Би билеудің Исламдағы үкімі
Би билеудің Исламдағы үкімі
4 ай бұрын 3797

Ассаламуғалейкум! Осы ер адамның билеуіне шариғатта тыйым бар ма? Бөгенбай Әлімжан.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматтуллаһи уә бәракәтуһ!

Би билеудің үкімі жайында Исламдағы мәзхаб ғалымдары әртүрлі үкім бекіткен. Атап айтсақ:

  1. Ханафи мәзхабында би билеуге болмайды, ол күнә, харам іс1. Ханбали мәзхабы мен Мәлики мәзхабтарында да билеу тыйым салынған2.
  2. Шәфиғи мәзхабында майыспай, бөксесін бұлғақтатпай билеуге болады. Имам Нәуәуи (р.а.) фиқһ кітаптарының бірінде: «Би - харам емес. Бірақ, Халими айтқандай: хунасалар секілді майысып, бұлғақтап денесін сындырып билеу әйелге де, еркекке де харам»- дейді3.
  3. Заһири мәзхабында айт күндері билеуге болады. Зәһири мәзхабының белді мүшесі дін ғалымы Ибн Хазм (рахимаһуллаһ) былай деген: «Екі айт күндері мешітте және мешіттен тыс жерлерде ән айтып, ойын ойнау және би билеу жақсы нәрсе»4.
  4. Сопылық жолындағылардың биге рұқсат беруі. Кейбір сопылық мектептерінде зікір мәжілісі кезінде «зікір мазмұндас» өлеңдерді тыңдап, одан рухани ләззәт алудың нәтижесінде дәруиштер орындарынан тұрып теңселіп, айналатын болған. Оны «рақс» немесе «сема»سماع») дейді немесе бір орында айналғандықтан ондай қозғалысты «дәуаран» деп те атаған. Мұндай би түрін әдеттегі билермен шатастырмау керек. Сема - дәруиштердің бір орында айналып, зікір мазмұндас өлеңдерді оқулары деген сөз. Сема дегенде, көбіне «мәуләуи» тариқатындағы рақс (би) түрі еске түседі. Ол (сема) трансқа түскен дәруиштің бір орында айналуынан тұрады. Осыған байланысты, мынадай әңгіме айтылған: мәуләуи тариқатының қайнаркөзі саналатын Жәләлуддин Руми нәзік рухты жан болған екен. Бір күні Руми жергілікті зергердің бірінің қасынан өтіп бара жатып, оның сәндік бұйымдарды зерлеп жасап жатқандағы дыбысқа қатты жосып кетіп, бесін уақытынан асыр уақытына дейін айналып «сема» жасап, өлең оқыпты деседі. Сопылық зікір мәжілістеріндегі «рақс» пен «сема» би түрлеріне Имам Изз ибн Абдиссәләм (р.а.), Имам Суюти (р.а.) және Имам Ғазали (р.а.) сынды дін ғұламалары рұқсат берген. 

Қорыта айтқанда, қазіргі таңдағы көпшілігіміздің түсінігіміздегі заманауи би түріне дінде рұқсат деп айта алмаймыз, себебі қазіргі таңдағы билер,

  • біріншіден - бөтен әйел мен еркектің билеуінен тұрады,
  • екіншіден - құр тенселуден гөрі, онда жынойнақтық басым, әрі уақыт өткен сайын биден ұят кетіп жатқандығы жасырын емес. Ал тақуалықты алдыңғы қатарға қоятын Ислам діні мұндай би түрлеріне рұқсат бермесі анық.

Бірақ дәстүрлі қазақ билері мұндай харам істерден барынша аулақ екені белгілі. Мәселен, дәстүрлі қазақ би өнерінде өңкей қыздар ұзын әрі кең көйлекпен, бастарында сәукеле - қамажай билесе, ал ер жігіттер болса, майыспай, сызылмай қамшы, қылышпен қазақи би өнерін паш етіп жатады. Мұндай би түрлері Исламға қайшы емес. Сахих хадистерде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осындай дәстүрлі би түрлерін тамашалағандығы айтылған. Бұл жайында Әзіреті Айша анамыз былай әңгімелейді: «Айт күні эфиопиялықтар келіп, мешітте биледі. Алла елшісі (с.а.у.) мені шақырды. Мен басымды Оның (с.а.у.) иығына қойдым да, назарымды өзім алып қашпайынша олардың ойындарына қарадым (яғни, ығырым шыққанша билерін тамашаладым деген сөз)»5. Осы хадистің арабша нұсқасында «язфину» етістігі қолданған, ол «билеу» деген ұғымға саяды.

Одан бөлек, ер адамның өз үйінде әйелімен немесе балаларымен билеп көңіл көтеруінің де діни тұрғыда ағаттығы жоқ. Бұған қатысты Пайғамбарымыздың сүйікті қызы Фатима анамыздың өзінің баласы Хасанды билеткендігі риуаяттарда айтылған6.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Уа ахиру даъуәнә әнильхамду лилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


«Хәшияту Тахтәуи»; «Роддуль Мұқтәр».
Ахмед ас-Сауи: «Хашиятус Сауи аля Шархис сағир».
Имам Нәуәуи: «Раудотут Толибин».
Ибн Хазм: «әл-Мүхәллә биль-Әсәр». Екі айт тамазы тақырыбы.
«Сахих Мүслім». №892 хадис.
Ибн Әсир: «ән-Ниһәяту фи ғорибиль Хадис». Зәфн.