Боқтап сөйлеу қаншалықты күнә?
Боқтап сөйлеу қаншалықты күнә?
10 жыл бұрын 36794

Ассаламу алейкум! Алла разы болсын сіздерге. Қазіргі таңда боғауыз айту көбейіп кетті, менің жан-жағымда жүрген жолдастарым сөзіне боқтық араластырып айтады. Соларға осының дұрыс емес, міне оған дәлел дейтіндей боғауыз жайында аят-хадистер бар ма? Қайыржан Асайын.

Уағалейкумуссалам! Қайыржан, боғауыз сөз айту кез келген қоғамда әдептілік нормаларына теріс саналатыны сөзсіз. Көркем мінезді толықтыруды мақсат тұтатын дініміздің де мұндай сүйкімсіз нәрседен тыятыны анық. Тирмизидің хадис жинағында келген риуаятта ардақты Пайғамбарымыз былай дейді:

«Аллаға иман еткен кісі міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді(بَذِىءٌ) емес»[1]

Аталмыш хадисте өзін мүмин санайтын кісі ішкі жан дүниесіне жиі ұңіліп, әлгіндей сүйкімсіз қылықтар байқалған жағдайда, олардан тезірек арылу керектігіне ишара еткен.  

Тағы бір хадисінде былай дейді:

«Қиямет күні  кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла тағала боғауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді»[2] [ الفاحش البذيء ].  

Осы хадистегі "Алланың ашуы келеді" деген сөз - боғауыз айтудың күнә екендігін білдіреді.

Имам Бухаридің хадис жинағында келтірілген басқа бір хадисте әке-шешеден сыбаудың үлкен күнәлар қатарына кіретіндігі айтылған. Ол хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Үлкен күнәлардың ішінде ең ауыры - кісінің өз ата-анасына лағынет айтуы, – деді. Сонда одан бір кісі:

- Қалай өз ата-анасына лағынет айтуы мүмкін, уа, Расулалла? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у):

- Кісі біреуді әкесінен сыбайды. Ол да оны (жауап ретінде) әке-шешесінен сыбайды. (осылайша біреу арқылы өз ата-анасын боқтаған болып отыр)[3]», – деп жауап береді.

Ендеше, мұсылмандардың боғауыз сөзден бойларын аулақ ұстаулары тиіс.


[1]Тирмизи, «Китабуль бир», №1977 хадис.
[2]Тирмизи, «Китабуль бир», №2002 хадис.
[3]Бухари, «Китабуль Әдәб», №5628 хадис.

Абдусамат Қасым