Тұмар тағуға бола ма?
Тұмар тағуға бола ма?
6 жыл бұрын 8120

Ассалаумағалейкум! Кейде жас балдардың немесе үлкендердің тұмар тағып жүргенін байқаймыз.  Менің естуім бойынша шариғатқа теріс дейді. Осы қаншалықты рас? Қанат

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Жалпы тұмар тағуды Пайғамбарымыздың тыйғаны рас. Ол өзінің бір хадисінде: «Кім тұмар тағатын болса, Алла Тағала оған денсаулық бермесін»[1] десе, басқа хадисінде: «Кім тұмар тақса, Аллаға серік қосқаны», – дейді. Осыған қарап сахабалардан Абдулла ибн Мәсъуд, Абдулла ибн Аббас, Хузайфа, Ъуқба ибн Ъамир  тұмарға түбегейлі қарсы шыққан.

Бірақ, Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) аталмыш хадисіндегі тыйым – жәһилия (надандық) дәуіріндегі арабтардың жақсылықты шақырып, жамандықты қайтарады деген сеніммен тағатын және ілетін тұмарларға қатысты[2]. Ал, жақсылық та, жамандық та бір Алладан екендігіне сене отырып, ішіне Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінде кездесер дұғалар жазылған тұмарларды немесе Алланың есімдері мен сипаттары жазылған тұмарларды «теберік» ретінде тағудың ағаттығы жоқ.

Ондай тұмар түріне рұқсат деушілер сахабалардан – Абдулла ибн Амр ибн Ас. Табиғиндерден – Мүжәһид, Даххак, Ата ибн Рабах (р.а.).

Сондай-ақ. Ханафи, Мәлики, Шәфиғи мәзхабы ғалымдары, бір риуаят бойынша Имам Ахмед те Құран аяттары жазылған тұмарға рұқсат деушілер қатарынан саналған[3].

Осы айтқандарымыз дәйекті болуы үшін, оған қатысты бірнеше риуаяттарды келтіре кетелік. Хадисші ғұлама Ибн Әби Шәйбәнің хадистер жинағында мынадай риуаяттар орын алған:

  • · «РасулАлла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтқан: Кім ұйқысында шошып оянса, былай деп айтсын: «Әғузу бикәлимәтилләәһит тәммәәти мин ғадабиһи уә иқообиһи уә шарри ибаадиһи, уә мин һамәзәтиш шаятыйн. Уә ағузу бикә Рабби, ән яхдурун». Абдулла бұл дұғаны өзінің есі кіріп қалған балаларына үйрететін де, ал есі кірмеген балалары үшін оны жазып, тағып қоятын[4].
  • · Тәбиғин Мүжәһид адамдарға «тәъуиз» (Құран аяты жазылған тұмарды) жазып, оны оларға тағып беретін[5].
  • · Юнус ибн Хәббәб былай деген: «Мен Жағфардан (ас-Садыйқ) кішкене балаларға Құран аяттары жазылған тұмар («тәъуизді») тағып қою жайында сұрағанымда, ол оның рұқсат екендігін айтты»[6].
  • · Даххак, Алла кітабынан бір нәрсе жазылғанды (тұмарды) адамның тағып алуын ағатты нәрсе емес деп есептеген, әрине, егер ғұсыл алатын кезде немесе әжетханаға кіретін кезде шешіп қоятын болса[7].

Бұнымен қатар, Ханафи ғұламасы Ибн Ғабидиннің тұмар жайында айтқан мынадай сөздері бар:

  • «Мүжтәбә» атты кітаптан көргенім: «Мәкруһ болған тұмар ол – Құран аяты жазылмаған тұмар».
  • Егер ішінде Құран аяттары немесе Алланың есімдері жазылған болса, тұмарлардың (муъауәзәт) ағаттығы жоқ.
  • Араб тілінен өзге тілде жазылған тұмар (ъаузә) мәкруһ болады, Өйткені, адам онда не жазылғанын білмейді, мүмкін (жазған адам, оған) сиқыр, не күпір, не одан басқа теріс нәрселерді кіріптар еткен шығар. Ал Құран аяттарынан болған әлдебір аят немесе дұғалардан бір дұға жазылған (тұмардың) ағаттығы жоқ[8].

Осы орайда айта кету керек, Құран аяттары жазылған тұмарларды таққан мұсылман, ең әуелі жамандықты бейтарап етуші де, жақсылықты нәсіп етуші де және әлдебір сырқатқа шипа беруші де Алла екендігіне кәміл сенген болуы керек. Тұмардан медет тілеу, оны қорған біліп, қорғаштаушы күш ретінде қабылдау және әлдебір жақсылықты Құдай Тағаладан күтудің орнына, тұмардан күту – күнә іс. Жақсылық та, жамандық та Алла Тағаладан.

Қорытындылай айтқанда, тұмардың ішіне Құран аяттары жазылған болса да, оны тек сәбилерге таққан абзал. Ал үлкендер тұмар таққаннан гөрі Құран аяттарын жаттап, соларды оқып, өздеріне дем салып жүргендері жөн. Бұлай істеу – ардақты Пайғамбарымыздың сүннетіне сай. Пайғамбарымыз (с.а.у.) түнде жатарда «ықылас», «фәләқ» және «нас» сүрелерін оқып, екі алақанына үрлейтін де, басынан бастап қол жеткен жерлерін сипап шығатын. Осылай үш рет істейтін[9].  Сондай-ақ, Алла елшісі «фәләқ» пен «нас» сүрелерін жын-шайтанға қарсы және көз тигенге қарсы оқып жүретін[10].


[1] Имам Ахмәд ибн Хәнбәл: «әл-Мүснәд». №16781;
[2] Дәруль Ифта әл-Мысрия. Мысыр. 30.03.2014 ж.
[3] Уәзәратуль Әуқаф уәш шу-униль Исләмия: «Әл-Маусуғатуль Фиқһия әл-Кувәйтия». 14 том. 30 бет./ 13 том. 32,33 бет. Кувейт. 1988ж.
[4] Әбу Бәкір Абдулла ибн Мұхаммед ибн Әби Шәйбә: «әл-Мусаннафу ли-ибни Әби Шәйбә». №24013.
[5] Әбу Бәкір Абдулла ибн Мұхаммед ибн Әби Шәйбә: «әл-Мусаннафу ли-ибни Әби Шәйбә». №24011. 
[6] Әбу Бәкір Абдулла ибн Мұхаммед ибн Әби Шәйбә: «әл-Мусаннафу ли-ибни Әби Шәйбә». №24017
[7] Әбу Бәкір Абдулла ибн Мұхаммед ибн Әби Шәйбә: «әл-Мусаннафу ли-ибни Әби Шәйбә». №24018
[8] Мұхаммед Әмин ибн Омар ибн Абдуль Азиз мәшһур би-ибн Абидин Димашқи: «Раддуль Мұхтәр аляд дурриль мұхтәр».  9 том. 523 бет. «Дәру Алимиль Кутуб». Рияд. 2003 ж.
[9] Имам Тирмизи: «Сүнән» – Дағауат. 22 баб. №3462 хадис.
[10] Имам Тирмизи: «Сүнән» – Рұқя биль Муъаууәзәтәйн. №2058.

Абдусамат Қасым