Қабірде рух қайта денеге кіреді ме?
Қабірде рух қайта денеге кіреді ме?
10 жыл бұрын 18505

Адам қайтыс болып қабірге жерленгеннен кейін, екі періште келіп сұрақ сұрайды. Менің білгім келгені сұрақ сұрау барысында рухымыз денемізге қайта оралады ма? Дәурен

Қабір әлемі – біздің күнделікті көріп, сезіп жүрген материалды өмірден тыс әлем екені белгілі. Ондағы құбылыстарға ақыл-ой жүгірту мүмкін емес. Оған байланысты мәліметтерді тек жаратушы иеміз Ұлы Алла Тағаланың сөзі Құран аяттарынан немесе Оның елшісі Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хадистерінен ғана біле аламыз.

Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде, адам қайтыс болғаннан кейін қабірде рухы қайта денесіне оралады да[1], содан соң екі періште оны отырғызып қойып сұрақ сұрайды» делінген[2].  

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:

«Қабірде Мүнкәр-Нәкирдің сұрақ сұрауы шындық және (сұрақ сұралу барысында) қабірдегі пенденің рухы денесіне оралатындығы да шындық»[3].

Ендеше, қайтыс болған адамның рухы екі періште сұраққа алу барысында өлі денесіне оралады[4]. Одан ары қарайғы қабір өмірінде рухының денесінде қалуы немесе қалмауы мәселесінде ашық, әрі, нақты дерек жоқ, дегенмен де, Әһли сүнна ғалымдары: «Алла Тағала қабірдегі мәйітке, азапты сезу үшін немесе рахаттықты тату үшін бейнебір «тірілік» жаратып қояры сөзсіз» деген[5].

Бұл жайында Мәтуриди ақидасы ғұламаларының бірі Әбу Муъин ән-Нәсәфи: 

«Жаратушымыз қайтыс болған адамға кәпір болса азапты, ал мүмін-мұсылман болса рахаттықты тататындай бейне бір жан бітірері сөзсіз... Алла Тағаланың мына сөзі де соны меңзеп тұр: «Раббымыз, біздің екі рет жанымызды алып, бізді екі рет тірілтті»[6], – делінген аятта. Бұл құбылыс рухтың өлі денесіне қайта оралуы арқылы да болуы мүмкін немесе өлі денеге рухты оралтпай-ақ, өз алдына бейне бір тірілік жарату арқылы жүзеге асуы да мүмкін. Бұл жайында ғалымдарымыз нақты сөз етпеген...», – дейді ғұлама[7].

Кәләмші Саъдуддин әт-Тәфтәзани де: «Қабірде рахатты немесе азапты татуы үшін Алла Тағала бейне бір тірілік жаратады. Бұл жерде рухының денесіне кіруі шарт емес... Тіпті өлі денесінде азаптың белгісі байқалмауы да мүмкін.Тіпті, денесі суға батып көмілмей қалса да немесе денесі хайуандарға жем болса да... қабір азабын (немесе қабір рахаттығын) татады,- дейді ғұлама[8].


[1] Әбу Дәуід: «Сүнән». №4753 хадис; Имам Ахмәд: «Муснәд». №18063.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» – әл-Жәнәиз. №1308 хадис.
[3] Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит: әл-Фиқһуль Әкбәр.
[4] Әл-Бәқиләни: әл-Инсаф. [тахқиқуху лил-Кәусәри].
[5]Мулла Алиюль Қари: «Минәхур Раудыйль Әзһәр фи шархиль Фиқһиль Әкбар». 294 бет. «Дәруль Бәшәируль Исләмия». Бейрут-Ливан. 1998 ж.
[6] Құран Кәрім: «Ғафир» сүресі, 11 аят.
[7] Әбу Муъин ән-Нәсәфи: «Тәбсыратуль Әдилла». 2 том. 1034 бет.
[8] Имам Тәфтәзани: Шарху Әл-Ъақидату ән-Нәсәфия – 67 бет. 

Абдусамат Қасым