проффесор, доктор Хамді Дөндүрен «ГМА» мәселесіне қатысты өзінің тұжырымдамасын былай білдіреді:

«Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Медине қаласына көш еткенде, ондағы жергілікті халықтың құрма ағаштарының бұтақтарын қырқып тұратынын көреді. Пайғамбарымыз алғашқыда: «Бұтақтарды қырықпаса көбірек өнім бермес пе еді?», - деп пікірін білдіреді. Бірақ, бұтақтары қырқылған құрма ағаштарының өнімі, қырқылмағандарға қарағанда көбірек болатынын көргеннен кейін Алла елшісі: «Сендер дүние істерін маған қарағанда жақсырақ білесіңдер», - деді. Осылайша мұсылмандар үшін тәжиірбеге сүйенетін ғылымның жолын ашқан болды. ГМА тәсілі хайуанның генін өсімдікке енгізу арқылы орындалатын жағдайда, халал хайуандардың гені алынғаны дұрыс. Бұнымен қатар адам денсаулығына зарары бар генді енгізуден ұзақ болу керек».  

Демек, шариғат бойынша, еті желінетін хайуандардың генін көкөністерге енгізуге рұқсат. Ал, мысық, жылан, жыртқыш хайуандар, доңыз т.б. харам деп танылған жануарлардың генін енгізу дұрыс емес. Және ең бастысы, адам ден-саулығына тигізер кері әсері болмауы тиіс.

 

Қорытынды:

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Залал тигізуге де, залалға ұшырауға да жол жоқ», – деген[3]. Сондықтан, адам денсаулығына кері әсері тигізетін заттардан мейлінше бойды алыс ұстау керек. ГМА-тәсілі арқылы өндірілген өнімдердің зиянды екендігі бірауыздан мақұлданбағанымен, бүгінде залалы бар екендігі дәлелденіп жатыр. Жоғарыда аталып өткен кеселдерден өзге, ерлер мен әйелдерді ұрпақ сүю қабілетінен айырады деген болжам да жоқ емес. Ендеше, құрамында ГМА-сы бар әр алуан тамақ өнімдерін қорек етпеу ләзім.

Осыған орай, жалпы алғанда «генетикалық өзгерістерге ұшырату» тақырыбы талқылана қалса, бірінші кезекте есіме мына бір Құран аяты түседі: «Сонда Шайтан: "...Оларға Алланың жаратқанын (خَلْقَ اللَّهِ) өзгертуді бұйырамын", - деді. Кім Алладан өзге, шайтанды дос тұтса, сонда рас ашық зиянға ұшыраған болды»[4]. 


[1] ttps://kk.wikipedia.org/wiki
[2] Муатта Имам Мәлик, Бабуль ақзия - №1461-хадис.
[3] Ниса сүресі, 119-аят.

Абдусамат Қасым