Ашу үстінде айтылған талақ есепке алына ма?
Ашу үстінде айтылған талақ есепке алына ма?
7 жыл бұрын 21701

Ассаламмуғалейкум! Ашу үстінде айтылған талақ іске аса ма?

Нұржан Жұмаділов.

Ассалаумағалейкум! Егер ашу үстінде үш рет талақ деп айтылса, неке бұзыла ма?

Мәдина

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Талақ туралы тұжырым бермес бұрын, ашуланған адамның халін немесе жай-күйін зерделеген дұрыс. Ғалымдардың пікірі бойынша, ашу қысқан адамның халін үшке бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі ашу түрінде, ашуланған адам әдеттегі қалпын жоғалтпай, айтқан сөзін ұғынып, саналы түрде пайымдап жеткізе алады. Мұндай кезде айтылған «талақ» сөзі негізге алынады.

Екіншісі - ашу тұла бойын билеп, ақыл-сезімін, ойлау қабілетін тұмшалап, әдеттегі қалпынан айырып, не айтып, не қойғанын өзі білмей есі шыққан ашудың ең жоғарғы сатысы. Мұндай ашуға тап болған кісі жындының үкіміне кіретіндіктен, айтылған «талақ» сөзі талақ боп есептелмейді[1]. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз да (с.а.у) өзінің асыл сөзінде былай деген: «Бойын қатты ашу билеген кісінің талағы да, құлға берген азаттығы да есептелмейді»[2].

Үшіншісінде, қатты ашуға тап болған кісі кейде не айтқанын білгенімен, не үшін айтқанын ұғынбауы да мүмкін. Осы жағдайда да айтылған талақ сөзі есепке алынбайды. Бұл жайында ханафи ғалымы Ибн Ғабидин былай дейді:

«Менің көзқарасым бойынша, есі шыққан адам мен ашу қысқан адамның, не айтып тұрғанын білмеуі шарт емес. Сандырақтап, іс әрекеттерінде, сөйлеген сөздерінде шыны ма, әзілі ма? - білінбейтіндей және айыра алмайтындай күйге түсулері (айтқан талағының есепке алынбауы үшін) жеткілікті...
Қатты есі шыққан адам және осыған ұқсас күйдегі кісілердің (мысалы ашулының) сөздері мен іс-әрекеттерінде әдеттегі күйін жоғалтып, ауытқушылық басым боп тұрғанына қарап үкім берілуі керек. Сондықтан да, адамның айтқан сөздері мен істеген істерінде ауытқушылық басым болып жатса, айтқан сөздері негізге алынбайды. Тіпті не айтқанын біліп тұрса дағы. Өйткені, оның білуі есті адамның білуі секілді емес (саналы түрде, ұғынып, пайымдап айтпаған ауд.). Салыстыра айтсақ, кішкене баланың халыне ұқсас (ол да бір нәрсені ерікті айтқанымен, ұғынып айтпайды ауд)...» [3].

Ендеше, ашу үстінде айтылған талақтың үкімі ашуының дәрежесіне қарай белгілі болады. Қалыпты жағдайын жоғалтып, айтқан сөзіне жауап бере алмайтындай дәрежеде ашуланған адамның талағы есепке алынбайды.

Дегенмен, қазіргі кезде көбіне, жеңіл-желпі ашуын тизгіндей алмай жарына талақ сөзін айтып-сап жатады. Ондай жағдайда айтылған талақ сөзі ескеріледі. Сондықтан, әрбір отағасы ашу үстінде дереу ажырасуды көздемей, оның орнына ашуын басып, ақылға келуді ойлауы тиіс. Шайтанның ең үлкен жетістігі - ерлі-зайыптылардың арасын айыру екендігін ұмытпауымыз тиіс. Сондықтан да, ерлі-зайыптылар шайтанның араға кіруіне жол бермеулері ләзім! 

Алла тағала отбасымыздың баянды болуын жазсын! 

[1] У.Зухайли, әл-Маусуға –8/350 бет.; Әл-Фиқһ аләл мәзәһибиль арбаға – 4/262 бет.
[2] Әбу Дәуід, ат-Талақ – 2193 хадис.
[3] Раддуль Мухтар, ат-Талақ – 4/453 бет.; S.Erturhan, İSLÂM HUKUKU AÇISINDAN ÖFKELİ ŞAHSIN TALAKI.
Ескерту: Жоғарыда ұсынылған жазба 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның аз-маз редакцияланып, кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізіпіп, қайта жарияланған нұсқасы.

Абдусамат Қасым