Домбыра тарту күнә емес дегенге дәлел бар ма? Домбыра харам ба?
Домбыра тарту күнә емес дегенге дәлел бар ма? Домбыра харам ба?
8 жыл бұрын 40599

1.Сұрақ: Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын. Менің сауалым мынадай: әйелім өнер колледжін тәмәмдап, ұлттық аспаптар ішінен домбыраны тартады. Қазір жұмыссыз. Бес уақыт намазын оқиды. Енді, сол мамандық бойынша жұмыс істей ала ма? Жалпы, апаптармен үйде өзі тартуының шариғатымызда үкімі қандай?

Руслан.

2. Сұрақ: Әссәләмуғалейкум! Сұрайын дегенім, домбыра тартудың харам еместігін нақты көрсететін дәлел болса, айтыңыздаршы! Әлсіз де болса, айтылған бар ма?

Дәурен

3. Сұрақ: Әссәләмуғалейкум! Домбыра тартуға бола  ма?

 Акимова Мәлика

4. Әссәләмуғалейкум қыздарым домбыраға қатысатын еді. Ал, ұлым гитараға. Шариғатқа қайшы емес пе?

Лейлә.  

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Домбыраға байланысты айтар болсақ, деректерде Шафиғи ғұламасы Имам Харамейн өзінің «ән-Ниһаятуль Матлаб...» атты үлкен еңбегінде былай дегендігі айтылады:

«Сенімді тарихшылардан жеткен дерек бойынша, сахаба Абдулла ибн Зүбәйрдің «уд», яғни, «лютня»аспабында ойнайтын күңдері (рабыня) бар еді...».

«Абдулла ибн Омар оның (Абдулла ибн Зүбәйр) үйіне кіргенде қасында «уд» тұрған еді...»[1]

Сондай-ақ, Хафиз Ибн Хазм өзінің «әл-Мухалла» атты еңбегінде сахаба Абдулла ибн Омар мен Абдулла ибн Жаъфардың (р.анһума) «уд» аспазымен айтылған әнді тыңдағандарын айтқан. Ибн Хазм былай дейді: «Міне Ибн Омар мен Ибн Жаъфар, ол екеуі «уд»пен айтылған әнді тыңдаған...»[2].

Осы риуаяттардағы «уд» сөзі - домбыраға ұқсас шертпелі музыка аспабын білдіреді. Арапшасы - عود/уд. Оның шанағы домбыраға, ал, мойны қобыздың кежегесіне ұқсас келеді.

Кейбір деректерге қарағанда, Мәлик ибн Әнәстің мәзхабында ішекті аспаптардың мубах екендігі айтылады[3].

Ендігі жерде, жоғарыда келтірілген деректерге қарасақ, қазақ домбырасын харам дегеннен гөрі, халал деген дұрыс.

Жалпы алғанда, ән тыңдау мен музыкалық аспаптарда ойнау мәселесі сонау ерте заманнан бері жалғасып келе жатқан дау-дамайлардың бірі. Әлі күнге шейін күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырып. Музыкалық аспаптарда ойнауды ертеректе өмір сүрген Ислам ғалымдарының көпшілігі харамға шығарып, мүлдем болмайды десе, бір сыпырасы рұқсат берген. Рұқсат деушілердің арасында абыройы асқақтаған беделді ғұламалар да бар.

Енді, мұнша дау, таластың тууына себеп болған не нәрсе? Әрине, оның себебі екінші топтағы ғалымдардың нәпсіқұмарлығы немесе тақуалықтарының аздығы емес. Харамдығын көрсететін нақты бұлтартпас дәлелдің жоқтығы. Бұған қоса, оған себеп болған тағы бір нәрсе - кейбір сахабалар мен табиғиндердің ән тыңдап, тіпті кейбірі кей музыкалық аспапты мақұл көргендігін білдірген базы риуаяттарды атасақ болады.   

Ал, музыка аспаптардың харамдығын айтқан «Сахих Бұхари» мен Имам Тирмизидің «Сүнән» атты хадис кітаптарындағы риуаяттар - «ән-күйді» рұқсат санаған ғалымдар тарапынан (оның ішінде хадис майталмандары да бар) «әлсіз» деп танылып, оған сүйеніп аспапты харам деп кесіп айтуға болатындай нақты емес» делінген. Әсіресе, «Сахих Бұхари» кітабында келтірілген хадис «мунқатиъ» және «мудтараб» екендігі анықталған[4]. 

Əйткенмен, «әннің де естісі бар, есері бар» демекші, шахуатты оятатын, адамды азғындыққа баулитын т.б. есер әндерді шырқап, оларды тыңдау харам екендігінде ғалымдар арасында дау жоқ. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым


[1] Абдульғани ибн Исмаъил ибн Абдульғани ән-Нәблуси әд-Димашқи әл-Ханафи: Идахатуд дәләләт фи сәмәъиль Әләәт».
[2] Әбу Мұхаммед Али ибн Ахмад ибн Саъид ибн Хазм аз-Заһирий: «Әл-Мухәлла фи шәрхиль Мәжәллә бильХужәжи уәл-Әсәр».
[3] Бәдруддин Мұхаммед ибн Али ибн Мұхаммед әш-Шәукәний «Фәтхур Раббани»: 5206-5207 б. Санъа-Йемен. «Мәктәбәтуль Жәйлиль Жәрир».
[4] Бәдруддин Мұхаммед ибн Али ибн Мұхаммед әш-Шәукәний «Фәтхур Раббани»: 5210-5222 беттер. «Мәктәбәтуль Жәйлиль Жәрир». Санъа-Йемен.