"Көрісу" дәстүрінде ер кісілер әйел адамдармен қол алысып жатады, бұған шариғат қалай қарайды?
"Көрісу" дәстүрінде ер кісілер әйел адамдармен қол алысып жатады, бұған шариғат қалай қарайды?
2 жыл бұрын 6491

Ассаләмуғалейкум! Көрісу күнінде ер адамдар әйел адамға амандасып қолын ұсынып жатады. Әйел адамның ер адаммен көрісуіне шариғат қалай қарайды? Жалпы махрам емес ер адаммен амандасу дұрыс па?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қазақ ұлтындағы «көрісу» амалы еліміздің кейбір өңірлерінде әлі күнге дейін өз барлығын сақтап келеді. Жылда наурыздың он төрті күні көрші-қолаң, жора-жолдас, ағайын-туыс бір-бірімен амандасып, көрісіп, жақсы тілектерін білдіріп жатады.  

Алайда өзіңіз айтпақшы, көрісу салтында бір-біріне жақын туыстығы жоқ ер мен әйел кісілер бір-бірімен қол алысып көрісіп жататындығы рас. Сондықтан да, «көрісу салты» делінгенде ойға ең бірінші - «бөтен әйелмен қол алысып амандасу күнә емес пе?» деген сауал оралады.  

Шариғатта, егде жасқа жеткен апа, әжелермен немесе әйел кісілердің қария аталармен қол алысып амандасулары, Ханафи мәзхабында күнә емес. Ал егде жасқа жетпеген және араларында туыстық байланысы жоқ, махрам емес ер мен әйел кісілердің қол алысып амандасулары төрт мәзхабтың төртеуінде де «харам» саналған, яғни, күнә іс. 

Десек де, бірен-саран дін ғалымдары бұл үкімді «егер арада фитна туындау қауіпі болса ғана харам» деп шектеу қойған. Бұл дегеніміз, «егер фитна туындау қауіпі болмаса, қол алысып амандаса беруге болады» деген сөз. Бұл уәжді көлденең тартушы дін мамандарының арасында Доктор Али Жумъа, Доктор Юсуф әл-Қардауи сынды қазіргі заманның белді дін ғалымдары бар. Бұлардың айтысына қарағанда, әйел мен ер адамның қол алысып амандасуы жергілікті әдет-ғұрыпқа байланысты нәрсе. Әдет-ғұрыпта қол алысып амандасу үрдісі бар болса, күнә емес. Бастысы – амандасу әрекеті бөтен ойлар тудырып, фитнаға жетелемеуі тиіс. Бірақ, егер фитна тудыратындай қауіп бар болса (мысалы, құмарлығын оятып, зинаға жетелеу қауіпі бар болса, бөтен ойлар туындаса т.б.), ондай кезде бөтен ер мен әйелдің қол алысып амандасуларына болмайды, дейді олар.

Ендеше, біздің елдегі діндар кісіге көрісу күні не істемек керек? – десеңіз, оған жауап ретінде айтарымыз: көрісу күнінде арада жақын туыстығы жоқ әйел кісілермен көрісерде бірінші болып қолды созбай, мүмкін болса, тек бас изеп немесе қолды кеудеге қойып амандасып, сөз жүзінде тілектерін білдіріп, осылай ырымын жасауға тырысқан абзал. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!   

Абдусамат Қасым