Қонаққа барғанда қойған асының адал-арамын сұрау шарт па?
Қонаққа барғанда қойған асының адал-арамын сұрау шарт па?
9 ай бұрын 5842

Ассаләмуғалейкум! Біреудің үйіне барғанда қойған асының адал-арамын сұрау шарт па? Мысалы, намаз оқымайды, бірақ мұсылман туыстардың үйіне барғанда ет асады, сол кезде күмәнмен жеймін. Кейде таныс достардың үйіне барғанда ет адал ма деп сұраймын. Бірақ сұрауға қысыласың бәрібір. Сұрамайын десең бисмилләмен сойылған малдың еті ме, жоқ па, деген күмән да тұрады көкейде. Не істемек керек? Рахмет. Али

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, туған-туыстардың үйіне барғанда немесе жора-жолдастар, яки, көрші-қолаңдар әдеттегідей қонаққа шақырып, алдыңызға ет қойып жатса, оған күмәнданбастан «бисмиллә» деп жей бергеніңіз абзал. Бастысы ет – адал малдың еті болуы тиіс. Ал, ол «бисмиллә» айтылып сойылған малдың еті ме, жоқ па? - ол жағы сізге белгісіз. Сондықтан да, әр қонаққа барғанда еттің адал не арамын сұрап жату артықтау болады. Қазақ халқы – төрт түлік малдың етін жейтін мұсылман халық. Оның мұсылман екендігіне қарап асының да адал екендігіне үкім беріледі. Бұл - Имам Ағзам Әбу Ханифаның (Алла оны рахымына бөлесін) жолы.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына бір риуаятты келтірелік:

Имам Мұхаммед айтады: Әбу Ханифаның бізге Хаммадтан жеткізген мәліметінде (тәбиғин) Ибраһим (ән-Нәхәъи) былай деген:

«Бір мұсылман адамның үйіне кірсең оның тағамын же. Сусынын іш. Еш нәрсе сұрама (яғни, асының адал-арамын сұрама)».

Осы риуаятты келтіргеннен кейін Имам Мұхаммед (Алла оны рахымына бөлесін) сөзін жалғап: «Біз «еш нәрседен күмәнданба» дегенді  аламыз. Және ол  - Әбу Ханифаның (рахимаһулла) сөзі» - деп қорытындылайды[1].

Осыған мазмұндас тағы бір риуаятты келтіргеннен кейін де Имам Мұхаммед (р.а.):

«Осыны ұстанамыз. Оның еш ағаттығы жоқ, әрине, егер ол астың нақты жаман екенін (арам екенін) білмейтін болса. Бұл - Әбу Ханифаның сөзі» - дейді.

Сондай-ақ, деректерге қарағанда сахаба Абдулла ибн Мәсғудқа (радияллаһу анһ) бір адам келіп:

Менің өсім жейтін көршім бар. Ол қоймай, мені қонаққа шақыра береді (не істесем болады?) – деп сұрайды, өсімнен түскен ақшаға алынған азық-түліктің арам-адалдығына күмәнданып.  Сонда сахаба Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) оған:

- Оны құттықтау – сенің міндетің (яғни, шақыруына жауап беру сенің міндетің). Ал, күнәсі өзіне, - деп жауап береді. Осы риуаятты жеткізген Суфян әс-Саури: «Егер, дәл сол харам ақшаға алынған асты танып тұрсаң, оған тиме» - деп қосымша өз пікірін де білдіріп өтеді[2].

Қорыта айтқанда, құдай тамақтарда немесе туған-туыстардың үйіне барғанда, яки, әдеттегідей көрші-қолаң, дос-жарандар қонаққа шақырып, алдыңызға ас қойылғанда, ондағы еттің - бисмиллә айтылып сойылған малдың еті ме, жоқ па, екендігін сұрап жатудың қажеті жоқ. Күмәнданбай, бисмиллә айтып жей бергеніңіз жөн. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбәни: «әл-Әсәр». (879).
[2] Абдурраззақ ас-Санаъани: «әл-Мусаннаф» атты хадис жинағында келтірген. Шейх Мұхаммед Тақи Усмани: «Фиқһуль Буюъ». 2/1004 бет.

Абдусамат Қасым